Қытай әлемнің мұнай және газ кеніштерін қалай жаулап жатыр?

1055

CNPC компаниясы соңғы отыз жылда 33 елдегі активтерді қамтитын жаһандық портфель құра білді.

Қытай әлемнің мұнай және газ кеніштерін қалай жаулап жатыр? Фото: ortcom.kz

Қытай ұлттық мұнай корпорациясы – CNPC-тің шетелдегі өндірісі 2019 жылы алғаш рет 100 миллион метрикалық тоннадан немесе күніне 2 миллион баррель мұнай эквивалентінен асып кеткен. Экономика және технологиялар ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, бұл деңгей әлі күнге дейін сақталып тұр.

Wood Mackenzie консалтингтік компаниясының дерегінше, CNPC және оның биржаларға акция шығарған PetroChina кәсіпорны 2002 жылдан бері Қытайдан тысқары жерлерге шамамен 38,6 миллиард доллар инвестиция салған. Салыстырып көрсек, Sinopec-тің инвестициясы 49,7 миллиард доллар, CNOOC Ltd - 36 миллиард доллар.

LSEG компаниясының келісімдер туралы жазбаларына жүгінсек, ұлттық лидердің шетелдік мұнай кеніштерінен үлес алу белсенділігі 2009-2013 жылдары аса байқалып, CNPC 28 миллиард долларға 29 келісім шарт жасасқан.

Төменде CNPC және PetroChina жасаған негізгі инвестициялардың тізімі келтірілген. Олардың қатарында мұнай өңдеу зауыттары да бар.

Орталық Азия:

Қазақстан – CNPC 2005 жылы мұнай өндірумен, өңдеумен және жанармай маркетингімен айналысатын канадалық ПетроҚазақстан фирмасы үшін $4,1 млрд төледі.

CNPC "АқтөбеМұнайГаз" – CNPC компаниясының Орталық Азия мұнайы мен газына салған алғашқы инвестициясы.

CNPC мен "ҚазМұнайГаздың" әрқайсысы Қазақстандағы төртінші ірі мұнай компаниясы саналатын "МаңғыстауМұнайГаздың" 50% акциясына ие. Сонымен қатар, екі компания да Шымкент мұнай өңдеу зауытына жартылай иелік етеді.

2013 жылы CNPC алпауыт Қашаған кенішінің 8,33 пайыздық үлесін 5,4 миллиард долларға сатып алды.

Түрікменстан – CNPC Әмудария жобасына толық иелік етеді. Бұл компания 2007 жылы табиғи газ өндіруге кірісіп, қытайлық фирма көгілдір отынға инвестиция салған алғашқы шетелдік жобаға айналды. Қазір Түркіменстан – Қытай үшін ең ірі газ жеткізуші.

Ресей

CNPC Ресейде Ямал СПГ (сұйытылған табиғи газ) акцияларының 20%-на, Арктика-2 СПГ-ның 10%-на  иелік етеді. Екеуін де Ресейдегі ең ірі СТГ өндіруші – Novatek компаниясы басқарады.

Таяу Шығыс

CNPC Ирактың Румайла, Батыс Курна, Хафайи және Ахдаб ірі мұнай кен орындарында тәулігіне шамамен 900 000 баррель энергетикалық шикізат өндіреді.

БАӘ – CNPC  мұнда 2018 жылы 1,2 миллиард доллар тұратын 40 жылдық келісім бойынша, екі теңіз кеніші концессиясының әрқайсысында 10% үлесті жеңіп алды. Ал 2017 жылы қытайлық компания Әбу-Дабидегі алып құрлықтық мұнай кенішіндегі концессияның 8 пайыз акциясын 1,8 миллиард долларға иеленген.

Қатар – 2023 жылы сұйытылған табиғи газдың бір экспорттық линиясының 5 пайыз үлесі 27-жылдық контракт бойынша CNPC компаниясының қарамағына өтті.

Иран – CNPC 2005 жылы бұл мемлекеттің MIS мұнай кенішінде өнімді бөлу туралы келісім-шартқа отырып,  2007 жылы алғашқы барлау ұңғымасын жерге салды.

CNPC 2016 жылы табиғи газбен бірге тәулігіне шамамен 80 000 баррель мұнай өндіре бастаған Солтүстік Азадеган кен орнын игеруге миллиардтаған доллар жұмсады. Алайда, 2018 жылы АҚШ Иранға қарсы санкцияларды қайта енгізгеннен кейін, қытайлық компания бұл жерде өндірісті тоқтатқан.

Aзия-Тынық мұхит аймағы:

Австралия – PetroChina 2010 жылы Arrow Energy компаниясын 2,5 миллиард долларға сатып алды. Бұл – қытайлық компанияның Австралияның көмір қабатындағы газ секторына салған алғашқы инвестициясы. 2013 жылы PetroChina 1,63 миллиард долларға Австралияның Броусындағы ең ірі пайдаланылмаған газ ресурсынан BHP-тың үлесін сатып алды.

Индонезия – CNPC 2002 жылы Индонезиядағы Devon Energy компаниясының активтерін 249,9 млн долларға сатып алды.

Сингапур – CNPC мұнда Singapore Petroleum Corp компаниясын толық бақылауға алып, сол арқылы Singapore Refining Company кәсіпорнына жартылай билік етіп отыр.

Жапония –  CNPC Чиба қаласындағы қуаттылығы тәулігіне 115 000 баррельге жететін мұнай өңдеу зауытының 49 пайыз акциясын иеленіп отыр.

Еуропа:

CNPC 2011 жылы британдық INEOS, PetroIneos Trading және PetroIneos Refining фирмаларымен екі бірлескен кәсіпорын құрды. Бұл кәсіпорындар Францияның тәулігіне 210 000 баррельдік қуаты бар Лавера мұнай өңдеу зауыты мен Шотландияның 200 000 баррельдік Grangemouth мұнай өңдеу зауытын басқарады.

Америка:

CNPC Канададағы шайыр тәріздес отынды битумға айналдыратын MacKay River Oilsands және Dover Oilsands жобаларын, сондай-ақ Дувернай тақтатас газы және Groudbirch тығыз газ жобаларыне иелік етіп отыр.

Сонымен қатар, қытайлық компания Британдық Колумбияда Shell басқаратын "LNG Канаданың" 15% үлесіне иелік етіп отыр.

Бразилия – CNPC бұл елдің Petrobras компаниясы басқаратын консорциумдағы Libra кен орнындағы 10% үлеске ие.

Перу – CNPC 1993 жылы Талара мұнай кенішіндегі үш мұнай блогының операторы атанды. Ал 2002 жылы CNPC компаниясы Pluspetrol компаниясының 45% акциясын шамамен 200 миллион долларға сатып алды.

Венесуэла – CNPC әлемдегі ең үлкен ауыр мұнай қорларына ие "Ориноко" белдеуіндегі орасан зор ресурстарды игеру мақсатымен 30 жыл бұрын бұл оңтүстікамерикалық елге инвестиция сала бастады.

Бұл инвестициялар бұрынғы президент Уго Чавес кезінде 2007 жылдан бері Қытай Венесуэлаға берген 50 миллиард доллар несие арқылы қаржыландырылды.

Дегенмен, екі елдің қатынастары  2015 жылы Венесуэла мұнай бағасының құлдырауы мен мұнай өндірісінің қысқаруы жағдайында өз қарыздары бойынша төлем шарттарын өзгертуді сұрағандықтан шиеленісе бастады.

Африка

Судан және Оңтүстік Судан – бұл елдер CNPC 1996 жылы алғаш рет инвестиция салған жерлердің бірі.

2009 жылы CNPC компаниясы Dar Blend мұнайын өндіретін 3/7 блогының 41% акциясын, Nile Blend шикі мұнайын өндіретін 1/2/4 кен орнының 40% үлесін сатып алды.

Чад – CNPC мұнда H блогын басқарады және тәулігіне 20 000 баррель жанармай шығаратын Нджамена мұнай өңдеу зауытының 60% үлесіне иелік етіп отыр.

Нигер – CNPC 2011 жылы Агадем кенішінде мұнай өндіре бастады; экспорт үшін Агадем бассейнінен Бениннің Семе портына дейін шикі мұнай тасымалдайтын 1950-шақырымдық құбыр салды.

Мозамбик – Eni және Exxon Mobil-мен серіктесе отырып, газ өндіретін Rovuma кәсіпорнының 20% үлесін CNPC компаниясы 2013 жылы 4,2 миллиард долларға сатып алды. 

CNPC, сонымен қатар, Eni басқаратын Coral South қалқымалы сұйытылған табиғи газ жобасында 20% үлеске ие.

Ливия – CNPC 2005 жылы Ливия Ұлттық мұнай компаниясымен "Пелагия" теңіз бассейніндегі 17-4 блок бойынша барлау және өнімді бөлу туралы келісімге қол қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу