Қытай – қазақ астығының ең ірі нарығына айналуы мүмкін

2582

2023 жылы еліміз шың еліне астық жеткізу жөнінен рекорд орнатты.

Қытай – қазақ астығының ең ірі нарығына айналуы мүмкін Фото: reuters.com

Ресми мәлімет бойынша былтыр Қазақстаннан Қытайға теміржолмен 2 миллион 226 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілген. Салыстырсақ, 2022 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш небәрі 615 мың тоннаны құраған еді.

Бұл – жаңа рекорд саналады. Алдыңғы ең жоғарғы көрсеткіш сонау 2019 жылы тіркелген. Сонда шығыс көршіге 1,2 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін өткізе алыппыз.

Мұның барлығы – дәнді дақылдар көрінеді, соның ішінде бидай, арпа, соя бұршақтары, зығыр, күнбағыс пістелері.

Рекордтық көрсеткіштерге жетуге бірнеше фактор жәрдемдесті. Біріншіден, астық тасушы вагондар ("зерновоз"), жабық вагондар және контейнерлер арқылы тасымал күрт артты.

Бұл ретте өнімнің бір түрі ғана тиелген құрамнан тұратын тұтас пойыздарды аттандыру схемасы белсенді жолға қойылған. Мұндай формат барлық станцияларды барынша тез өтіп, жеткен жерінде жылдам түсіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Түрлі құрылымдардың тексеруі жеңілдейді.

Екіншіден, 2023 жылғы сәуірден бастап, ҚТЖ ұлттық компаниясының, вагондардың операторлары мен салалық қауымдастықтардың күш біріктіре қимылдауы арқасында біраз жылдан доғарылған Қазақстаннан ҚХР-ға астық тасушы вагондармен (зерновоздармен) өнім жөнелту ісі қайта жанданды. Нәтижесінде, былтырғы тоғыз айдай уақыт ішінде 0,5 миллион тоннадай ауыл шаруашылығы өнімдері дәл осы көлік құралымен шың еліне тасымалданды.

Жалпы алғанда, республикамыз 2023 жылы шетелге 9 миллион тонна бидай экспорттады. Бұл алдыңғы жылғы 8 миллион тонна көрсеткішінен біраз көп.

Бұған қоса, өткен жылы шетелдік нарыққа 2,2 миллион тонна ұн сатылған. Бұл 2022 жылғымен деңгейлес.

Әзірге қазақстандық астықтың басты сатып алушысы – Өзбекстан болып қалуда. Ол 2023 жылы елімізден 4,5 миллион тонна бидай мен ұнды импорттады. Дегенмен, қазақ астығын дәстүрлі бұл нарығынан ресейлік астық ығыстырып жатыр.  

Сондықтан сарапшылар Қытай бағытындағы экспорттың жандануын жақсыға "жорып" отыр. Өйткені алдыңғы 2022 жылы Қазақстанның егін шаруашылығы өнімдерін сататын жалғыз нарығы – Орталық Азия ғана қалған еді. Бұл нарықты бірнеше жыл қатарынан рекордтық аста-төк астық жинап жүрген және нарығы шектелген Ресей тартып ала бастады.

Еліміздің Иранмен сауда-саттығы ілгерілей алмай тұр. БҰҰ аясындағы санкциялар кесірінен Каспий теңізі бойынша бұл көрші қазақстандық экспорт үшін бірде бір халықаралық валютамен еркін есептесе алмайды.

Мұның бәрі отандық нарықта күрделі ахуалдың қалыптасуына, қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ахуалының нашарлауына, астықтың үлкен бөлігінің жедел жөнелтілмей, босқа шіруіне соқтырды.

Ендеше 2023 жылы Қытайдың сатып ала бастауы "іздегенге сұраған" болып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге қатысты жағдайдың біршама жақсаруына жол ашыпты.

Қытайдың нарығы алып мұхитқа ұқсайды. Бұл ел бүкіл әлемде тұтынылатын бидайдың 19-24 пайызын бір өзі жейді. Мысалы, Қытай бір жыл ішінде 165 миллион тонна бидай тасыды.

Осының үлкен бір бөлігін ол іргедегі Қазақ елінен сатып алуға дайын. Тек ол үшін тиісті инфрақұрылым болуы қажет.

"Астық Транс" компаниясының коммерциялық жұмыс жөніндегі вице-президенті Жандос Қуанышевтің айтуынша, Қытай Достық-Алашанькоу шекаралық өтпесінде астық терминалын іске қосты, ол жылына 2,5 миллион тонна қазақ астығын сатып алуға мүмкіндік береді.  

Шың елі дәл осындай терминалды Алтынкөл-Қорғас өтпесінде де салуды жоспарлап отыр. Сонда Қазақстаннан Қытай халық республикасына экспортталатын бидайдың жалпы көлемі жылына 5 миллион тоннаға дейін артуы мүмкін.

Бұл жоба-жоспар табысты жүзеге асса, онда Қазақстан үшін Қытай бүкіл Орталық Азия нарығына барабар жаңа нарыққа айналады.  

Қазақстанның астық одағының ресми өкілі, сарапшысы Евгений Карабановтың айтуынша, Қазақстан үшін сыртқы экспорттарды әртараптандыру, түрлі шетелдік нарықтарға шығу өте маңызды.

"Әйтпесе, Орталық Азия түрінде жалғыз ғана өткізу бағыты қалса, ондағы сатып алушылар өздеріне тәуелділігімізді пайдаланып, өнім құнын түсірттіреді, өз бағасы мен шарттарын одан әрі табанды тықпалаудың мүмкіндігіне ие болады. Оның үстіне қазақстандық жеткізушілер сол азғантай нарық үшін өзара таласып, араларында қажетсіз бақталастық туындайды. Салдарынан, олардың бірі өз өнімін тезірек өткізу үшін амалсыздан бағаны құлдыратып, демпинг жасауға баруы мүмкін. Біз осының бәріне 2022 жылы куә болдық. Бүгінде де ондай фактілер бой көрсетуде. Бірақ біршама азайды. Қытай түрінде қосымша өткізу нарығы ашылды", – деді сарапшы.

Евгений Карабанов орталықазиялық әріптестеріне қарағанда, қытайлық клиенттердің төлем қабілеттілігі жоғары екенін де атап өтті. Соның арқасында қытайлық импорттаушылар жеткізілім үшін ақыны кешіктірмей аударатын көрінеді.

Астық одағы өкілінің мәліметінше, арпа экспорты жөнінен Қытай бүгінде "Қазақстанның негізгі нарығы" саналады. Бұрынғы жылдары республикадан арпаны салмақты көлемде тек Иран ғана алып келіпті. Қазіргі кезде Иранға экспорт мүмкіндіктері шектелген.

Сарапшылардың байламынша, Достық-Алашанькоу және Алтынкөл-Қорғас атты 2 шекаралық өтпедегі теміржол тоғысының инфрақұрылымдық әлеуеті 2024 жыл қорытындысында жаңа рекорд орнатуға жарап қалады. Бұл үшін теміржол құрамдары (пойыз) санын әрі қарай арттыру, жөнелту схемаларын оптимизациялап, жеңілдете түсу керек.

Мәселен, контейнерлік пойыздардың орнына "зерновоздар" тіркелген пойыздар санын ұлғайтса, жеткізілім көлемі екі еседей өсуі мүмкін. 45 зерновоз-вагоннан тұратын 1 құрамға 3 мың тонна ауыл шаруашылығы жүгі сияды. Ал саны дәл осынша болатын контейнерлік платформалардан құралған 1 құрамның сыйымдылығы небәрі 1,3 мың тонна ғана болады.

Әрине, республика "аз сияды екен" деп, контейнерлік пойыздардан мүлдем бас тарта алмайды. Бұл екі көлік құралы – әрбасқа нарыққа арналған. Контейнерлерге тиелген астық жұңғо елінің аумағына енген соң қашыққа, Қытайдың ішкі аймақтарына жол тартады.

Ал зерновоздар шекарадағы Алашанькоудың терминалына дейін өнім жеткізеді. Қытай тарапы сол жерде қазақстандық өнімді қабылдап алып, одан әрі өзі тасымалдайды. Міне, дәл осы өзара шектесетін тұста еліміз өнім жеткізілімін қомақты арттыра алар еді.  

Қазақстанның Қытайға экспортының ұзақ мерзімді перспективалары одан да тәуір. Себебі, бүгінде Достықта екінші магистральды теміржол тармағы төселіп жатыр. Ол алдағы екі-үш жыл ішінде толыққанды қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Әзірге, 2023 жыл қорытындысында Достық-Алашанькоу арқылы 1,6 миллион тонна, Алтынкөл-Қорғас арқылы небәрі 623 мың тонна өнім өткізілді. Қорғас арқылы жеткізілім көлемін екі еседей арттыру әлеуеті сақталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу