Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, қазіргі таңда есептеулерге сәйкес өсіп келе жатқан шығыстарды еңсере алмағандықтан, Қор өз міндеттемелерін болашақта толық орындай алмауы мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін келесі қажетті шарттарды ескеру қажет: 2025 жылдан бастап әр азамат міндетті салықтық декларациясын тапсырады. Сол арқылы сақтандырылмаған азаматтардың табысы белгілі болады және шамамен 700 мың адам МӘМС жүйесіне енгізу көзделген. Сонымен қатар табысы төмен, ауылдық жерлерде тұратын шамамен 1,5 млн адам бюджеттік қаражат арқылы сақтандырылады. 2026 жылға қарай халықтың кемінде 95%-ын қамту көзделген", – деді министр.
Бұған қоса мемлекет пен жұмыс берушілер жарналарының мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған
"Сонымен бірге қазіргі таңда 700 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтардың МӘМС жүйесіне аударымдары шектелген. Сондықтан жұмыс берушілердің аударымдарын есептеу үшін жоғарғы шегін (10 ең төменгі жалақы) алып тастау ұсынылады. Бұдан басқа сақтандырылмаған тұлғаларға денсаулық пен байланысты мемлекеттік қызметтерді алу кезінде шектеулер енгізу ұсынылады. Мысалы, көлік жүргізу, қару-жарақ сақтау және тағы басқалар. Бюджеттік қаржыландыруды кезең-кезеңмен ұлғайту қарастырылған. Осы шарттарды орындаған кезде Қордың орнықтылығы сақталатын болады", – деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ, министрлік медициналық қызметтердің тарифтерін кезең-кезеңмен қарастыруда.
"Осы жылы қаралған тарифтерге қоса, педиатрия, оңалту, пульмонология, клиникалық-диагностикалық қызмет тарифтері қайта қаралады. Келесі жылы шамамен 250-ге жуық тарифтер (50 КЗГ, 200 қызмет) қаралатын болады, қаражатқа байланысты индексация жүргізілуі де мүмкін", – деп атап өтті ведомство басшысы.
МӘМС-пен халықты қамтамасыз ету отбасылық цифрлық картасы негізінде талдау жүргізілді.
"Бүгінгі таңда 3,3 млн-нан астам адам сақтандырылмаған. Бұл жұмыссыздар немесе өз бетінше жұмыспен қамтылғандар, тұрақты табысы жоқ, әлеуметтік мәртебесі расталмаған азаматтар. Осы ретте, цирфлық карта негізінде сақтандырылмаған, табысы төмен C, D, E санаттағы 1,5 млн адамды бюджеттік қаражат есебінен қамту ұсынылады (Бұл мақсаттарға 2025 жылдан бастап 77 млрд теңгеден 2030 жылы 85 млрд теңгеге дейін қажет болады). Бұл шаралар халықтың кемінде 90-95% қамту деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп қорытындылады Ажар Ғиният.