Қырым Ресейдің уысынан сусып шығып бара жатқанға ұқсайды

2861

Осы аптада, 21 ақпанда РФ басшысы Владимир Путин Кремльде Федералдық жиынға (Мемдума мен Сенат біріктіріліп, осылай аталады) арналған жолдауын жариялағанда, бұл салтанатты рәсімге бір топ биік лауазымды тұлға қатыстырылмағаны сарапшылардың таңданысын туғызды. 

Қырым Ресейдің уысынан сусып шығып бара жатқанға ұқсайды Фото: en.topwar.ru

Кремльдің салтанатты "Гостиный двор" алып залы көршінің саясат сахнасындағы ірі тұлғаларды тегіс сидыратын еді. Тіпті соғыстан оралған әскерилер де, әншілер де, пропагандистер мен блогерлер де шақырылды.

Алайда аққұла Мәскеу мэрі Сергей Собянин, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров, Қырым басшысы Сергей Аксенов, "Вагнер" жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин және Украинада соғыс салған ресейлік әскерилердің Біріккен тобының экс-қолбасшысы, генерал Сергей Суровикин залда болмапты. Бұл жайт шетелде ғана емес, Ресейдің өз ішінде түрлі қауесет тудырды. Бірақ оларды жоққа шығаруға Мәскеудегі тараптардың ешқайсысы асығатын емес. Тек Пригожин ғана Путиннің жолдау жариялауы рәсіміне қатыспағанына қуанышын былапыт сөзбен жеткізді. 

Осы орайда кезінде бір оқ атпастан, Қырым түбегінің Ресей құрамына кіруіне үлес қосқан, сол еңбегі үшін Қырым республикасының басшысы лауазымына тағайындалып, 2014 жылдан бері соны табан аудармай басқарып келе жатқан Сергей Аксенов тосын қадам жасады. Ол РФ қорғаныс министрлігімен ашық тайталасында Евгений Пригожинның жағына шығатынын мәлімдеді.

Бұдан бұрын, "Вагнер" ЖӘК басшысы өзіне қарасты медиа топ арқылы бір аптадан астам уақыт бойы Ресейдің қорғаныс ведомствосының жер-жебіріне жетіп, аясыз сынады. Оның айтуынша, армия "вагнерліктерге" снаряд жеткізуді доғарған. Салдарынан, Пригожиннің өзі генералдарға хабарласып, оқдәрі сұрауға мәжбүр болыпты. Ал олар жоғарғы жаққа нұқып көрсетіп: "алдымен содан кешірім сұрауыңыз керек" деген екен. Қанқұйлы ұйымының басшысы қорғаныс министрі Сергей Шойгуден кешірім сұраудан бас тартатынын жариялап, соғыс жүріп жатқанда оның баласы (қызы) Дубайда сауық-сайран салғаны үшін министрді қатты сынады.

Артынша Пригожин өз содырлары ұрыс салған Донецк майданына қару-жарақ жеткізіле бастағанын растады.

Бірақ дәл осы кезде оккупацияланған Қырым басшысы Сергей Аксенов төл видеоүндеуін жария етті. Соңғы кезде ол мүлдем естілмей, РФ федералдық телеарналарынан жоғалып кеткен еді. Сондықтан бұл қадам пропаганда үшін де күтпеген жайт болды. "Орыс көктемінің қаһарманы" деп дәріптелген Аксенов Қырымда өзін патшадай сезінетін, РФ федералдық құзырлы органдарынан қорықпай, Қырымда ойына келгенін істейтін. Бірақ соның өзінде Мәскеуге қарсы мұндай мәлімдеме жасамапты.

Сергей Аксенов әдептілікті, саяси сыпайылықты былай ысырып қойып, Мәскеудегілерді "жоғарғы жазаға кесетін" уақыт жеткенін білдірді.

"Мен Евгений Пригожинді, "Вагнер" ЖӘК және басқа еріктілерді қолдаймын, олар әскери міндеттерін орындап жатыр, – деп мәлімдеді С.Аксенов. – Қорғаныс министрлігіндегі оқ-дәрілерді жеткізуге жауапты ең жоғарғы лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке жүгіндірген жөн деп санаймын. 1944-1945 жылдарды мұндай бастықсымақтар жоғарғы жазаға кесілетін еді. Ондай үкімдерден кейін қалғандары ақылға келіп, өз міндетін әлдеқайда жауапты орындай бастар еді. Мәскеудегі шенеуніктер трибуналға тапсырылуы мүмкін, соған дейін оларды қарулы күштердің бөлімшелерін оқ-дәрмен қамтамасыз ету бойынша төл міндеттерін шұғыл орындауға шақырамын", – деген Қырым басшысы.

Аксеновтың мәлімдемесінен кейін республикадағы пропаганданың басты рупоры саналатын "Крым 24" телеарнасы аталған заңсыз жеке әскери компанияны белсенді насихаттап, дәріптей бастады. Тіпті оның жарнамасы түбектегі қоғамдық көліктерде паш етіліп жатқан көрінеді. "ВЧК-ОГПУ" телеграм-каналы өз дереккөздеріне сілтеме жасап, "Вагнердің" жаттығу базалары Ресейден аннексияланған Қырымға көшірілуі мүмкін деп хабарлады.

Халықаралық сарапшылар Аксеновтың жеке әскери компанияға арқа сүйеуін оның ресейлік армияның қауқар, қуатынан көңілі қалғанымен түсіндіреді. Батыстың ғаламат көмегімен, мыңнан астам сауытты техника жеткізілісімен, көктемде Украина контршабуылға шығуға дайындалуда. Басты мақсат – Қырымды азат ету болмақ.

В.Путиннің бұрынғы спичрайтері, политтехнолог, саясаттанушы Аббас Галлямов Novaya Gazeta Europe басылымына сұхбатында Аксенов–Пригожин коалициясын Кремльдің Қырымдағы тұғырының әлсірегені ретінде бағалауға болатынын айтты.

"Ресей Қырымды басып алғанда, ол мақтаныштың қайнарына айналды. Бүгінде көтере алмас шоқпарды беліне байлағанын түсініп отыр. Себебі, соғыс жағдайында Қырым проблемалардың қайнарына айналды және бұрынғыдай жан жылытар жағымды сезімдер тудырмайды. Оның үстіне Кремльдің Украинамен бейбітшілік туралы келісуіне бірінші кезекте дәл осы Қырым кедергі. Өйткені Донбасты қайтару Минск келісімдерінде көзделген болатын. Ал Украина енді Қырымды да қайтаруды талап етіп жатыр. Ресей Қырымды қайтара алмайды, онда онсыз да аз қалған барлық беделінен, айбынынан жұрдай болады. Сонымен бірге Мәскеу шығыны тоқтаусыз өскен дотациялық Қырымның өзіне қажет еместігін түсінеді. Менің ойымша, осының бәрін ұғынған әккі Аксенов Қырымды қорғау ісінде ресейлік армияға сенім арта алмайтынын сезеді. Ал Пригожиннің ЖӘК-і Африкада алтын кен орындарына айырбас ретінде диктаторлардың тағын сақтауына қолғабыс етуде", – деді Аббас Галямов.

Саясаттану ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Иван Преображенскийдің пікірінше, РФ қорғаныс министрлігімен ашық қақтығысқан Пригожинді жұртшылықтың көзінше қолдау және соның жағында екенін мәлімдеу – саясаткер үшін басын қатерге тігумен тең.

"Ресейдің билеуші саяси элитасы Пригожинге қатысты нақты сигнал алды. Оның атын атауға енді федералдық телеарналарға да рұқсат етілмейді. Суровикин–Пригожин–Қадыров одағы белгілі бір дәрежеде саясат сахнасынан аласталып жатыр. Суровикин қолбасшылық қызметінен отставкаға жіберілді. Оны жолдау рәсіміне де шақырмаған. Қадыров Біріккен араб әмірліктеріне қыдырып кетті, бірақ демалысын жасырын ұстап, видео да жарияламады. Пригожин өз сұхбатында "Путиннің сөзін тыңдауға шақырса да бармас едім" деп ашығын айтты. Демек, Аксеновтың жоғарыдағы қолдауынсыз жалғыз қалған Пригожиннің шашбауын көтеруі – шынында Кремльге бағытталған салмақты сигнал", – деді Иван Преображенский.

Оның байламынша, оккупацияланған Қырым басшысының тұғыры бұрын ешқашан дәл қазіргідей нашар болмаған, шатқаяқтамаған. Жолдау рәсіміне шақырылмау Ресейде кез келген ірі лауазымды тұлға үшін үкіммен бірдей екен. 

Саясаттанушы В.Путиннің өз бақылауынан шығып кеткен, өз ойынын жүргізе бастаған тұлғаларды суқаны сүймейтінін, құртпай тынбайтынын еске салды. Мысалы, Пригожинге түрмелерді аралап, сотталғандарды "Вагнер" сапында соғысқа тартуына тыйым салды. Онымен бүгінде РФ қорғаныс министрлігі ресми түрде айналысады.

Ендеше саясаттанушылардың болжауынша, С.Аксенов ары қарай батылдық танытуын жалғастырса, онда Қырым республикасының тәуелсіздігі туралы да сөз қозғай бастауы, өңірлік элитасын "материкке" (Ресейге) қарсы көтеруі ғажап емес. Оған жоғалтатын ештеңе қалмай бара жатқан сияқты.

В.Путин 2019 жылғы 20 қыркүйекте Сергей Аксёновты Қырым республикасының басшысы етіп, қайта тағайындады. Оның өкілеттік мерзімі биылғы жылдың соңында аяқталады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу