Қытай да Ресейді айналып өтуге кірісті

1514

Қытай Түркиядағы перспективалы жобаға 60 млрд доллар инвестиция жасайды, осы арқылы Ресейді айналып өтеді.

Қытай да Ресейді айналып өтуге кірісті Фото: canva.com

Бұл "Бір белдеу, бір жол", "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі аясындағы келісімдерде көзделген. 

Сондықтан шың елі өз тауарларын Ресей территориясына енгізбей-ақ Еуропаға жеткізетін балама жолдарды дамытуға қаржы құйып жатыр. Соның бірі Қытайдың тауарлар тасқынын Қазақстанның Каспийдегі Ақтау-Құрық порттары арқылы Әзербайжанға, Грузия мен Еуропаға жеткізетін "Транскаспий халықаралық көлік дәлізі" (ТХКБ) болып табылады.

Бұған қосымша, Бейжің енді Түркияның теміржол желісін модернизациялайтын көпмиллиардтық жобаны іске қосып жатыр. South China Morning Post жазуынша, осы арқылы Қытай Ресей аумағына соқпай, Еуропаға тауар жеткізетін тағы бір баламалы маршрутті құруға білек сыбана кірісті.

"Қытай Түркияның теміржол желісін жаңғыртуға бағытталған кең ауқымды жобаға бастамашы болды. Оның мақсаты – Азия мен Еуропа арасында тауарларды іркіліссіз жеткізудің жаңа стратегиялық бағытын құру. Бұл жоба Түркияға 60 миллиард доллар көлемінде инвестиция құюды қарастырады. Тиісінше, ол Ресей мен Украина арасында жалғасып жатқан қарулы қақтығыстың және онымен байланысты қауіп-қатерлердің аясында ресейлік транзит дәліздерін айналып өтуге мүмкіндік беретін балама жолды дамытады", – деп жазады қытайлық South China Morning Post.

Бұл хабарды түрік тарапы растады. Invest in Turkiye мемлекеттік агенттігінің президенті Бурак Даглиоғлының айтуынша, бұл жаңа жоба Түркияның жаһандық маңызды логистикалық хабқа айналуына сүбелі үлес қосады.

"Бұл жоба аясында теміржолды электрлендіру, ішкі жаңа маршруттерді ашу, континенттерді байланыстырушы буын-қала Ыстамбұлда жаңа көпір салу, Ыстамбұлдан ел астанасы Анкараға жоғары вольтты желі тарту және басқа бастамалар іске асырылады", – деп жазады америкалық экономикалық шолушы Ральф Дженнингс.

Оның байламынша, жаңарған түрік теміржолдары Азиядан Еуропаға бет қоятын жүк тасымалы үшін ең жылдам жолға айналады.

Осы мақсатта Қытай тарапы бірқатар кәсіпорындарын Түркияға көшіруде. Мысалы, Қытайдың теміржолға және басқасына арналған күрделі жабдықтарды өндірушісі CRRC Zhuzhou Electric Locomotive Түркияда зауытын іске қосып, өнім шығаруға кірісті. Компания былтыр Ыстамбұлдың транзиттік жүйесіне үлесі ретінде "елдегі метроның ең жылдам пойызын" қолданысқа берді.  

"Таяу уақытта көптеген ашық тендерлер басталады. Сонда осы және басқа да шетелдік мердігерлер өтініш береді деп күтілуде. Инвесторлар бұл жобаларға керемет қызығушылық танытып жатыр. Тендерде бәсекеге қабілетті баға мен сапа ұсына алатындардың бәрін жобаға қосылуға шақырамыз. Бізде теміржолға инвестиция салудың орасан зор әлеуеті бар", – деді Даглиоғлы Гонконгте өткен Азия қаржы форумында.

Сингапурдың ISEAS-Yusof Ishak Institute жетекші зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Джаянт Менон қазіргі кезде еуропалық жеткізушілер өз мүлкін жолай тәркілемеуі үшін Ресей арқылы өтетін тура маршруттерден бойын аулақ ұстай бастағанын және баламалы жолдарды жиірек таңдайтынын қаперге салды.

"Шығыс пен Батыс арасындағы осы еуразиялық елдің, Түркияның осал жері, талмау тұсы бар, ол – тоза бастаған теміржолы. Егер осы тораптың бір телімі істен шықса, бүкіл желі жұмыс істемейді", – деді Менон. Сондықтан қытайлық жоба дәл осы олқылықты түзей алады.

Bloomberg Түркия теміржолдарының жаңғыртылуы шынымен де оның халықаралық логистикадағы рөлін күрт нығайтатынын нықтады. Мысалы, ХХ ғасырда да Кеңес одағы оқшауланғанда, Батыс әлемін Шығыспен байланыстыратын басты бір торап осы Түркия болған.

Сондай-ақ 60 миллиардтық жаңа жоба Қытайдың ресейлік транзитке тәуелділіктен кетуіне жол ашады. Оның үстіне Түркияның инфрақұрылымы кемеліне жеткен деуге болады. Тек модернизациялауды қажет етеді.

Жаңа континентаралық маршрут Еуропаға тауар жеткізуді жеделдетуді көздейтін Бейжіңнің "China-Europe Railway Express" бастамасының бір бөлігіне айналады.

Еуропалық парламент жариялаған зерттеуінде, еуропалық жүк пойыздарының сол бұрынғыдай Ресей территориясын заңды түрде кесіп өте алатыны айтылған. Алайда санкциялық текетірестің құрбаны болмауы үшін, қауіпсіздік тұрғысынан логистикалық компаниялар Түркия, Әзербайжан, Грузия мен Қазақстанның теміржолдарын, балама бағыттарды көбірек таңдай бастапты.

Мұның бос сөз еместігін Statista зерттеу команиясы динамикада паш етті. Мысалы, 2011 жылы Қытай мен Еуропа арасындағы бірнеше елді басып өтетін айналма теміржол бағыттарымен тасылған жүктің көлемі небәрі 1 400 жиырма футтық эквивалентті (контейнер) құрапты.

Ал, 2023 жыл қорытындысында олармен жеткізілген жүк 1,9 миллион ЖФЭ-ге жетті. Өсім – 1 357 есе!

Жалпы, қытайлар Түркияның басты серіктестерінің біріне айналуға ден қойғандай. ҚХР түріктермен технологиялық саладағы ынтымақтастығын дамытуда. Мысалы, электромобильдер жасау кәсіпорындарын ашып, жергілікті энергетика саласына инвестиция құйып жатыр.

Invest in Turkiye агенттігінің былтырғы қарашадағы есебінде айтылғандай, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана шың елінің инвесторлары Түркияда 1 300 компания ашып, ел экономикасына 6 миллиард доллар қаржы салған. Соның ішінде мысалы, туризм де екі елдің серіктестігінің бір драйверіне айналыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу