Қытайда өршіп жатқан респираторлық аурулар жөнінде не білеміз?

1810

Тайвань билігі қарттарға, өте жас балаларға және иммунитеті төмен адамдарға Қытайға бармауға кеңес беріп отыр. Алайда, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алаңдауға негіз жоқ дейді.  

Қытайда өршіп жатқан респираторлық аурулар жөнінде не білеміз? Фото: Reuters.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қытай үкіметінен балалар арасында респираторлық аурулар мен пневмония кластерлерінің көбеюі туралы қосымша ақпарат сұрауы бүкіл әлемді елең еткізді.

Кейіннен осы ұйым денсаулық сақтау органдарының ерекше немесе жаңа патогендерді анықтамағанын жариялады. Ал дәрігерлер мен медицина сарапшылары халықаралық дабыл қағуға ешқандай дәлел жоқ дейді.

Алайда, Тайвань билігі осы аптада қарттарға, өте жас балаларға және иммунитеті төмен адамдарға Қытайға бармауға кеңес берген.

Әлемде халқының саны бойынша екінші орында тұрған елде аурудың өршуі туралы не білеміз және сарапшылар неліктен байбаламға негіз жоқ деп есептейді? Бұл сауалдардың қысқаша жауаптары төмендегідей:

Қытайда не болып жатыр?

Қытайда респираторлық аурулар ел үкіметі коронавирусқа қарсы қатаң шектеулерді алып тастағаннан кейінгі алғашқы қысқа әзірлік жүріп жатқанда өршіп отыр.

Бұл мәселе өткен аптада әлем назарына ілікті. Оған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми Бейжіңнен балалар арасында тарап жатқан белгісіз пневмония кластерлері туралы ақпарат сұрауы себепші.

Сонымен қатар, соңғы кездері әлеуметтік желі қолданушылары ауруханаларда тамырына ине салдырып, тамшы қабылдап жатқан балалардың суреттерін көптеп жариялады. Ал бұқаралық ақпарат құралдары Сиань тәрізді қалаларда науқастарға толған госпитальдердің видеоларын интернетке жүктеп, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсуі мүмкін деген алаңдаушылықты тіпті күшейтіп жіберді.

Өршу қаншалықты ауқымды?

Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы 13 қарашада өткен баспасөз мәслихатында бұл турасында қосымша мәлімет бермей, респираторлық аурулардың көбейгенін айтумен ғана шектелді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қытайдағы өкілдігі "Рейтер" агенттігіне берген мәліметтерге жүгінсек, Қытай билігі бүгінде елде респираторлық ауруларға шалдыққандардың саны COVID-19 пандемиясы қарсаңындағы көрсеткіштерден аспайтынын хабарлаған.

Қандай патогендер тарап жатыр?

Деректерге жүгінсек, тыныс алу жолдары ауруларының өршуі COVID-19-ға қарсы шектеулердің алынып тасталуымен байланысты. Сонымен қатар, респираторлық аурулардың өршуіне осыған дейін белгілі болған патогендер мен  мамырдан бері тарап жатқан және әдетте балаларды зақымдайтын бактериялық инфекция тәрізді микоплазмалық пневмония себепші екен.

Сонымен қатар, қазаннан бері Қытайда тұмау, респираторлық-синцитиалдық вирус пен аденовирус та айналымда жүр.

Микоплазмалық пневмония үлкен уайым ба?

Тыныс алу жолдары ауруларының өршуіне қатысты алаңдаушылықтың бірі - микоплазма пневмониясы. Ол басқа елдерде де өршіп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавируспен күрес жөніндегі техникалық жетекшісі Мария Ван Керхове сәрсенбі күні журналистерге хабарлағандай, микоплазмалық пневмония осы ұйымда тіркелуі тиіс ауру болып саналмайды. Сонымен қатар, кейінгі екі айда ол өршіп, қайта азайып жатқанға ұқсайды.

Нью-Делидегі Джавахарлал Неру университетінің эпидемиологы және қоғамдық денсаулық профессоры Раджиб Дасгуптаның сөзінше, кейбір жағдайларда микоплазмалық пневмониядан туындаған инфекциядан ауыр асқынулар кездесуі мүмкін, бірақ адамдардың көпшілігі бұл аурудан антибиотиктерсіз сауығып кетеді.

Сарапшылар неге алаңсыз?

Қытайлық дәрігерлер мен шетелдегі сарапшылар Қытайдағы жағдайға қатты алаңдап отырған жоқ. Себебі, олардың айтуынша, көптеген басқа елдерде де пандемияға қарсы шектеулер жеңілдетілгеннен кейін респираторлық аурулар өршіген.

"Қазір біз көріп отырған жағдайлар таңқаларлық емес. Өйткені жөтел, суық тию, безгек – бұлардың барлығын емдеуге болады", - дейді Бейжіңдегі Раффлес медициналық тобының педиатрия бөлімінің меңгерушісі Сесиль Брион.  

Ал Ван Керхове мұндай ауруларға шалдыққандар санының өсетінін күткенін айтып отыр.

"Біз бүкіл әлемде респираторлық инфекциялардың көбеюін байқап отырмыз. Ауру балалар арасында кең тарады. Өйткені олар - мектеп жасындағы балалар. Оның үстіне, солтүстік жарты шарда қазір күз аяқталып, қыс басталып жатыр", - дейді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу