Маймыл шешегі бәрінен бұрын балаларға қауіпті

2752

Коронавирустан кейін енді ес жиған адамзат тағы бір пандемияның алдында тұрған іспетті. 

Маймыл шешегі бәрінен бұрын балаларға қауіпті Фото: РБК

Кейінгі кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемде кез-келген уақытта өршуі мүмкін жаңа пандемиялардың пайда болу мүмкіндігі туралы ескертіп жатыр. Соның бірі – маймыл шешегі. Осы тұста "қауіпті ауру қандай және балаларға несімен қауіпті, оған Қазақстан дайын ба?" деген сауал туындайды.

Жүздеген адам көз жұмуда

Ең басты назар аударар тұс, ДДСҰ маймыл шешегі әлемнің 116 елінде тіркелгенін мәлім етіп отыр. Әлемдік қауымдастықтардың жартысынан астамын құрамын отыр. Демек, аталған дерт қазірдің өзінде адамзаттың 50 пайызына қауіп төндіріп тұр деп тұжырым жасауға болады. 14 тамызда ДДСҰ кейінгі 2 жылда екінші рет Конго Демократиялық Республикасында аурудың өршуінен кейін және аурудың көрші елдерге таралуына байланысты маймыл шешегін жаһандық төтенше жағдай деп жариялады. Африка елдерінде аурудан қайтыс болғандар саны жыл сайын артуда. Бір аптаның ішінде 2000-нан астам жаңа инфекция тіркелді. Вирус көрші елдерге тарала бастаған, ақырында халықаралық қауымдастықтар алаңдауда. Сондықтан "Халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай" (PHEIC) деп танылды. Медицина саласының сарапшысы Әкім Тұрсынның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы текке ескерту жасамайды, яғни, қауіп бар.

– Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгілі бір ауру тарала бастағанда пандемия болуы мүмкін екенін ескертуі қалыпты жағдай. Мысалы, коронавирус алдында құс тұмауы, шошқа тұмауы жиі таралатын. Ол кезде де ескертулер айтылды. Алайда коронавирус тұсында кей елдердің індетке бейжай қарауының кесірінен әлемдік пандемияны өткердік.

Аурудың түріне келер болсақ, біз "ұшық, желшешек" деген ауруларды білеміз, міне, бұл да соған ұқсас вирус. Оптимистік көзқараспен қарасақ адам мен маймылдың генетикалық құрылымы ұқсас болғаны себепті бұл ауру әлем халықтарына қатты қауіп төндірмеуі мүмкін. Яғни, адам иммунитеті өздігінен күресуге тырысады. Егер пессимистік сценарийге жүгінсек, вирус штамдары тез өзгеріске ұшырап отырса зиянның орасан болуы ықтимал. Есімізде болса коронавирусқа қарсы вакцина болмады, тек симптомдарымен күрестік. Бұл жолы да сондай амалмен шектелеміз, – дейді маман.

ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус адамдардың өмірін сақтау үшін халықаралық деңгейде үйлестірілген әрекет ету шаралары қажет екенін атап өтіпті. Жалпы, шешек қоздырғышын жұқтырған адамның жан-жағына вирус тез таралуға бейім. Әдетте ауру жеңіл өтеді, бірақ кейбір жағдайларда ірің адамның денесіне тарала бастайды, ақыры өлімге әкеледі.

Жыл басынан бері Африканың 13 елінде маймыл шешегін жұқтырды деген күдікпен 17 мыңға жуық факт анықталып, 517 өлім тіркелген. Бұл – 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Африкадан тыс жаңа, жұқпалы mpox штаммының алғашқы жағдайы Швецияда тіркелді. Науқас Африкаға барғаннан кейін ауру жұқтырған. Швеция билігі пациенттің қажетті ем қабылдағанын және бақылауда екенін растады.

Африка аймағынан тыс екінші және Азиядағы бірінші жағдай Пәкістанда анықталды. Таяу Шығыстан оралған Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Мардан қаласының тұрғынына диагноз қойылған.

Шешек атаулы балаларға қауіпті

Сонымен, 2022 жылдың қаңтарынан 2024 жылдың маусымына дейін 116 елде маймыл шешегінің 99 мыңнан астам расталған жағдайы тіркелді, 208 адам қайтыс болды.

Осы жылдың маусым айында 934 жаңа зертханалық расталған жағдай және 4 өлім тіркелген. Африка аймағында 567 жағдай, Америка аймағында – 175, Еуропа аймағында – 100, Батыс Тынық мұхиты аймағында - 81 және Оңтүстік-Шығыс Азияда 11 дерек анықталған. Әзірге дерт жұқтырғандар жас санаты бойынша сараланып жатқан жоқ.

Әр індеттің белгілі бір жастағы адамдарға қаупі жоғары болады. Кейінгі кезде осы маймыл шешегінің балаларға аса қауіпті екені жөнінде болжамдар айтылуда. Медицина сарапшысының сөзінше, болжам шындыққа жақын, алайда нақтыланып, хаттама түрінде бекітілмеген.

– Маймыл шешегі балаларға қауіптірек деген болжамдар бар. Себепсіз емес, мәселен, ветрянка, яғни, желшешекпен балалар көп ауыратынын жақсы білеміз. Ал ересектерге аса зияны жоқ. Дегенмен маймыл шешегіне қатысты дәл осылай ресми анықтама берілген жоқ. Бұлардың бәрі болжам ғана, нақтылауды қажет етеді, – дейді Әкім Тұрсын.

Айтпақшы, аталған індет әлем елдерін алаңдата бастаған тұста Қазақстан тарапы дерттің ел аумағынан анықталмағанын, бәрі бақылауда екенін мәлімдеп, қоғамды үрейден сақтандыруда. Дегенмен құр мәлімдемелер ештеңе шешпесі анық. Қазірден бастап сақтық шаралары қолға алынбаса, коронавирус тұсындағыдай дүрбелеңді бастан кешуіміз мүмкін.

– Қазақстан шынында қазірден бастап сақтанғаны жөн. Коронавирус кезінде бекітілген хаттама бар. Дәрілік қор жинап, симптомдарымен күрескен абзал. Бірреттік маскалардың көмегі аз, барлық емхана мамандарын арнайы вирустан қорғайтын медициналық киімдермен жабдықтап отыруға тиіс. Қателеспесек, резервте оның біразы бар. Тиісті ведомство қазірден бастап маймыл шешегіне қатысты модульдік жоба әзірлегені абзал. Елімізге келе қалғанда ауруханалар қанша адамды қамти алады, бәрі ескерілгені жөн. Ойын-сауық орталықтары, әуежайларда дене қызуын өлшейтін тепловизорларды бұрынғыдай қайта орнатқан дұрыс, – деп түйіндеді сарапшы.

Қорыта айтқанда, пандемия бола ма, жоқ па – бастысы ол емес. Тек Қазақстан кез келген жағдайға алдын ала қамданып отырғаны жөн. Онсыз да елімізде балаларға тән аурулар жиі таралады. Егер аталған дерт бізге де жетер болса, сала мамандарына қиындық көп болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу