Ливандағы оқиғадан кейін әлем назары пейджер байланыс құрылғысына ауды

747

Жалпы пейджерлерді біреулер әлі пайдалана ма? 

Ливандағы оқиғадан кейін әлем назары пейджер байланыс құрылғысына ауды Фото: reuters

Ұялы телефондар әлемдегі негізгі байланыс құралына айналғандықтан, пейджерлер негізінен ескіріп, оларға сұраныс 1990-шы жылдардағы гүлденген кезінен мейлінше төмендеп кетті.

Бірақ осынау кішкентай ғана электронды құрылғылар беріктігі мен батареясы ұзақ қызмет ететіндіктен, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар қызметтері сияқты кейбір салаларда маңызды байланыс құралы болып қалып отыр.

"Пейджерлер- көп адамға жауапты қажет етпейтін хабарлама жіберудің ең арзан және тиімді жолы", - дейді Ұлыбританиядағы ірі аурухананың аға хирургы "Рейтерге" берген сұқбатында. Оның сөзінше, пейджерлерді дәрігерлер мен медбикелер бүкіл "Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жүйесінде" (NHS) жиі қолданады.

"Бұл құрал адамдарға қайда, қашан және не үшін бару керектігін хабарлау үшін пайдаланылады", - дейді ол.

Сейсенбі күні Ливанда бір мезетте пейджерлер жарылғанда, "Хезболла" қарулы тобының мыңдаған мүшесінің арасында кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 3,000-ға жуығы жараланды.

Ливандағы жоғары лауазымды қауіпсіздік өкілінің айтуынша, бұл құрылғылардың ішіне жарылғыш заттарды Израильдің "Моссад" барлау агенттігі салыпты.

Ұлыбританияның "Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жүйесінде" 2019 жылы шамамен 130 000 пейджер пайдаланылған. Бұл - әлемдегі пейджерлердің 10-нан бірінен астамы.

Аурухананың жедел жәрдем бөлімшелерінде жұмыс істейтін дәрігерлер оларды шақырту алғанда ұстап жүреді екен.

"Көптеген пейджерлер сирена жібере алады, содан кейін олармен барлық медициналық топтарға бір уақытта төтенше жағдай туралы ескерту мен дауыстық хабарлама жөнелтуге болады. Ал, ұялы телефонмен мұндай әрекет мүмкін емес", - дейді NHS-тің аға дәрігері.

Ұлыбритания Корольдік құтқарушы қайықтар институты да өз экипаждарын ескерту үшін пейджерлерді пайдаланатынын хабарлап отыр.

Бірреттік телефондар

Смартфондарға қарағанда пейджерлерді аңду қиынырақ, өйткені оларда ғаламдық позициялау жүйесі - GPS жоқ.

Сондықтан, оларды қылмыскерлер, әсіресе АҚШ-та есірткі саудагерлері бір кездері көп қолданған.

"Бірақ бүгінде бандалар ұялы телефондарды көбірек пайдаланады. Пейджерлерді біреу қолдана ма, білмедім. Қылымскерлердің барлығы ұялы телефондарға, бірреттік телефондарға көшкен. Мұндай құрылғыларды оңай жоюға және басқа нөмірмен өзгесін алуға болады. Оларды іздеу қиын", -  дейді бұрынғы ФБР агенті Кен Грей.

Федералдық тергеу бюросында 24 жыл қызмет еткен және қазір Нью-Хейвен университетінде қылмыстық сот төрелігі мен ішкі қауіпсіздіктен сабақ беретін Грей қылмыскерлердің заман мен жаңа технологиямен бірге өзгеріп жатқаны айтады.

Cognitive Market Research компаниясының сәуір айындағы есебіне сәйкес, өз заманында Motorola сияқты компаниялар үшін негізгі кіріс көзіне айналған жаһандық пейджерлер нарығы 2023 жылы 1,6 миллиард долларға әрең жеткен.

Бұл - 2023 жылдың аяғында шамамен жарты триллион АҚШ долларына бағаланған дүниежүзілік смартфондар нарығының болмашы ғана бөлігі.

Бірақ пейджерлерге сұраныс артып келеді. Өйткені пациенттердің көптігі денсаулық сақтау секторында тиімді коммуникацияға көбірек қажеттілікті туындатып отыр, делінген аталған есепте. 2023 жылдан 2030 жылға дейін олардың саны жыл сайын 5,9 пайызға көбеймек.

Зерттеулерге қарағанда, Солтүстік Америка мен Еуропа, сәйкесінше, 528 миллион доллар және 496 миллион доллар табыс әкелетін ең үлкен екі пейджер нарығына айналған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу