Қытай тракторы 1 миллион теңге субсидияны азсынады

14995

Ауылда 117 мың ескі-құсқы трактор ілбіп жүр. 

Қытай тракторы 1 миллион теңге субсидияны азсынады

Былтырғы жылдың мамырында "Агромашхолдинг KZ" компаниясы қытайлық серіктестерімен бірге Қостанайда шығыс көршінің тракторларын құрастыратын кәсіпорын ашқан болатын.

Биыл егіншілер еліміздің барлық облысында жалпы көлемі 20 млн тонна астық жинап, қамбаға молынан құйды. Алайда бұл ірі науқанға қытайлық тракторлар қатыспады. Кәсіпкерлер оған өнімнің сапасы емес, мемлекеттің аз субсидия беруі айыпты деп санайды. Өйткені қытайлық Lovol тракторлары ресейлік және беларустік баламаларына қарағанда өнімді көрінеді.

"Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы министрінің "Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығында олқылықтар бар. Оның кейбір тұсын қайта қарау қажет. Мысалы, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға арнаған №1 жоба паспорты бойынша қуаты 60 ат күшіне дейінгі тракторлар үшін субсидияларды есептеуге арналған ең жоғарғы рұқсат етілетін құн 4,2 млн теңгені құрайды. Ал қуаты 35 ат күшіне пара-пар Lovol-354 және 60 ат күшіне тең Lovol-604 тракторларының нарықтық құны тиісінше 4,3 және 7,5 млн теңге тұрады. Осыдан соң бұл тракторларға сұраныс қайдан болсын?! Өйткені небәрі 1,05 млн теңге ғана субсидия берсе, бағасы 7,5 млн болатын тракторға кім қызығады?" – дейді агрокәсіпкер Руслан Ибатов.

Ал АШМ қуаты 61–89 ат күшіне тең келетін тракторлардың 6,8 миллион теңгеге дейінгі құнын субсидиялайды. Сондықтан кәсіпкерлер тек 1 ат күші ғана кем болғаны үшін екі еседей аз қаржы беруді кемсіту деп есептейді.

Әйткенмен ҚХР инвесторларының және оның отандық серіктестерінің өкпелейтін жөні жоқ. Біріншіден, қытайлар қазақ жерінде өздерінің Lovol-904 деп аталатын тағы бір тракторының өндірісін де жолға қоюда. Ол қуаты 130 ат күшіне дейін баратын санатқа жатады. Оған өндіруші трактор құнының 25% көлемінде бұдан әлдеқайда қомақты субсидия алады.

Екіншіден, Қазақстан шығыс көршісін Еуропамен және АҚШ-пен теңестірді. Мысалы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері, соның ішінде Ресей мен Беларусь шығаратын трактор, комбайн модельдерінің ең көп дегенде 45 миллионға дейінгі құнын, ал Азия, Еуропа, Америка, соның ішінде Қазақстан аумағында, ҚХР және Украинада өндірілген тракторлардың 167 млн теңгеге дейінгі құнын субсидиялайды. Яғни алып машиналарының қозғалтқышында жасырылған ат күшін 200 және одан көпке ұлғайта берсе болғаны.

АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың түсіндіруінше, 2018 жылғы 23 шілдеде бекітілген аталған қағидаға сәйкес, ауыл шаруашылығы техникасының рұқсат етілген ең жоғарғы құнының 25%-ы көлемінде субсидия ұсынылады. 

Мәселен, егер машина құны 167 млн теңге тұрса, оған 41,7 млн теңгеге дейін субсидия берілмек.  

"Бұл ретте субсидияларды есептеуге арналған ең жоғарғы рұқсат етілетін құн 3 жеткізушіден алынған прайс-парақтар негізінде қалыптастырылды. Ал ат күшіне қарай өнім құнын шектеу – жеткізушілерге көп субсидия аламын деп, өз тауарының бағасын жасанды түрде көтеруіне мүмкіндік бермейді", – деді Азат Сиражиддинұлы.

Ол осы бағдарлама бойынша бөлінген субсидиялау бюджеті шектеулі екенін жеткізді. Яғни министрлік қытайлық инвесторлардың қызметін ынталандыру үшін оларға өзгеден ерек қолдау көрсете алмайды.

"Сол себепті бүгінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өндіріс үшін қажетті базалық техникалар ғана субсидияланады. Олардың жеке тізімі бар. Дегенмен егер алда республикалық бюджеттен көбірек сома бөлінсе, онда қағидаларға түзетулер енгізіп, ең жоғарғы рұқсат етілген құнды арттыру туралы аграршылардың ұсыныстарын қарайтын боламыз", – деді А.Сұлтанов.

Жалпы сарапшылар ауылдағы техниканың тым ескіріп кеткенін айтады. Қазіргі кезде АӨК иелігіндегі көлік пен техниканың 86%-ының пайдаланылғанына 10 жылдан асып кеткен екен. Соның ішінде 45%-дан астамы – эксплуатациялаудың нормативті мерзімі аяқталған ескі-құсқы техника. 

152,6 мың трактордың 117 мыңы 17 жылдан бері қолданыста. Тракторлар паркінің 30%-ы не істен шыққан, не үнемі жөндеудің нәтижесінде әзер сүйретіліп жүргендері. Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының жаңару қарқыны бар-жоғы 1,2%-ды құрайды.

Жанат Ардақ

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу