Мақсатсыз кəсіп өрге баспайды – өзбек кəсіпкері

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
3603

Өзбекстан Республикасының президенті Шавхат Мирзиеев қазір ресми сапармен Қазақстанда жүр. 

Мақсатсыз кəсіп өрге баспайды – өзбек кəсіпкері

Астанадағы Тəуелсіздік сарайында екі елдің бизнесмендері бас қосып, өзбек кəсіпкерлері өз өнімдерін көрмеге шығарды. Көрмеде қазақ кəсіпкерлерін қызықтырған өнімнің бірі - өзбек қолөнершілерінің қолынан шыққан "Лаух" бұйымы. Осы кəсіптің иесі Шоры Шахиев abctv порталының тілшісімен əңгімелесе отырып, Өзбекстандағы бизнес, қолөнердің деңгейі мен жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

"Мен Өзбекстан Республикасы қолөнершілерінің қауымдастығында жұмыс істеймін. Бүгін өзімізге өте жақын, достас ел – Қазақстанға, Астанаға келдік. Бүгін қазақ-өзбек кəсіпкерлерінің бизнес-форумы өтеді. Оған дейін өзбек өндірушілері өнімдерін көрмеге қойып отыр. Қазақстанға əкелген өніміміз – таза қолөнершілердің еңбегі. Өнім негізінде жаңғақ ағашынан жасалады. Сондай-ақ, қолдан жасалған өзге де өнімдер бар. Көрме басталғаннан бері екі сағат ішінде қазақ достарымыз – лаухқа яғни, көп функционалды ағаш құралға қызықты. Бұны біздің қолөнершілер таза жаңғақтан қолмен жасайды. Лаухтардың ең бірінші функциясы - кітап қойып, əсіресе, Құран кітабын қойып оқуға арналған. Екінші заманауи функциясы - телефон мен планшет қоюға арналған. Яғни, бір лаухты бірнеше қалыпқа салып, қолдануға болады. Бəрі таңқалып жатыр, зауыттан шықты деген күмəні бар. Бірақ, бұл таза қолөнер. Бүгін  сондай-ақ былғарыға маймен сурет салып əкелдік. Ал, қолөнерші əйелдер қолмен алаша тігіп жіберді. Қолөнер – өзбек халқында ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын кəсіптің бір түрі. Жаңғақ ағашынан жасалатын өнім бірнеше ұрпақтың сынағынан өткен.

– Өзбек қолөнершілерінің өнімін тек өз елдеріңізде ғана сатыла ма?

– Біздің қолөнершілердің өнімі Қазақстанда алғаш таныстырылып тұрғаны болмаса, қолөнершілеріміз бұрыннан бері ТМД елдеріне, жалпы, əлемнің бірқатар елдеріне барып-келіп жүр. Мысалы Германия, Англия, Америка сияқты елдердің азаматтары өзбек қолөнершілерінің өнімін алдымен интернеттен танып, біледі. Сосын үкіметтік деңгейдегі құжаттар негізінде өз еліне жеке сауда үшін сатып алады. 

– Сонда, басқа елдің кəсіпкері сіздің шеберханаңыздан осы өнімдерді өз еліндегі сауда үшін сатып ала алмай ма? Яғни сіз үкіметтік деңгейдегі құжаттар керек дедіңіз, сол тұсын ашып айтып бересіз бе?

– Иә, нақты біздің өнімді өз елінде сату үшін өзге елдің бизнесмені, мысалы қазақ кəсіпкер арнайы бағдарлама дайындап, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі арқылы немесе біздің қауымдастық арқылы үкіметтік деңгейде өзінің мақсатты бағдарламасын көрсету керек. Себебі, шекара қызметі, кеден қызметі ондай бағдарламасыз біздің өнімді шығармайды. Бірақ, біз кез келген қонаққа, кез келген ұсынысқа қуанамыз жəне қандай да бір мəселені екіжақты талқылау негізінде шешуге əзірміз. Яғни кез келген ынтымақтастыққа қарсы емеспіз. 
– Яғни өзбек бизнесмендері белгілі бір бағдарлама аясында ғана жұмыс істей ме?
– Жалпы кез келген бизнесмен мақсатсыз іс бастамау керек. Əр нəрсенің өз мақсаты болмаса, жұмыс нəтижесін бермейді. Біздің өнімді бізден алып, өз елінде сатамын деген кəсіпкер өзінің мақсатын айқындап бермесе, бізге де, өзіне де тиімді бағдарлама ұсына алмаса, онда жұмыс істей алмаймыз. Егер екі жаққа тиімді бағдарлама əзірленіп, заң жүзінде жұмыс істесек, бəрі дұрыс болады деп ойлаймын.
– Жалпы, Өзбекстандағы жеке кəсіпкерліктің дамуы туралы айтып беріңізші.
– Өзбекстанда жеке кəсіпкерлік жақсы дамып келеді. Ел президенті арнайы қаулы шығарды. Сол құжатқа сай, жеке кəсіпкерлер, мысалы қолөнершілер бүкіл салықтан босатылдық. Қолөнерші бір өнімін бес долларға сатса да салық төлемейді. Тек қолөнершілер ғана емес, кəсіпкерлер де кіріс салығынан босатылған. Салықтан басқа, кəсіпкерлерді қолдаудың өзге де тиімді шаралары бар. Мысалы Өзбекстан қолөнершілерінің қауымдастығына мүшелікке кіріп, жұмысын бастаған шебердің еңбек өтілі жүре береді. Өзі қалаған қолөнерімен айналыса береді, еңбек өтілі жүрген соң, зейнетақы тоқтап, зейнетке шыға алады.  Менің ойымша, бұл бейнетінің зейнетін ойлаған адам үшін бұл маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу