Мал басын көбейтудің жаңа тәсілі табылды

8856

Үйір, табын, отарға бөтеннің мал қосылып кетсе, оны жекешелендіріп алуға болады. 

Мал басын көбейтудің жаңа тәсілі табылды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, 2021 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда тек мал жайылымына бөлінген 62 млн 364 мың 011 гектар ұлан-ғайыр жер бар. Алайда соның 38 млн 277 мың 688 гектары немесе 61,38%-ы ұтымсыз пайдаланылады. Мысалы, 21 млн 381 мың 142 гектар жайлау мал жайылмай, бос жатыр. Себебі, оның иелері бар, ол жерге ешкімді жібермейді. Ондайларды Президент Қ.Тоқаев жолдауында "шөп қорыған иттің" кебін киген латифундистер" деді. Салдарынан, халыққа мал жаятын жер қалмай барады, деп жазады Inbusiness.kz.

Фермерді не мазалайды?

Тіпті кейбір ауылдың айналасында жайылымдық жерлер де сатылып, не жарты ғасырдай уақытқа жалға беріліп кеткен. Осының кесірінен, ауылда үйірлердің, табындардың, отарлардың бір-біріне қосылып кетуі үйреншікті құбылысқа айналды. Бұдан шаруа қожалықтары мен фермерлер зардап шегуде. Оларға бөлінген жайлауда бөгденің жылқы, сиыр, қойлары жайылады, құны күйіп тұрған шөп ресурсын шығындайды.

Осыдан жүйкесі жұқарған ауыл шаруашылығы өндірушілері полиция еш қайран қыла алмаған соң, тікелей Үкімет мүшелеріне шағымдануда.

Фермер Қайрат Асқаров өтінішпен АШМ-ге жүгінді.

"Мен мал шаруашылығымен айналысамын: ірі қара малды және жылқыларды өсіріп, бағудамын. Дала болған соң, мал бір орында тұрмайды. Шапқылап, шөптің буымен басы ауған жаққа кете береді. Осылайша, жылқыларымның үйіріне бөтен тай, биелер және басқасы, ал ірі қара малдарыма бөгде сиырлар қосылып кетеді. Олармен не істеуім керек?! Біреулер: "Айдалаға қуып жібер, кетсін әрі, лағып!",– дейді. Қуып жібергеннің өзінде қайтып келеді. Біреулер айтады: "Малдарыңмен еріп жүре берсін, иесі табылған соң өзі келіп алып кетеді",– дейді. Бірақ үйіріме, табыныма қосылған басқа біреудің малдары өз жануарларыма арналған жемазыққа ортақтасуда", – дейді ауыл кәсіпкері.

Ол заң бұзғысы келмейтінін, заңнама не десе, соны орындауға әзір екенін жеткізді. Тек бұл жағдайда заң не талап ететінін білмейді.

Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов жауап берді.

Оның айтуынша, ұлттық заңнамада қараусыз не қаңғып жүрген малға қатысты норма бар. Бұл ретте жаттың малы ығыр еткен адамдарға таңдау беріледі: не полицияға тапсыруы керек, немесе біраз уақыт бағып, сиыр болса, сауып сүтін, жылқы болса, мініп, пайдалана алады.   

"Нақты түсіндіре кетсек, қараусыз жануарлар бойынша мәселелер Азаматтық кодекстің 246-бабы бойынша реттеледі. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды ұстап алған адам оны меншiк иесiне қайтаруға міндетті. Ал егер мал иесінің кім екені немесе оның тұрғылықты жерi белгiсiз болса, жануарларды ұстаған кезден бастап 3 күннен кешiктiрмей iшкi iстер органдарына беруге немесе республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын хабардар етуге тиіссіз. Содан кейін олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қабылдайды", – деді Еркебұлан Қартайұлы.

Оның түсіндіруінше, мал иесін iздестiру кезiнде жануарларды ұстап алған адам оларды не өзi бағуы немесе оларды бағу мен пайдалануды қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы керек.

Жаттың малынан не қауіп, не игілік?

Егер азамат қараусыз малды баққысы келмесе, жергілікті әкімдік оны ұстап тұра алатын басқа адамды іздеп, малды соған тапсыруы қажет.

Мұндай жауапкершілікті арқалаудың бір зиянды тұсы бар: егер малдың шын иесі табылса, бірақ оны іздеу кезеңінде мал өліп қалса, немесе мертігіп, пайда әкелуге жарамсыз болып қалса, заң бойынша жануарды ұстап алған адам немесе оны бағып-қағуға қабылдаған адам соның құнын төлеуге жауапты болады.

Сонымен бірге, мұндай жауапкершіліктің енді пайдалы тұсы да бар. 

"Егер малды ұстап алғаны туралы мәлiмдеген кезден бастап 6 ай iшiнде оның меншiк иесi табылмаса және оған өзiнiң құқығы барын ешкім мәлiмдемесе, онда бұл жануарға (жануарларға) деген меншiк құқығы енді оны ұстап алған немесе баққан және пайдаланған адамға көшедi. Егер ол адам қандай да бір себеппен, бағуында болған жануарларды өз меншiгiне алудан бас тарта, онда олар коммуналдық меншiкке өтеді және жергілікті әкімдік белгiлейтiн тәртiп бойынша пайдаланылады", – деді АШМ департаментінің директоры.  

Әкімдік ол малдарды сойып тастау туралы шешім шығаруы да ықтимал.

Дегенмен, бөтеннің жануарларын ұстап алып, баққан адам ештеңеден де ұтылмауы мүмкін. Заң бойынша егер жануарлар меншiк иесiне қайтарылса, онда оларды күткен адам сол меншiк иесiнен малды бағуға кеткен өз шығындарына өтемақы алуға құқылы. Мысалы, Азаматтық кодекстiң 246-бабының 5-тармағына сәйкес, "қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын ұстап алған адам олардың меншiк иесiнен сыйақы төлеудi талап етуге құқылы". Заң бойынша сыйақы мөлшері мал құнының 30% мөлшерінде болып келеді.

Ал егер жарты жылдан кейін, яғни жекешелендірілген соң малдың иесі келіп тұрса, не болады? Ол жаңа иесімен келісімге келуі, өтемақы төлеуі шарт. Келісімге келмесе, сот арқылы малды өзiне қайтарып берудi талап етуге құқылы. Бірақ соттың қай жақты қолдайтыны нақты жағдайға байланысты болады. Мысалы, жаңа иесінің малға қатал не өзгедей мейiрiмсiз қарағанын дәлелдейтiн жағдайлар анықталса, одан жануарлар тартып алынады.

Қосқан малын қайтармай қойды

Әйткенмен, жайылымдық жердің жетіспеуінен басқа проблемаға жолыққан ауылдықтар жетерлік. Павлодар облысының Жаңа Ямышев, Ольгинка тұрғындары шағым айтып, билікке үндеу жолдады. Олар қораларындағы азын-аулақ малын жайылымдық жері бар шаруа қожалығына табыстапты. Енді қайтарып ала алмай жүрген көрінеді.

"20 шақты отбасы Ольгинкадағы кәсіпкер В.Хреновқа жылқымызды бағуға тапсырғанбыз. Кейбірі 2012 жылы беріп қойған. Кәсіпкер кілең биелерді әкелгенімізде, қуана-қуана қабылдады. Енді сол биелерімізді өз игілігімізге жұмсау үшін кері алайық десек, бермей қойды. Онымен таласып, әуре болғанымызға төрт-бес жылдай уақыт өтті. Бізге тағардай айыбы жоқ, сұраған ақысын уақытылы төлеп тұрдық. Тіпті жемін де жеткіздік. Бірақ не берген малымызды, не одан өрген төлін көрсетпей, әлімжеттік жасап отыр", – дейді жәбір көрген ауыл тұрғындары.

Зардап шеккендер басқосып, наразылық шараларын өткізе бастапты.

"Кәсіпкер барлық кінәні бақташысы Назарға аудара салып отыр. Ол бишараның үрерге иті, сығарға биті жоқ, ол жігіттен не аласың?! Бірақ Хренов орайын тапқан болуы керек, іс бұрмаланып, жауаптан сытылып шығатын түрі бар. Не заңнан, не құдайдан қорықпайтын бұған биліктің сөзі ғана батады. Хренов мырза "Маяк" шаруа қожалығын басқарғалы көңілі тасып, елді астына жаншып отыр. Берген малдың басын да, одан өрген өсімін де, келген түсімін де біле алмай, ұлардай шулап қалдық. "Жақсымен болсаң шапағат, жаманмен болсаң кесапат" деген қанатты сөз бар. Ауылдардың тұрғындары мен кәсіпкердің қарым-қатынасы күрделі шиеленіске соғуы мүмкін", – дейді малын даулап жүргендердің бірі Шаймұрат Тәттімбет.

Кәсіпкер малын тапсырғандармен ешқандай келісімшартқа отырмаса, ол малды заңды жолмен жекешелендіріп алуы да ғажап емес. Сондықтан ауылдықтар малын фермерлерге не басқасына қоспас бұрын осы істі заңдастырып, келісімге отыру жайын қамдағаны жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу