Қытайда 2024 жылы бидай шығымдылығы тарихта болмаған рекордтық көлемге жетті. Нәтижесінде, 706,5 миллион тонна астық бастырылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 1,6%-ға көп.
"Ресми мәліметтер бойынша биылғы жылы елде жиналған бидай ауқымы алғаш рет 700 миллион тоннадан асып отыр. Мұндай тарихта болмаған. Бұған дейін, 9 жыл бойы Қытай жыл сайын 650 миллион тоннадан асатын көлемде бидай өндіріп келді", – деп хабарлайды Xinhua агенттігі.
Синьхуа Ұлттық статбюроға сілтеме жасай отырып, 2024 жыл Қытайда тағы бір ерекшелігімен есте қалатынын жеткізді. Осы жылы елде күріш, арпа және жүгері өндірісі де күрт өсіпті. Картоп өндірісі 1,5 пайызға артқан. Тек соя ғана 0,9 пайызға төмендеген екен.
Қытай статорганы осы жылы рекордтық астыққа ханзу еліндегі егіс алқаптары ауданының ұлғаюы да ықпал еткенін ескертті. Енді шығыс көрші 119 миллион гектар жерінде өсімдік шаруашылығын жүргізеді. Бұл өткен жылғыдан 0,3 пайызға артық.
Ұлттық статистика бюросының ресми өкілі Вэй Фэнхуа 2023 жыл Қытайдың ауыл шаруашылығы үшін ауыр сын болғанын еске алды. ҚХР-дің біраз ауданын былтыр су басып қалса, біраз аумағын керісінше қуаңшылық жайлаған. Сондай-ақ Қытайда тайфундар, басқа да табиғи апаттар өршіп, көршінің астықты өңірлерін жайпап өтті.
Содан ҚХР ауыл шаруашылығы дақылдарын өзге елдерден көптеп тасуға мәжбүр болды.
Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, 2023 жылы Қытай Қазақстаннан алатын тек бидайының өзін 15 есеге дейін ұлғайтып, жарты миллион тоннаға жеткізді.
"Қытайға жалпы астық экспортымыз 2023 жылы 1,43 миллион тоннаны құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,5 есе өскен еді. Оның ішінде бидайдың үлесі 538,8 мың тонна болған. Яғни, 2022 жылғы көрсеткіштен 15 есе артық! Биыл Қытайға экспорт көлемін 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік болған. Дегенмен, Қытай шекарасындағы кідірістер мен лицензиялау шарттары әлі де шешуді талап етеді", – деген болатын ол.
Трейдерлер Қытайдың елімізден сатып алатын астықты азайтқанын айтады.
Қытайдың статбюросы 2024 жылы ауа райы біршама қолайлы болғанын, температуралық және ылғал жағдайы ауыл шаруашылығы дақылдарының бітік шығуына оң ықпал еткенін жария етті. Вэйдің мәлімдеуінше, жазғы уақытта жауын-шашынның мол болуы рекордтық астыққа жол ашты.
"Ауа райының өзі бізге ұлттық азық-түлік қауіпсіздігімізді одан сайын нығайтуға, өзге елдерде тәуелділікті азайтуға жәрдемдесті. Бұл сондай-ақ ауылдық өңірлерде агроөнеркәсіптік кешеннің қайта жанданып, жан-жақты дамуына, еліміздің әлемдегі қуатты аграрлық державаға айналуына септеседі. Бұл сонымен бірге, елдің экономикалық қалпына келуіне қуатты қолдау көрсетеді", – деді қытайлық шенеунік.
Өз кезегінде Халықаралық астық кеңесі (IGC) рекордтық астығына қарамастан, Қытайдың келесі жылы да ірі импорттаушы болып қалатынын және шетелден 10,4 млн тонна бидай сатып алатынын хабарлады.
Вице-министр Қайрат Төребаев айтқандай, биыл Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға бағаланады. Оның 7,5 млн тоннасы – бидайға, 1,4 млн тоннасы – арпаға, 300 мың тоннасы – жүгеріге тиесілі. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан асады деп күтілуде.
Осылайша, іргедегі Қытайдың бидайға деген сұранысын Қазақстан толығымен өзі-ақ өтей алар еді. Өйткені елдің экспорттық әлеуеті соған барабар. Алайда IGC мәліметінше, қазақстандық бидайдың Қытайға жеткізілімдерін әзірге ҚХР-дің кедендік қызметі жасанды түрде шектеп, экспортты қиындатып отыр.
Қазақстан бұл бұғаттаудан құтылып, экспортына жол ашудың түрлі амалын қарастыруда. Мысалы, Астана Бейжіңге қазақстандық астықты өз аумағында өңдеп, Қытайға дайын өнім түрінде жеткізіп беруге құлшынды. Қытай жағы қазақстандық ұсақ фермерлер мен трейдерлердің тұрақты әрі сенімді жеткізуші бола аларына күмәнданатындықтан, бұл міндетті "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" өз мойнына алады.
Өйткені биылғы шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға өткізілетін астықтың көлемін 2 миллион тоннаға жеткізу міндетін қойған болатын.
Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық холдинг Қазақстанның мемлекеттік астық нарығы операторымен ынтымақтастыққа қызығушылық танытқанын жеткізді.
Сондықтан "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жұмашев пен SHIJIXIANGHE Agribusiness Group басшысы Яо Санмен кездесіп, қытайлардың елімізде салатын болашақ өңдеу зауытына жергілікті астықты тұрақты жеткізуді ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізді.
Бұған дейін Dalian Hesheng Holdings компаниялар тобының басқарма төрағасының орынбасары Ма Хуньхан бастаған делегациямен Премьер-Министр Олжас Бектеновтің өзі кездескен болатын. Онда тараптар Қазақстан аумағында аталған перспективті жобаны іске асырудың проблемаларын талқылады.
Сарапшылардың айтуынша, Қытай инвесторлары бірқатар мәселеде кепілдік пен артықшылық беруді сұрайды. Өнімді де арзандау алғысы келеді.
"Терең астық өңдеу кешенін Ақмола облысында салу жоспарлануда. Бастапқы кезеңде зауыт жылына 1 млн тонна бидай өңдейтін болады. Ал, болашақта қуаттылықты 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Қытайлық серіктестер "Азық-түлік келісімшарт корпорациясын" астықтың әлеуетті жеткізушілерінің бірі ретінде қарастыруда", – деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Келіссөздер барысында Азық-түлік келісімшарт корпорациясының басшысы Асылхан Жұмашев мемлекеттік астық операторы Қазақстандағы қытайлық кәсіпорынды қажетті өнім көлемімен тұрақты түрде қамтамасыз ете алатынын мәлімдеді.
"Жоғары технологиялық жобаны астық егетін өңірде жүзеге асыру агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын ынталандырады және қазақстандық аграршылардың ауыл шаруашылығы өнімдерін кепілді түрде өткізуіне мүмкіндік береді. Қытайдың көпсалалы Dalian Hesheng Holdings компаниясы бидайды өңдеу және ферментациялау саласындағы технологиялық патентке ие және озық цифрлық технологияларды пайдаланады", – деп түсіндірді министрлік.