"Қысымы көтерілуде": Қазақстан экономикасының жағдайы не болады?

4812

Ұлттық банк биыл Қазақстанда инфляция белгіленген дәлізге сыймай, жоғары өрлеп кететінін жасырмады. Сарапшылар баға қымбатшылығының келесі толқындары жабады деп болжайды.

"Қысымы көтерілуде": Қазақстан экономикасының жағдайы не болады?

Ресейде қазіргі кезде кеңес кезіндегідей доллардың "қара нарығы" пайда болды. Ондағы 1 доллардың бағамы – 200-250 рубльден. Ресей қаржыгерлері 1 мың рубльге дейін баруы мүмкін дейді.

Айтпақшы, қазақстандықтар банктерден доллардағы жинақтарын әлі күнге ала алмай жатыр. Осының кесірінен Қазақстанда да доллардың "қара нарығы" қалыптаса бастағанға ұқсайды: OLX және басқа да электронды хабарландыру ресурстарында азаматтар өздері белгілеген бағаммен долларды сатуда. Ондағы сатушылар 1 доллар үшін 750 теңгеге дейін сұрайды.

Дегенмен елге ұшақтармен қолма-қол доллар жеткізілген соң бұл дүрбелең басылуға тиіс. Өйткені АҚШ Қазақстанға санкция енгізген жоқ, Ресейден айырмашылығы, бізге доллар жеткізуге тыйым салмады. Әйткенмен ресейліктерге бағытталған бұл көлеңкелі нарық әрі қарай "гүлдене" беруі мүмкін.

Ұлттық банктің талдауынша, Қазақстандағы инфляцияның одан әрі жеделдеуіне негізгі сыртқы тәуекелдер ықпал етуі мүмкін, бұлар – геосаяси жағдайдың нашарлауы, Ресейде санкциялар әсерінен өршіген инфляцияның Қазақстанға импортталуы, азық-түлік пен энергия ресурстары бағасының өсуі, соған байланысты әлемдегі инфляциялық қысымның жоғарылауы.

Қазірдің өзінде ресейліктердің Қазақстанға келіп, көліктерді, астықты, қап-қап ұн, макарон және басқа тауарларды сатып алып, тасып әкетіп жатқаны туралы деректер әлеуметтік желіні кернеп тұр. Күн сайын сабан ақшаға айналу перспективасы артқан рубльдерінен құтылу үшін Қазақстанға лап қойған солтүстік көршінің тұрғындары өздерімен бірге бізге жоғары инфляцияны ала келеді. Яғни сұраныс өсіп, тауар жетпей қалғандықтан елімізде де баға шарықтап өсе бастайды.

Күні кешегі Жолдауында Президент Үкіметке шұғыл шаралар қабылдауды жүктеген. Әзірге ауыл-аймақта ресейлік сатып алушылар "экспансиясының" тыйылғаны байқалмайды.

Алаңдататыны сол, Ұлттық банк сарапшылары бұл қымбатшылықтың беті тез қайтпауы, ұзаққа созылуы мүмкін деген байламға келіп отыр.

Оған не себеп?

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, әлемдік экономиканың одан әрі дамуындағы негізгі тәуекелдердің бірі – бұрынғысынша жоғары инфляция алғышарттары.

"Алайда бұрынғыдан айырмашылығы сол, енді геосаяси дағдарыс өршіген жағдайда әлемдегі жоғары инфляция неғұрлым тұрақты сипатқа ие болуы мүмкін. Бұған мұнай мен басқа да энергия ресурстарының жоғары бағасы ықпал ететін болады. Сондай-ақ ірі өндірушілер саналатын Ресей мен Украина биыл бидай мен жүгері бағасының өсуіне қосымша үлес қосты. Бұл елдер арасындағы қақтығыс жаһандық жеткізілімдер тізбегін бұзып, жағдайды ушықтырды, тұтынушылардың сеніміне нұқсан келтірді және корпоративтік инвестицияларды төмендетуі мүмкін. Бұл тәуекелдер жекелеген елдердің де, тұтастай әлемдік экономиканың да дамуының баяулауына әкелуі мүмкін", – деп бағалады ведомство.

Ахуалдың нашарлауына көрші Қытайда бас көтере бастаған дағдарыс та түрткі болуы кәдік.

"Қытай экономикасы 2021 жылы 8,1% өсімге қол жеткізгеннен кейін енді бәсеңдейді. Өйткені ҚХР-дің жылжымайтын мүлік секторында борыштық дағдарыс өсіп келе жатыр. Сондай-ақ ішкі тұтынудың әлсіздігі де тежеуші фактор болады. Сонымен қатар Ресейде көптеген қытайлық компаниялардың жұмысын жалғастыруына байланысты АҚШ және басқа дамыған елдер алда Қытайға қатысты "қайталама" санкциялар енгізуі ықтимал. Бұл Қытай экономикасының неғұрлым тежелуіне түрткі болмақ. ҚХР бүгінде ірі инфрақұрылымдық жобаларын іске асыруға аса жоғары мемлекеттік шығын шығаруда", – деп ескертті қазақстандық Ұлттық банк.

Бұл ретте Ресей де, Қытай да – Қазақстанның басты экономикалық серіктестері саналады.  

Әлемде болып жатқан алапат нәубетті Президент Қ. Тоқаев өз Жолдауында "геосаяси дауыл" деп атады. Мемлекет басшысының пікірінше, "қиындық бар, бірақ дүрбелеңге түсуге негіз жоқ".

Ел экономикасы күйремейді деген үміт бар

Қазақстан бұл дауылға біршама әлсіреп кірді. "Қаралы қаңтар" оқиғалары кезінде 11 өңірде бизнес тоқырады, елімізде төтенше жағдайдың жаппай енгізілуі кесірінен ұлттық экономика өсімінің қарқыны бәсеңдеп, қаңтар қорытындысында өсім бар-жоғы 1,4% болды. Бұл рецессияға әлдеқайда жақын көрсеткіш.  

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалиннің тұжырымдауынша, қазақстандық экономикаға бірнеше фактор сүйеу болуға тиіс. Бұлар – біріншіден, шикізаттық тауарлардың, соның ішінде мұнай, газ және метал бағасының жаһандық нарықта шығандай көтерілуі.

Екіншіден, әлемнен "темір шымылдырықпен" оқшауланып жатқан Ресейді айналып өту үшін сауда және көлік ағындары Қазақстан аумағына бұрылуы мүмкін. Осы жүк ағынын тығындап тастамай, лайықты өткізе алу үшін ел Үкіметі Каспий арқылы дәлізді кеңейтуге тырысуда. Қазақстандық делегацияның Әзербайжан мен Грузияға сапарының қорытындысы бойынша бірлескен құжатқа қол қойылғаны белгілі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің дерегінше, құжаттың негізгі мақсаты – "Транскаспий халықаралық көлік" бағыты бойынша тығыз ынтымақтастықты дамыту және бірыңғай логистикалық компания құру. Ресейді айналып өтетін, Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасындағы бұл бастамаға Түркия қосылуға ниетті.

Үшіншіден, Президенттің бастамасымен әзірленіп, құпталған Халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы аясында халықтың үлкен бөлігін қолдауға бюджеттік қаражат бөлінеді. Бұл қазақстандықтардың сатып алу қабілетін сақтауға ықпал етсе керек.

Төртіншіден, Қазақстанда коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуал жақсарыпты.

Р.Оразалиннің мәліметінше, 2022 жылдың ақпан айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция 8,7%-ға дейін жетті. Соның ішінде азық-түлік бағасы 10%-ға, ал азық-түліктік емес тауарлар құны 8,6%-ға өскен. Қымбатшылық әрі қарай жалғасуда. Жыл соңына қос мәнді көрсеткішке жетуі ықтимал. Мысалы, қазіргі наурыз айында кейбір өңірде қанттың 1 келісі 950 теңгеден сатылып жатыр. Астық, жүгері, күнбағыс және басқа ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік бағасының өсуі ұн, нан, макарон, жарма, сұйық май және өзге де өнімдердің қымбаттауына соқтыруы мүмкін.

Қорыта айтқанда, биылғы жыл шынында адамзатқа қиынға түсетін түрі бар. Бірақ дүрбелең-паникаға бой алдыруға болмайды, онымен бәрібір бірде бір іс шешілмейді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу