Олар тереңдігі жөнінен Азияда – бірінші, жаһан бойынша – екінші ең терең ғылыми ұңғыманы бұрғылауды ақыры аяқтады. Терең тік ұңғыма Ақсу кен орнында жүзеге асырылды. Аты қазақша бұл кен орны Қазақстанға барынша жақын жерде, бірақ Қытай аумағында, Шыңжаң өлкесіндегі Тарым (немесе Қашқар) бассейнінде орналасқанын айта кеткен жөн.
Ханзу елі жерді тесуді 2023 жылғы 30 мамырда бастаған болатын. Бұл тарихи миссиясын Бейжің Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясына (CNPC) сеніп тапсырды.
Оның алдына ғаламшарымыздың ешқашан адамзаттың қолы жетпеген ең терең қабаттарына жету мақсаты қойылды. Алайда Қытай ғалымдары мен геологтары күтпеген жерден 10,9 мың метр тереңдікте күрт тоқтап, бұрғылауды сонымен аяқтауға шешім қабылдады.
"Синьхуа" агенттігінің мәліметінше, мамандар 540 миллион жыл бұрын жердің беті болған қабаттарға дейін жетіпті.
Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы территориясындағы Тарым ойпатында, Такла-Макан (этимологиясында "тәрк етілген мекен" деп аударылады) шөл даласы ауданында орын тепкен "Шэньдитакэ-1" ұңғымасын Қытай тарапы "ғылыми-зерттеу жобасы" деп атайды.
Бұрғылау жұмыстары жазғы аптап ыстықта температурасы 50°С-ден жоғары көтерілетін, қысқы аязда минус 30°С-ден төмен түсетін шөл далада жүргізілді.
Өзге құпия, жариялауға жатпайтын міндет-мақсаттары сыртында, ол ұңғыма жер астынан мұнай-газ ресурстарын іздеуге, Жер планетасының эволюциясын зерттеуге, тереңдіктік геологияны дамытуға арналған екен.
Бұрғы салған мамандар неге 10,91 шақырым тереңдікке жетіп, тосыннан тоқтағандарын, неден шошынғандарын жарияламады. Халықаралық қоғамдастыққа жария етілген ақпаратқа жүгінсек, жерасты ахуалының – күрделі, жер астындағы жұмыс жағдайларының – адам төзбес ауыр екені анықталыпты. Бұл технологиялық процесс үшін үлкен проблемалар тудырған.
Мына тосын жайт назар аудартады. Қытай тарапының мәліметінше, 10 910 метр тереңдікке дейін қазуға жалпы саны 580 күн кетті. Соның ішінде уақыттың басым көпшілігі немесе 300 күн бір шақырымға да жетпейтін соңғы метрлерді, небәрі 910 метрді қазуға жұмсалыпты.
"Қорытындысында, бұрғылау растағандай, Тарым бассейнінде, 10 мың метрдей тереңдікте мұнай мен газдың ықтимал ресурстары болуы мүмкін. Ұңғы 12 геологиялық формацияны тесіп өтті. Олардың жалпы "жасы" 500 миллион жылдан асады. Жолай тау жыныстарының сынамалары алынды. Олардың құндылығын ғалымдар Айдан әкелінген топырақпен салыстырды", – деп жазады "Синьхуа".
Нақтылағанда, 10 851-10 910 метр тереңдіктегі "тау жыныстарында мұнай мен газдың ізі анықталды". Бұл – құрлықтағы осындай тереңдікте көмірсутектердің табылуының әлемдегі тұңғыш дерегі көрінеді.
Бірақ бұған дейін мысалы, теңізге бұрғы салған мұнай-газ компаниялары 10 мың тереңдікте мұнай-газ жатқанын талай рет анықтады. Мәселен, Ресей аумағындағы Сахалинде шетелдік инвесторлар "Z-44 Чайво" қайраңында мұнай өндіру үшін су астында 15 шақырымға дейін бұрғылады.
Оның үстіне Тарым аймағында қара алтын мен көгілдір отынның бары бұрыннан белгілі болатын. Атап айтқанда, 2023 жылдың мамырында қытайлық ірі Sinopec мұнай өңдеу компаниясы дәл сол Тарым бассейнінде, 8 500 мың тереңдікте жаңа мұнай мен газ кен орындарын тапқан еді.
Сонда әлемдегі екі ең кең әрі терең ұңғыманың бірін қазудағы Қытайдың тарихи жетістігі, жаһандық сенсациясы неде екені және не себепті "Жер ортасына" жетпей тоқтағаны әзірге түсініксіз қалды. Бәлкім, болашақта егжей-тегжейі мен құжаттары құпиясыздандырылса, қосымша жайттар жарияланар?
Қытайлық ақпарат құралдары әзірше жаңа әлемдік рекордтардың орнатылғанымен ғана мақтануда. Соның ішінде біріншіден, "шегендеу құбырын цементтеу тереңдігі", екіншіден, "кабелді каротаж тереңдігі" (кабелдік датчиктер көмегімен ең терең геофизикалық зерттеу жүргізу), үшіншіден, "ең терең ұңғыманы бұрғылау жылдамдығы" бойынша рекордтар жасалды.
Салыстырсақ, КСРО Көл ұңғымасын қазуға 20 жыл жұмсады, ҚХР 3 жылда аяқтады.
Сондай-ақ, алынған мәліметтер мен сынамалар Азияда алғаш рет 10 мың метр тереңдіктегі геологиялық картаны түзуге мүмкіндік беріпті.
Science and Technology Daily сол бұрынғыдай дүниежүзіндегі қолдан жасалған ең терең ғылыми ұңғыма Ресейде орналасқанын еске салды. Оны, "Көл ең терең ұңғымасын" (Кольская сверхглубокая скважина) бұрғылауға Кеңес одағы сонау 1970 жылы кірісті. 1991 жылы қазуды доғарды. 12 262 метр тереңдікке жетіп тоқтаған.
Бертінде ұңғыма ішінде бірнеше апат болып, жердің "тынышы" кеткен соң, 1994 жылы сол кездегі Ресей билігі жобаны түпкілікті жауап тастады.
Кеңес одағының ең кең ауқымды құпия объектісі саналатын "Көл ұңғымасы" айналасында көптеген аңыз бар. "Колодец в ад" танымал ресейлік аңыз негізінде ресейлік режиссер Арсений Сюхин 2020 жылы "Кольская сверхглубокая" атты үрейлі кинофильм түсірді.
1980 жылдары кеңестік геологтардың 12 шақырым тереңдіктегі құрдымда "тозақтың тура үстінен түскені" туралы аңыз-әңгіме тарады. Бұл ретте ресейлік ақпарат құралдары "Көл ең терең ұңғымасы жобасының жетекшісі Дмитрий Аззаков" дегенге сілтеме жасайды.
Аталған объектінің қараңғы шыңырауынан кеңестік мамандар "жаны шыжғырылған миллиондаған адамдардың жан шошырлық дауыстарын жазып алған-мыс". "Сол архивтік аудиожазба" деп, бертінде интернетте аудиотрек те таратылды.
Одан кейбір интернет пайдаланушылар қисапсыз адамның қинала шыңғырып, шуласып жатқанын естіген екен. Дене түршіктіретін бұл үрейлі әңгімені және тиісті жазбаны КСРО-ның да, қазіргі РФ-тің де құзырлы органдары растамады, сондай-ақ жоққа да шығармады.
Қытай тарапы әзірше "жер астында жазылды" деп, ешқандай адам зәресін ұшырар аудио, видеожазба таратқан жоқ.