Лифтімен айналысатын компаниялар саны күрт азаяды

21391

Қазақстанда 17 мыңнан астам ғимаратта қауіпті "жеделсаты" тұр.

Лифтімен айналысатын компаниялар саны күрт азаяды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елде лифтілер, эскалаторлар, фуникулерлар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер секілді қауіпті техникалық құрылғыдағы ақаулар кесірінен болатын апаттардың, жазатайым оқиғалардың, соның ішінде адам өліміне соқтырған қайғылы жағдайлардың өскенін хабарлады.

Қазіргі кезде елде 51 мыңдай көпқабатты тұрғын үй бар екен. Ведомство мәліметінше, соның ішінде баспана және әлеуметтік нысандардағы жүк пен адам көтеретін қауіпті техникалық құрылғылардың саны 17,5 мыңға жеткен. Олардың бәрі күнделікті пайдаланылады.    

"Ішкі істер министрлігінің дерегінше, сапасыз техникалық қызмет көрсету салдарынан жыл сайын лифтілердегі, эскалаторлардағы технологиялық бұзылушылықтар, апаттар және қайғылы оқиғалар саны көбейіп барады. 2017–2019 жылдар аралығында елорданың өзінде лифтілердің, эскалаторлардың, көтергіштердің жұмысындағы ақауларға байланысты 40-тан астам оқиға болды. Павлодарда одан да көп: 63 оқиға. Мысалы, 2017 жылы Астанада лифтілердің құлауының үш, Павлодарда 1 оқиғасы тіркелді. Адамдардың зардап шегуіне соқтырған ұқсас оқиғалар Алматыда, Ақтөбеде, Атырауда, Лисаковта, Павлодарда орын алды", – деп хабарлады индустрия министрлігі.

Ұлттық заңнаманы күрт "ізгілендіру", әрі лицензияларды жою науқаны нәтижесінде ұзақ жылдардан бері лифт шаруашылығы мемлекет тарапынан реттелмей, бақылаудан тыс қалды.

Салдарынан, лифт, эскалатор және кемтар жандарға арналған көтергіштерді монтаждаумен, жөндеумен, техникалық қызмет көрсетумен шұғылданатын компаниялардың ісін ешкім қадағаламады. Басқаны айтпағанда, заңнамада оларға ешқандай біліктілік талаптары да қойылмапты. Бұл ретте тұрғын үй, әлеуметтік нысан салатын құрылыс компаниялары осындай фирмалар арасынан ең арзан қызмет ұсынатынын жалдайды. Оның арты сапасыз "жеделсатының" орнатылуына соқтырады. Жағдай енді ғана өзгеруде. 

Әкімге сөз берсек

Сондай бір жағдайды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндап берді. Оның айтуынша, осыдан екі жыл бұрын елордадағы №8 емхана лифт шахталарына күрделі жөндеу жүргізіп, жаңа лифтілер орнатуға кіріседі. Бас қаласының ескі орталығындағы ең сұранысқа ие осы емханаға бас сұққан адамдар жақсы біледі: онда біраз жылдан бері Беларустің "Могилевлифтмаш" компаниясының көне технологиялы лифтілері тұрды, олар қаралуға келген сырқаттарды да, жұмысымен сүрліккен медицина қызметкерлерін де әбден азапқа салды. Жүруінен тұруы көп болды, жиі істен шықты, қозғала қалса, тоқтаған сайын қатты селкілдеп, ішіндегі елдің есін шығарды. Кейде есігі ашылғанда, адамдар лифтінің едені ғимарат еденінен төмен тұрғанын байқап, аяқтарын жоғары көтеріп жатуға мәжбүр болатын.

Сондықтан емхана 2018 жылғы 29 мамырда тендер жариялап, кәсіпкерлерге №8 емхананың балалар мен ересектерге арналған екі корпусында 4 лифтіні ауыстырып, олардың шахтасын күрделі жөндеуді ұсынды. Мемсатып алулар веб-порталындағы жобалау-сметалық құжаттамада (ЖСҚ) лифтінің есігінің ені 1,1 метр болуға тиіс делінді.

"Сатып алулар қорытындысында "ҚазЛифт" қазақстандық лифт құрылысы компаниясы" ЖШС жеткізуші ретінде айқындалды. Жұмыстарды орындау барысында жеткізушінің конкурстық құжаттама талаптарын аяқасты етіп, есігінің ені 80 сантимент ғана болатын, жолаушылар мен жүкке арналған екі лифт орнатқаны әшкереленді. Құжаттамада ол 110 сантиметр болуға тиістігі жазылған. Содан компанияға анықталған сәйкессіздікті жою жайында ескерту хат бірнеше рет бағытталды. Алайда "Қазлифт" олардың бәрін қараусыз қалдырды. Керісінше, бекітіліп қойылған ЖСҚ-ға өзгеріс енгізіп, есіктің енін өзгертуді талап етті. Сәйкессіздікті жою жайында жүргізілген тікелей келіссөздер аясында ортақ шешімге қол жеткізілмеді. Ақыры №8 емхана басшылығы қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап-арызбен жүгінуге шешім қабылдады", – дейді елорда әкімі.

Алтай Көлгіновтың блогында келтірілген мәліметке сәйкес, 2018 жылғы 14 қарашада сот "ҚазЛифт" ЖШС-ын мемлекеттік сатып алулардың жосықсыз қатысушысы деп танып, одан келісім-шарт бойынша айыпақы өндіру туралы үкім шығарады. Компанияның "ЖСҚ-ны өзгерту және орындалған жұмыстар актісін күшінде деп санау" жөніндегі қарсы талаптарын қанағаттандырудан судья бас тартыпты.    

Рас, бұл оқиғаның жалғасы бар көрінеді. Жаңа ақпарат агенттігінің тілшісі Кирилл Павлов №8 қалалық емхана 2020 жылғы мамырда лифт орнату бойынша конкурс жариялағанын жеткізді. Онда сипаттамалар қатарында лифтілердің есіктерінің ені 80 сантиметр болуға тиіс екені көрсетіліпті. Бірақ ол тендерге "ҚазЛифт" қатыса алмайды. Бұл әрине, басқа тақырыптағы сараптаманың әңгімесі болса керек.

2020 жылы Нұр-Сұлтан әкімдігі ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы аясында 50-ден аса көп қабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізіп, 100-ден аса лифтіні ауыстыру жоспарын жүзеге асыруда. 

Аттестаты жоқтар ары тұр

Қалай болғанда, ел Үкіметі саланы реттеуге мықтап кірісті. Жақында тиісті заң жобасы күшіне енді. Бүгінде "Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" 2014 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған Инвестициялар және даму министрі міндетін атқарушысының №299 бұйрығын өзгертетін жаңа бұйрық жобасы әзір.

Алты жыл бұрынғы құжатқа сәйкес, кәсіпкер ретінде тіркелген кез келген жеке немесе заңды тұлға осы салада "кәсіпкерлік қызметінің басталғаны" туралы хабарлама жолдай салып, лифт не эскалатор орнату және оған қызмет көрсету жөнінде келісім бекіте беретін.

Артынша әлдеқалай лифтіге қатысты мәселе туындай қалса, жауапты кәсіпкер жөндеу жүргізуден бас тартып, кәсіпкерлік қызметін тоқтата салатын. Бұл елімізде лифтілердің жаппай сын көтермес жағдайға жетуіне соқтырды. Ал коммерциялық жылжымайтын мүліктің иесі, яғни бизнесмендер, сондай-ақ тұрғын үйдегі қарапайым азаматтар амалсыздан, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қауіпті техникалық құрылғыны пайдалануын жалғастыруға мәжбүр болады.

Жаңа бұйрық қабылданғаннан кейін тәжірибе түбегейлі өзгеруге тиіс.

Құжатқа сәйкес, саладағы компанияларға рұқсат құжатын алу кезінде біліктілік талаптарын қою көзделіп отыр. Ол талаптарды аталған министрліктің өзі әзірлеп, бекітеді деп күтілуде.

"Қызмет жеткізушілерге біліктілік талаптарын бекіту – лифт, эскалатор, траволаторды, сондай-ақ мүгедектерге арналған көтергіштерді монтаждау, техникалық қызметін көрсету, техникалық диагностикалау және жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізу құқығын алғысы келетін заңды тұлғаларды аттестаттау бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай тәртібін қамтамасыз етеді. Осының арқасында бұл қызметтерді көрсетумен тек келісімшартқа сәйкес жұмыстардың барлық түрін орындайтын мамандандырылған ұйымдардың айналысуы қамтамасыз етіледі. Осылайша азаматтардың денсаулығына зиян келтірудің алдын аламыз", – деп түсіндірді ИИДМ.

Қарапайым тілмен айтқанда, лифт шаруасымен шұғылданғысы келетін барлық заңды тұлға аттестаттаудан өтуі керек болады. Оның барысында құзырлы орган компанияның біліктілік талаптарға қаншалықты сай келетінін, мамандары мен құралдарының бар-жоқтығын тексереді.

"Осы норманы жүзеге асыру үшін барлық дайындық жұмыстары жүргізілді", – делінген министрлік жариялаған талдау нысанында.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу