Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60, №68 және №37 мемлекеттік мекемесінде 1000-ға жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Олардың 19-ы – жеңіл қылмыспен, 89-ы – орташа ауыр қылмыспен, 403-і – ауыр қылмыспен, 455-і аса ауыр қылмыспен айыпталған.
Иә, түзеу мекемелерінің міндеті де, мақсаты да – сотталғандарды еңбек арқылы тәрбиелеп, түзу жолға түсуіне ықпал ету.
– Департаментте облыс бойынша 300-ден аса қызметкеріміз бар. Осы күні облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың 500-ден астамы жұмыспен қамтылған. Мысалы, №60 мекеменің өндірістік аймағында 12 кәсіпкер өз кәсібін ашып, сотталғандарды жұмыспен қамтыса, қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесіндегі жазасын өтеушілер қала аумағындағы 30 кәсіпкердің қарамағында жұмыс істейді. Олар әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер, кірпіш өндірісі, пластикалық терезе шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады. Сонымен қатар сотталғандар №60 мекеменің өндірістік аймағындағы тігін цехында, нан цехында, жылыжайда жұмыс істейді. Жазасын өтеушілерді еңбек арқылы тәрбиелеу олардың қоғамға деген көзқарасын өзгертіп, болашаққа үмітпен қарауына жетелейді, – дейді Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет полковнигі Шаймерден Есенкелдиев.
Жеке кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істейтін сотталғандарға мекеме қызметкерлері әрдайым тексеру жүргізеді. Оларға жұмыс орнын тастап кетуге, тыйым салынған заттарды қолдануға болмайтыны туралы түсіндірме жүргізіледі. Еңбекпен қамтылғандардың кейбірі жұмыс істеу арқылы еңбекақысынан мемлекет пен жеке тұлға алдындағы қарызын өтейді. Ал енді бірі жалақысының бір бөлігін отбасына жібереді екен.
№37 мекемесіндегі сотталған адамдарды әлеуметтік-психологиялық жүргізу ұйымының басшысы, әділет мойоры Абдулла Уәйдайев мұндағы сотталушылардың 95 пайызы жұмыспен қамтылғанын айтады. Тіпті, І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері де жеңіл жұмыстарға тартылған.
– Қауіпсіздігі бойынша төмен мекеме болып саналғаннан кейін, мұнда бірінші рет сотталғандар және абайсызда қылмыс жасаған азаматтар мен азаматшалар орналасқан. Яғни, 5 жылға дейінгі сотты болған азаматтар осында жазасын өтейді. Мақсатымыз – сотты болғандарды барынша азаматтық қоғамға бейімдеу. Осы тұрғыда мекеме үкіметтік емес ұйымдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәрбиелік іс-шаралар мен спорттық сайыстар өткізіп тұрады, – дейді Абдулла Нағашыбекұлы.
Түзеу мекемесінде сан түрлі тағдыр иесі бар. Өз ісіне өкініп, тезірек отбасына оралғысы келетіндер көп. Олар мекеме ұйымдастырған іс-шараларға қатысып, өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Өйткені, белсенді сотталушылардың кей жағдайда жазасын мерзімінен бұрын өтеп шығуына мүмкіндігі бар. Керісінше, ішкі тәртіпке бағынғысы келмей, жеңіл жазасын ауырлататындар да кездеседі.
Әділет майоры Ә.Рахмановтың айтуынша, жыл басынан бері 3 сотталған азамат мекеменің ішкі тәртібіне бағынбаған. Қала ішінде жұмыс істеп жүрген 3 сотталушы тексеру жұмысы кезінде 2 рет сотталған азаматтардың пайдалануы мен сақтауына тыйым салған заттарды өзімен бірге алып кірмекші болған. 3 сотталушының тәртіптік іс-құжаты жинақталып, Қызылорда қалалық сотына ұсынылған.Осылайша, 3 сотталушы азамат сот қаулысымен қауіпсіздігі төмен мекемесінен қауіпсіздігі орташа мекемесіне жазасын өтеу үшін ауыстырылған.
ҚАЖ департаментіне қарасты мекемеде орта немесе арнаулы білім алмаған сотталушылардың оқуына мүмкіндік беретін колледж филиалдары бар. Мысалы, жуырда ғана №60 мекемесінің 140-тан астам жазасын өтеушісі М.Саламатов атындағы Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі мен С.Ысқақов атындағы Құрылыс және бизнес колледжінің дипломын алды.
"Техник-механик" мамандығы бойынша диплом алған жазасын өтеуші А. ай сайын шәкіртақы алғанын, білім көкжиегін кеңейткенін айтады.
– Бізді қоғамнан шеттетпей, бөліп-жармай, тұлға ретінде қалыптасуымызға жағдай жасап жатыр. Тіпті, мамандық иесі атануымызға мүмкіндік берді, ол үшін мекеме әкімшілігіне алғысымды білдіремін. Тек мамандықты игеріп қана қоймай, шәкіртақы да алып тұрдым. Отбасыма қаржылай көмектестім. Бостандыққа шыққан соң осы мамандығым бойынша кәсіп ашып, өзімді одан әрі дамытқым келеді, – дейді жазасын өтеуші.
Түзеу мекемелерінің қызметтік үй-жайлары бейнебақылау камераларымен толықтай қамтылған. Сондықтан, қызметкерлер мен жазасын өтеушілерге заң бұзу әрекетін жасауға еш мүмкіндік жоқ. Оның үстіне әр мекемеде сотталушының саусақ таңбасын қою арқылы арыз-шағым жолдайтын құрылғы орнатылған. Ондағы жазуды сотталған азаматтың өзінен басқа ешкім көре алмайды. Бұл түзеу мекемелеріндегі түрлі қысымның алдын алу үшін жасалып отыр.