Майқайыңның тосыннан сыры ашылып қалды

10461

Қоғам белсенділері Мысыр сияқты тұтас елдің қорынан да көп алтын өндірген компанияның өз жұмысшыларынан ақша аяп келгенін анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Майқайыңның тосыннан сыры ашылып қалды Фото: ТЖМ

"Майқайыңалтын" АҚ кенішінің аумағында жерастына құлап кеткен жолаушылары бар автобусты іздеу жалғасуда. Апат орнынан 150 мың текше метрден артық топырақ қазылып, шығарылды.

"Опырылған жердің түбіне техника өтуі үшін ауыр техниканың көмегімен бағаналық-коллоналық жолды, өткелді кеңейту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, 150 мыңнан астам текше метр топырақ пен тау жынысы шығарылды. 13 қаңтарда облыстық ТЖД құтқарушылары опырылған жердің түбіне тағы да түсті. Бұл автобустың орналасқан жеріне топырақ пен тау жыныстарының сырғуы ықтималдылығын анықтау үшін жасалды. Топырақтың сырғу қаупі сақталуда", – деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Қайғылы оқиға 4 қаңтардың түнінде болды. "Майқайыңалтын" АҚ кеніші шахтасының жанында жол опырылып, жолаушылар отырған автобус тұңғиыққа құлаған.

Сол кезде автобус ішінде 3 құтқарушы және жүргізуші болған. Қаза тапқан қос адамның мәйіті табылды. Олардың 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич екені анықталды. Олар – Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабының Павлодар филиалының қызметкерлері еді.

Олар "Майқайыңалтын" шахталары ауданында түтіннің туындауына байланысты шақыртылған екен.  

Облыс әкімі қаза тапқандардың және мүрдесі табылмаған құтқарушылардың отбасыларына 4,5 миллион теңгеден көмек төленетінін мәлімдеді.

Мамандар 5 қаңтарда жоғалған құтқарушыларды иттің көмегімен іздеуге талаптанған. Содан кейін Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлағандай, іздеу жұмыстарында геосканер қолданылды. Оның көмегімен 7 қаңтарда 5 метр тереңдікте топырақ астынан автобустың ықтимал орналасу орны анықталды.

8 қаңтарда қайтадан топырақты сканерлеу жүргізілді. Нәтижесінде, іздеу-құтқару жұмыстарының барысына түзету енгізіпті.

Оқиға орнына ТЖМ, КӘАҚҚ РОШ, жергілікті атқарушы органдар, "Майқайыңалтын" АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелері тартылды. Іздеу жұмыстарына барлығы 142 адам, 50 бірлік техника, 3 кинологиялық есептоп және 2 дрон жұмылдырылды.

Жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында ТЖМ-нің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаевтың төрағалығымен арнайы комиссия жұмыс жүргізуде. Комиссия құрамына Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің, еңбек басқармасының, КӘАҚҚ РОШ, кәсіподақ ұйымының басшылары мен мамандары кірді.

Объективті тергеуді ұйымдастыру және жазатайым оқиғаның себептерін анықтау үшін төрт сараптама ұйымының өкілдері тартылды.

Мамандардың есептеуінше, автобус құлаған жерасты апанының тереңдігі кем дегенде 150 метрге дейін жетеді. Бұл – елу қабатты ғимараттың биіктігіндей.

Өткен жексенбіде жұмысқа ауыр техника тартылды. Олар жер астында жұмыс істей алуы үшін жарылыс жұмыстары жүргізіліп, жол біршама тазартылды. Сондай-ақ іздеу тиімділігін арттыру үшін дрондар жіберілді.

Бұдан бөлек, кеше іздеу-құтқару операциясына алып көтергіш кран да қосылды. Оның көмегімен мамандар опырылған орға түсіп, Балқаштан арнайы әкелінген георадарды орнатты. Апанның түбіне бес метр қалғанда, құтқарушылар метал қалдықтарын тапқан. Бұл жерастына түсіп кеткен автобус болуы мүмкін деген болжам бар.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов журналистерге арналып, Үкімет үйінде өткен брифингте Қазақстанда мұндай жағдай бұрын ешқашан болмағанын айтып, ақталды. Сондықтан тұңғиықта жатқан автобусты тез табу қиын болған.

Министр автобустың неге құлағанының да егжей-тегжейін әңгімеледі. Оның айтуынша, кеніш-рудник шахтасының операторы әлдебір дүмпу болып, түтін көтерілгенін біліп, құтқарушыларды шақырған. Сол дүмпу топырақтың тереңдікке опырылып құлауынан туындауы мүмкін. Бірақ мұның бәрі түн ішінде болғандықтан, жерастында терең шұңқыр пайда болғанын ешкім анықтай алмағанға ұқсайды.  

Сонымен бірге жұртшылық кен орнында жерастын қарқынды қазып жатқан "Майқайыңалтын" компаниясына да назар аудара бастады.

Компанияның өз дерегінше, "Майқайыңзолото" АҚ (компания өзін ресми осылай атайды) – құрамында алтыны бар рудаларды өндіріп, өңдеумен айналысатын Орталық Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын қазіргі кезде Павлодардың Ертіс жағалауы аймағында орналасқан Майқайың "В" және Алпыс кен орындарының барланған қорларын игеруде. Мұндағы астатөк алтынды кен "заманауи тау-көлік жабдықтарын қолданып, екі жерасты кенішін игеруге мүмкіндік береді".

Компания еліміздің орталығындағы қаншама кен орнын босатып, алтынын және басқа қазынасын түп қотарып алып қойғанын жасырмайды. Бүгінде соның екеуі ғана қалған.

"Өз тарихында "Майқайыңзолото" АҚ Орталық Қазақстанның көптеген кен орындарын игеріп шықты. Олардың арасында ұсақтары да, орташалары да, ірі кен орындары да бар. Бұлар – Кіші Майқайың, Майқайың "А", "В", "С", "Д", "Е", "F", Новое, Найзатас, Жусалы, Александровское, Төртқұдық, Жанғабыл, Аймандай, Жыланды, Сувенир, Алпыс, Мизек, Мыстобе, Қайнарбұлақ, Алтынсай, Бирюк, Жақсы, Ортасай, Долинное, Жұманай, Наурызбай, Новоднепровское, Матсор, Олимпийское және басқалары. Бүкіл кезең ішінде кәсіпорын жер қойнауынан 16,7 миллион тонна (!) кенді сыртқа шығарды. Оның құрамынан 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 тонна мыс, 300 тонна мырыш және өзгесі алынды. Жер астынан шығарылған 13 миллионнан астам тонна тауарлық руда кәсіпорынның төл байытушы фабрикаларында өңделді", – делінген компанияның ресми сайтында.

Осыдан-ақ жер астында қаншама шақырымдық бос қуыстар жатқанын байқауға болады.

80 тонна алтын – аз ба, көп пе? Салыстырсақ, бұл Египет, Австралия, Кувейт, Индонезия, Дания, Аргентина, Қатар, Гонконг сияқты әлемдегі 60 шақты мемлекеттің бүкіл алтын резервінен көп.

Белгілі журналист, азаматтық белсенді Кирилл Павловтың жазуынша, "Майқайыңзолото" сербиялық олигархқа тиесілі болуы мүмкін. Компанияның ресми сайтында түпкі құрылтайшыларына қатысты тиісті ақпарат табылмады. Тек директоры ғана көрсетілген.

Тіпті 2022 жылғы қаржылық есептілігі де бүгінде ашылмайды.

"Кен орнында автобус тұңғиыққа құлап, адамдар қаза тапқан "Майқайыңзолото" АҚ қаптаған оффшорлық компаниялар арқылы сербиялық олигарх Милан Поповичке тиесілі. Ол ресейлік олигархатпен байланысты екені жазылып жүр. "Майқайыңзолото" АҚ компаниясының 2022 жылғы жалпы табысы 13,2 миллиард теңгені құрады. Ал компанияның ақша айналымы 25 миллиард теңгеден асады. Бұл ретте оның персоналға шығыны мардымсыз. Мысалы, кадрларды даярлауға және біліктілікті арттыруға небәрі 4,7 млн теңге бөлген. Әлеуметтік жүктемесі одан да аз. Кен өндіру контрактісінде компанияға "жылыжайлық" жағдайлар жасалған", – деген Кирилл Павлов "Майқайыңзолотоның" 2022 жылға аяқталған қаржылық есептілігінен үзіндіні жариялады (2023 жылдың есебі әзір шықпаған).

Онда мысалы, жалақыға бір жылда 729,8 млн теңге жұмсалғаны жазылыпты. Компанияның қаржылық есебінде көрсетілгендей, сақтандыруға – небәрі 24 млн, негізгі құралдарды жөндеуге – 6,7 млн, қайырымдылыққа және материалдық көмекке – 120 мың (миллион емес) теңге бағыттапты. Жұмысшыларды медициналық тексеруге 3,8 млн теңге ғана бөлген. Салыстырсақ, мерекелік шараларды, банкеттерді өткізуге 11,7 миллион шығындалды.

Компания есебінен анықталғандай, "Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға аударылым" деген тұста бар-жоғы 1,5 миллион теңге көрсетілген. Ауыр жұмыс атқаратын жұмысшыларының өміріне және денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге 3,6 млн теңгеден артық бөлуді жөн санамаған.

Президент бизнес өкілдерімен кездесулерінде Әділетті Қазақстанға халық пен мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінетін бизнес қана керектігін бірнеше рет ескертті. Қазақ жерінің астындағы алтын-күмісін және басқа қазынасын көсіп-қазып алып жатқан компания осы қағидаға мойынсұнса, құп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу