Мәдениет министрлігі фонограмма туралы жаңа қағиданы жариялады

12724

Минустық фонограмманы қолданса, "ол туралы көрерменді хабардар ету міндетті емес".

Мәдениет министрлігі фонограмма туралы жаңа қағиданы жариялады

Әрбір қазақ – әнші. Бірақ нағыз күміс көмей, алтын алқым сүлейлер сапына тек дауысы алты қырдың астынан, алыс жерден, қашықтан естілетіндері ғана енген.

Өйткені үлкен аста, аламан тойда бірнеше шақырымға созылып, самсата тігілген киіз үйлердің әр шетінде әуелете ән шырқаған әралуан ақын-жыршы, сал-сері зор даусымен көрерменді баурап, шақырып, елтіп әкетуге тиіс болған. Кең даланы керней самғаған әнді естісе көрермендер бір әнші-ақынды тастай салып, екіншісіне жүгіретін болған. Зор дауыс – бәсеке тудыратын, дарындар жарысын қыздыратын, халықтың сый-құрмет, қадір-қошеметін әкелетін.

Көрермендер дауыс күшейткіш небір аппаратуралармен жабдықталған сарайлар мен залдарға қуып тығылғалы кең тынысты дауыс бәсекеде артықшылық болудан қалды. Содан орындаушылар жаппай фонограммаға көшті. Әнші сахнадан түсіп, залды аралағанда оның еш ұялмай, жай ғана аузын жыбырлатып жүргенін көріп, көрермендер басында бет шымшыды, кейін еті өліп кетті.

Дегенмен, жұртшылықтың жанды дауысты аңсаған бөлігі фонограммаға тыйым салу туралы бастаманы көптен көтеріп келеді. Пікірталас әсіресе, 2005 жылы күш алды. Алайда әншілерді бизнесінен айырмау мәселесін ойлаған мәдениет министрлігі бұл бағытта батыл қадам жасай алмады. Осылайша, ескі заңның орнына келген 2006 жылғы "Мәдениет туралы" жаңа заңда орындаушылардың концертте таспадағы жазбасын қойып, елде алдауына сол бойы тыйым салынбады.

Бар бітіргені – 2020 жылы ел Парламенті осы заңға өзгеріс енгізіп, концерт ұйымдастырушыларды фонограмма қолданылатыны туралы көрерменге хабарлауға міндеттеді.

Афишаны безендіру өзгерді

Заң қабылданып, күшіне енгенімен министрлік деңгейінде заңдық актілер шығарылмаса, бұл тетік іске қосылмайды. Осы орайда мәдениет және спорт министрінің "Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау қағидаларын бекіту туралы" бұйрығының жобасы әзірленді.

Айтпақшы, бұл қағида әншілерге ғана емес, сонымен бірге аниматорларға, актерларға, бишілерге, цирк қызметкерлеріне, қуыршақ театрларына қатысты қолданылады. Себебі, олардың бәрі фонограммамен жұмыс істейді екен.

Қызығы сол, министрліктің осы құжатына сәйкес, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар, сондай-ақ оған қатысатын шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар тек плюстік фонограмма, яғни адам дауысы бар фонограмма пайдаланылатыны туралы ғана көрерменге хабарлауға міндеттеледі.

Ал минустық фонограмманы қолданса, "ол туралы көрерменді хабардар ету міндетті емес". Бұған музыкалық, драмалық немесе шулы-музыкалық туындының дыбыстық жазбасы жатады. Бэк-вокал да кіреді. Тек жазбада негізгі орындаушының дауысы немесе соло дауысты партиялар естілмесе, болғаны. 

Сарапшылар "концертте ешқандай жанды дауыс болмайтынын, бастан-аяқ жасанды екенін билетте жазуды" ұсынған. Ол ұсыныс өтпеді.

Мәдениет ведомствосының белгілеуінше, ұйымдастырушылар дауысты фонограмма пайдаланылатыны жөніндегі ақпаратты афиша, үнпарақ секілді сыртқы, көрнекі жарнамаларға жазады. Сондай-ақ ол ескерту кассаның жанында орналастырылуға, БАҚ арқылы жариялануға тиіс.

Бұл ретте мұндай ақпараттың көлемі афиша не плакаттың жалпы көлемінің ең кемі 20%-ын құрауы қажет және қазақ, орыс, қажет болса, басқа тілдерде көрсетіледі.

Әдетте маркетологтар өнімнің құнын түсіретін мәліметті лупа не көзілдіріксіз оқи алмайтындай етіп жазғызады. Осыны ескерген министрлік фонограмма туралы сөздерді артқы фонмен тұтасып кететіндей түстегі қаріптермен теруге және ақпаратты қабылдауды төмендететін басқа да тәсілдерді қолдануға тыйым салды.

Сыбырлауға рұқсат жоқ

Концерттер телеарна мен радиодан көп жарнамаланады. Сондықтан оларға жеке мән беріліпті.

Мысалы, ұйымдастырушы құлаққа түрпідей естілетін фонограмма сөзін жасырып, жарнамада ол жайында жалпақ жұрттың жартысы естімейтіндей етіп, сыбырлай не міңгірлеп айта салуы мүмкін. Болмаса, "фонограммасы да жоқ емес" деп, осындағы "емес" сөзін естілер-естілместей айтып, қулыққа басуы мүмкін.

Бұл "схемалардың" алдын алу амалдары қарастырылған.

"Бұқаралық іс-шараларды өткізу туралы радио және телеарналарда берілетін ақпараттың басында немесе соңында фонограмма пайдаланылатыны туралы хабарлама кемінде 5 секундты құрауға тиіс. Фонограммаға қатысты хабарламаның дыбыс деңгейі бұқаралық іс-шараны өткізу туралы жалпы хабарламаның дыбыс деңгейінен төмен болмауы керек", – деп жазылған онда.

Рас, егер жарнаманың жалпы ұзақтығы эфир уақытының 15 секундынан аспайтын болса, әлгі 5 секундты 1 секундқа дейін азайтуға рұқсат: қысқа ғана "фонограмма пайдаланылады" десе жетеді.

Фонограмма туралы ақпаратты хабарлау кезінде оны "интершуммен", өзге де дыбыстармен бұрмалауға немесе оның естілуін төмендететін басқа тәсілдерін қолдануға жол берілмейді.

Осыдан кейін ондай жалған концертке бару-бармау жайын әр көрермен өзі шешеді. Мысалы, былтыр Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев фонограммамен көрермен алдына шығу халықты мазақ ету екенін айтты. Концерт кезінде фонограммасы өшіп қалып, елге мазақ болған әншілер туралы бейнероликтер де YouTube-те жетерлік.

Айта кету керек, қазіргі кезде әлемде Қытайда, Әзербайжанда (мемлекетке қарасты концерт залында), Өзбекстанда және Түрікменстанда ғана фонограммамен ән шырқауға тыйым салынған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу