Қытайтанушы: Қытай мен АҚШ бір-біріне қатты тәуелді – Тайвань үшін ашық қақтығысқа бармайды

5906

Кеше АҚШ саясаткері Нэнси Пелосидің арнайы рейспен Тайбэйдегі Соншан әуежайына келіп қонуы әлем назарын өзіне аударды. 

Қытайтанушы: Қытай мен АҚШ бір-біріне қатты тәуелді – Тайвань үшін ашық қақтығысқа бармайды

Батыста геосаяси жағдай онсыз да ушығып тұрған уақытта тың майдан Шығыста да бұрқ ете түсе ме деген қауіп пайда болды.

АҚШ саясаткерінің Тайванға баруының қандай астары бар? Осы сапардың ізінше АҚШ пен Қытайдың арасында ашық әскери қақтығыс бола ма? Бейжің Вашингтонның бұл қадамына жауап ретінде қандай шара қабылдайды?

Inbusiness.kz тілшісі қытайтанушы Леонид Ковачичтің пікірін ұсынады. Қытайтанушы Пелоси Тайбейге қонған кезде ізінше "Дождь" арнасына сұхбат берген.

– Қытай тарапы Нэнси Пелосидің Тайванға сапарын провакация ретінде қабылдады. АҚШ саясаткерінің Тайванға баруының қандай астары бар?

– Меніңше, бұл тұрғыда саяси мақсатты Нэнси Пелосидің өзі көздеп жүр. Себебі қарашада Конгресс сайлауы өтеді. Бүгінгі таңда демократтар саяси танымалдығынан айырылып бара жатқаннан кейін уақыт барда Пелоси өзіне қандай да бір саяси ұпай жинауға тырысып жатыр. Саясаткер ретінде ішкі аудиторияға сыртқы салада жақсы жұмыс істеп, Американың демократиясы мен демократиялық әлемнің құндылықтарын әлемде белсенді жүргізіп жатқанын көрсеткісі келеді. Сондықтан Байден Пентагонға қарата бұл сапардың өзі соншалықты жақсы идея емес екенін айтса да, Пелоси бұл таңдауын өз шешімі ретінде көрсеткісі келеді. Байден ықпал ете алмауы мүмкін. Ал Бейжің Байденмен келіспей Пелосидің Тайванға ұшуын түсінбейді. Проблема сонда. Өйткені Қытайда саяси жүйе тым басқа.

Біріншіден, 1997 жылы Палата спикерінің өкілі АҚШ-қа барған. Бірақ ол тұста Тайванға республикалық партияның өкілі барған-тын. Ол жылдары АҚШ президенті демократ Билл Клинтон еді. Сондықтан спикердің сапарына Бейжің АҚШ-тағы оппозициялық қадам ретінде қараған. Ал қазір Пелоси де демократ болғаннан кейін, бұл сапарды Бейжің америкалық әкімшіліктің жоспарланған актісі, "Біртұтас Қытай" концепциясына қарсы біржақты провакация ретінде қабылдайды.

– Біз қазір әскери жаттығулар мен маневрлардың куәсі болып отырмыз. Сіздіңше, осы сапардың ізінше АҚШ пен Қытайдың арасында ашық әскери қақтығыс бола ма? Әлде сапар аяқталғаннан кейін жағдай тұрақтала ма?

– Қалай болғанда да ұшақ Тайбэй әуежайына келіп қонғаннан кейін де, Бейжің ұстамдылық сақтап отыр. Қытайдың Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме таратып, бұған дейін постулаттарды қайталады десе де болады. Иә, шынында да, Қытай ауқымды әскери жаттығу өткізетінін жариялады. Алайда мұның өзі күш-қуатты таныту, айбат шегуге ұқсайды. АҚШ пен Қытай ашық әскери қақтығысқа барады деп айта алмаймын. Бірақ қақтығыс бола қалған жағдайда Тайбэй үшін едәуір қауіпті жағдай туындайтыны анық. Бейжің Тайбэйді нысанаға алып, ұпайын қайтаратын болады. Қандай да бір экономикалық санкциялар салуы мүмкін. Әйтпегенде Тайвань Қарулы күштеріне әрдайым провакация жасауы ықтимал. Ал бұл провакацияға жауап бергісі келетін Тайвань әскері онсыз да ресурсының шектеулі болуының үстіне тіпті шығынға ұшырай түсетіні анық.

Әлбетте, бұл провакациялар Бейжіңнің әрекетке көшу, Тайвань мәселесін күшпен реттеу ықтималдығын арттыра түседі. Шын мәнінде, бұл тұрғыда АҚШ-тың әрекеті тұрақтылықтан бұрын провакациялық сипатқа ие болып отыр.

–  Си Цзиньпин бұған дейін Джо Байденге қарата "отпен ойнама" деп ескерткен болатын. Вашингтонның бұл қадамына жауап ретінде қандай да бір шара қабылданбай ма?

– Бейжіңнің Вашингтонға бірдеңе деп жауап беруі қиын. Экономикалық және әскери тұрғыдан да. Әскери аспект туралы айтар болсақ, АҚШ – әлемдегі ең қуатты әскерге ие мемлекет. Оған қоса әлемдегі ядролық держава. Егер Си Цзиньпин мен оның айналасындағылар суық ақылын жоғалтпаса, онда ашық қақтығысқа олардың бара қоюуы екіталай. Егер қандай да бір жауап берерлік экономикалық шараларға келер болсақ, әрине, АҚШ бұл ретте Қытайға едәуір тәуелді. Өйткені Қытай әлемдік тауар тасымалына қатты интеграцияланған. Бәлкім, қандай да бір экономикалық кикілжіңдер болуы мүмкін. Бірақ Қытай да екіжақты бағыттағы жолмен келе жатқанын ескеру керек. Себебі Қытай да экономика жағынан АҚШ-қа қатты тәуелді. Егер жағдай сауда-экономикалық текетірес эскалациясы бойынша өрбісе, онда бұл жайттан екі жақ та зардап шегеді. Бейжің ең бірінші кезекте, прагматикалық тұрғыда әрекет етеді. Менің болжауымша, Бейжің Тайваньға қатысты саясатты күшейтеді. Өйткені Қытай ашық қақтығыспаса да, едәуір қатаң әрекет ететінін көрсете білуі керек. Қытай әлемдік қауымдастық алдында "қағаз жолбарыс" секілді көрінбес үшін қатаң шаралар қабылдауы ықтимал. Алайда АҚШ-пен қарым-қатынас қазіргі жағдайда дипломатиялық шеңберден аспайды.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу