Латын әліпбиін қайта қабылдау финалдық кезеңге шықты

1724

Қазақтың жазу реформасын Ресейдегі күңкіл тоқтата алмады. 

Латын әліпбиін қайта қабылдау финалдық кезеңге шықты

2018 жылғы ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен латын әрпіндегі  қазақтың жаңа әліпбиін бекіткен болатын. Ол алдыңғы жарлықтағы нұсқасынан ерекшеленді, дәйекше-апострофтары бар әріптер алып тасталып, орнын жаңа диакриттік белгілер – акуттар қойылған қаріптер басты. Бұл әліпби 32 әріптен тұратын. Сол жылы Қазақстанда білм беру мекемелерінің жаңа жазуға көшуінің кестесі қабылданды. Білім және ғылым министрінің бұйрығы бойынша барлық балабақша, мектеп, колледж, кәсіптік мектеп және жоғарғы оқу орындары 2025 жылға дейін латын әліпбиіне толық көшуге тиіс болды.

Алайда Қазақстанда билік транзиті болған соң, бұл істе кідіріс туды. 2019 жылғы 21 қазанда Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа әліпбидің енгізілуі тоқтатыла тұратынын хабарлады.

"Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр", – деді ол Twitter арқылы.

Артынша 2019 жылғы 4 желтоқсанда Германияға бірінші сапары қарсаңында Deutsche Welle терерадиокомпаниясына сұхбат берген Қ.Тоқаев әліпби нұсқасын "сәтсіз" деп атады.

"Қазақ тілінің латинницадағы жазуының 3 нұсқасы ұсынылды. Менің ойымша, үшеуі де сәтсіз. Тиісті ведомстволарға оны қайта қарауға, ғылыми көзқарас танытуға, сөйтіп, асықпай, 2025 жылға қарай осы мәселені шешуге жан-жақты қаруланып келуге тапсырма бердім", – деді Мемлекет басшысы.

Кириллицаның посткеңестік кеңістіктегі өрісі тарылғанына қайғырған ресейлік саясаттанушылар мен ақпарат құралдары осы жаңалықты жамырай жариялап, жапа-тармағай талдады. Олар тіпті "Мәскеудің қатаң әрі табанды талап етуімен Қазақстан осы англо-саксондық қадамынан бас тартты" деп көкірек кере жорамал айтты.

Бірақ қазақ елі бас тартпапты. Мұны осы тарихи процеске жауапты Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады. Ведомство басшысы көрнекті ұстаз, қоғам белсендісі Нұрболат Ержановтың сауалына жауап берді.

"Міне, енді әліпбиді жетілдіру жұмыстары да қорытындылау кезеңіне келіп жетті", – деп мәлімдеді Ақтоты Райымқұлова.

Ол ел Президенті Қ.Тоқаев әліпби жобасын Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, тиісті мамандарды тартып, егжей-тегжейлі талқылауға тапсырма бергенін еске салды.

"Осы орайда 2020 жылғы 2 маусымда Орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Онда әліпби жобасы ғылыми тұрғыдан қайта зерделенді. Осыдан кейін әліпби жобасына берілген ұсыныстар әдістемелік тұрғыдан қаралу мақсатында Білім және ғылым министрлігіне жолданды. Әрі қарай жұмыс бірлесе отырып атқарылатын болады. Жетілдіру жұмыстары толық аяқталған соң, нәтижесі Үкімет жанынан құрылған Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысына шығарылады", – деді министр Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, БАҚ-та талқылау үшін жалпы саны 582-нен астам материал жарық көрді. Жекелеген таңба бойынша 116 материал жарияланды.

Жас ұрпақ әліпбиге пікір қосқан

Биылғы жылы жұмыс топтарының қатысуымен бірнеше кеңейтілген отырыс өткізілді. Онда бірқатар нұсқадағы әліпби жобасы, кейбір әріптердің жазылуы мен пернетақтадағы орналасуы бойынша мәселелер қарастырылды. Коронавирустық пандемия салдарынан талқылаулар онлайн жүрген.

Министрдің айтуынша, әліпбиді жетілдіру кезінде тілдің табиғаты, әріптердің қолданылу жиілігі, халықаралық тәжірибе, техникалық жағынан қолданылу тиімділігі ескеріліп, жан-жақты қаралды.

Жалпы, Қазақстан жаңа қазақ әліпбиін бүкіл халық болып жаңартуда.

"Талқылау барысында қоғам тарапынан бізге бірқатар ұсыныстар түсті. Жалпы, латын графикасына негізделген 30-дан астам жоба қарастырылды. Оның ішінде лайықты 9 жобаны авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар саралады. Жобаны ұсынушылардың сапалық құрамы әртүрлі. Филолог, жаратылыстану, техника ғалымдары, жеке азаматтар, тіпті бизнесмендер бар. Жоба авторларына ресми түрде ғалымдардың сараптамалық қорытындысы берілді", – деді министр.

Бұл ретте жасампаз ұрпақ – жастар пікірі де назарға алыныпты: финалға шыққан әліпби нұсқалары таңбаларының жазылуы және оқылуы бойынша білім беру орындарында 3 рет оқушылар мен студенттер арасында сауалнама жұмыстары жүргізілді. Біріншісінде, әліпби жобалары "Жас Отан" жастар қанатының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласындағы 14 жоғары оқу орнының белсенді студенттері арасында талқыға салынған. Екіншісінде, барлық өңірлерде ЖОО студенттері арасында кейбір дыбыстарға қатысты ашық талқылаулар өтіп, қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.

Үшіншісінде, Жазушылар одағының елордалық филиалында Еуразия ұлттық университеті, Еуразия гуманитарлық институты және Қарағанды мемлекеттік университеті өкілдері арасында талқылау жалғасты. Түскен барлық ұсынысты Орфографиялық жұмыс тобы ескеріпті.

"Вирус" әріптерден арылу керек

Әліпбидің соңғы нұсқасын министр емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жарлығымен бекітеді деп күтілуде. Сондықтан Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері ел басшылығының таңдауына бір емес, бірден үш нұсқа шығаруы керек. Ол нұсқалар дайын көрінеді.

Оларда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған "әліпбиімізде пернетақта-клавиатурадағыдан артық-ауыс таңба болмасын" деген талап сақталыпты.

Сарапшылардың айтуынша, арасында жетілдірілген бірінші акут жобасы бар. Екіншісі ретінде умлаут (Umlaut) жобасы кірген. Ондай таңбалар неміс тілдеріне тән. Белгілі тіл маманы Бижомарт Қапалбектің түсіндіруінше, мұнда да әріптер "түртіледі": қаріптің төбесіне, астына ноқат не сызықша қойылады. Мысалы, Ӓ дегеніміз Ә, Ӧ – Ө, Ğ − Ғ, Ș – Ш.

"Төбесін түрт, астын сыз, әріптің өне бойына өзгеріс енгіз, бәрібір жасанды таңба болып есептеледі. Олар үшін бәрібір қосымша бағдарлама жасалады. Сондықтан мен үшінші жобаны қолдаймын. Ондағы Ә мен Ө халықаралық фонетикалық әліпбиде бар, керек десеңіз Ү де бар. Жетпейтін таңбаны аспаннан емес, осы кеңейтілген латын жүйесінен алу керектігі белгілі", – дейді Бижомарт Қапалбек.

Алайда үшінші жобада пікірталас туғызатын жайттар да кездеседі.

"Бір келіспейтін нәрсе, үшінші жобада 31 таңба бар. Бұл дұрыс емес. Бұрын 42 таңба болған, ақырындап-ақырындап 11-і өз үйіріне кетті. Үшеуі – Ф, В, Х (оны Һ ауыстыра алады) қалып қойды. Қазақ тілінің жүйесі үшін бұлар вирус, бөтен. Тіл жүйесі тілдің ішкі заңдары бұларды керек қылып отырған жоқ. Бұны жобадан-жобаға сүйреп жүрген саясат және саясатқа жалтақтаған ғалымдар", – дейді филолог ғалым.

Қалай болғанда, ел басшылығы бекітпес бұрын ақырғы үш нұсқа толығымен жарияланып, жұртшылықтың жаппай талқысына салынғаны жөн сияқты. Бұл халық қабылдамас "сюрприз" болмауы үшін қажет.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу