Макроэкономикалық көрсеткіш минуста тұр – Сергей Домнин

4078

Экономикалық шолушы пандемияның кесірінен пайда болған экономикалық дағдарыстың салдары ұзақ уақыт сақталатынын айтты.  

Макроэкономикалық көрсеткіш минуста тұр – Сергей Домнин

Сергей Домниннің сөзінше, Қазақстан экономикасы үшін 2020 жыл өте ауыр жыл болды

"90- шы жылдардағы қиын жағдайды есепке алмағанның өзінде еліміз бұған дейін 2 экономикалық дағдарысты бастан кешті. Алғашқы экономикалық дағдарыс 2008-2009, одан кейінгісі 2015-2016 жылдарда соққы берді. Теория бойынша экономикалық дағдарыс циклдық және құрылымдық болып бөлінеді. Циклдық экономикалық дағдарыс кезінде бар нәрсе бүлініп, қайта қалпына келіп, итжығыс болады. Ал құрылымдық экономикалық дағдарыста барлық ландшафт пен ойын ережесі түбегейлі өзгереді. Биылғы экономикалық дағдарыс осыған дейінгінің барлығын "төңкеріп" тастады. Қоғамға құрылымдық экономикалық дағдарыстың талабы мен ережесі енді", – деді Сергей Домнин.

Маманның мәлімдеуінше, еліміздегі экономикалық дағдарыстың барлығы әлемдік мұнай бағасына тәуелді болды. 

"Қазақстандағы биылғы экономикалық дағдарысқа коронавирус қосылды. Төтенше жағдай мен карантин кезіндегі шектеу шаралары мәселені ушықтырып жіберді. Сәуір айында макрокөрсеткіш баяулай бастады. Мамырда минусқа кірді. Қазір минуста тұр", – деді ол.

Сергей Домниннің айтуынша, биылғы экономикалық дағдарыс Қазақстан азық-түлік белдеуі мен қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегенін көрсетті. 

"Шекара жабылып, сырттан жеміс-жидектің келуіне тосқауыл қойылғаны сол еді, сөрелер босап қалды. Алыпсатарлық белең алды. Отандық өнімнің, оның ішінде азық-түліктің бағасы шарықтап кетті. Нарықтық экономиканың талабы бойынша бұл – заңдылық. Алайда ол халықтың қалтасын қағады, әлеуметтік жағдайына кері әсер етеді", – деді экономист.

Сөз арасында ол азық-түлік бағасының қымбаттамауына үкімет ықпал ету шараларын қолданғанын атап өтті.

"Ұлттық банк бағаға ықпал ету  мақсатында базалық мөлшерлемені төмендетті. Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы зор 19 тауар бағасына шекті баға қойды. Әкімдіктер тұрақтылық қорларын жұмылдырды. Мұның барлығы әкімшілік механизм. Ол белгілі бір дәрежеде бағаға ықпал еткенмен, нарық заңына қарсы жұмыс істей алмайды", – деді Сергей Домнин.

Сонымен қатар маманның мәлімдеуінше, пандемияның кесірінен пайда болған экономикалық дағдарыстың салдары ұзақ уақыт сақталады. 

"Қазір  экономиканың нақты секторы тұралап тұр. Үкімет шағын, орта, тіпті ірі бизнеске қолдау көрсетпесе, қазына қаржысына салмақ түседі. Әлеуметтің осал тобына жататын азаматтардың қатары көбейеді. Бізге бұл қажет емес. 
Осының алдын алу үшін халықты емес, экономиканы басқаратын шұғыл шара қабылдау қажет. Онда қиял мен болжам емес, нақтылық пен дәлдік үстемдік етуге тиіс. Қазіргі экономикалық дағдарыстан осылай ғана құтыла аламыз", – деп қорытты ойын экономист. 

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу