МӘМС жүйесі мамандардың наразылығын туғызуда

3521

Биылғы 10 айда ғана халық пен мемлекеттің 823,2 млрд теңге қаржысын алып қойған жүйе кемеліне келуге асығатын емес. 

МӘМС жүйесі мамандардың наразылығын туғызуда Фото: yandex.kz

МӘМС жүйесінде орасан зор қаржы қордалануда. Бірақ бұл денсаулық сақтау саласы проблемаларының толық шешілуіне ықпал етпеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (ӘМСҚ) 2022 жылғы 10 айда 823,2 миллиард теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті. Салыстырсақ, бұл мысалы, қазақстандық барлық сақтандыру компаниялары активтерінің жалпы көлеміне тең. Яғни, бір ғана қор бүкіл бір индустрияның ауқымындай соманы он айда жинады. 

"2022 жылдың 1 қаңтарынан 31 қазанға дейін МӘМС-ке 823,2 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түсті. Олардың басым бөлігі – мемлекет бюджеттен аударған төлемдер. Аталған кезеңде жеңілдік санатына кіретін 11 млн азамат үшін бюджет төлеген жарналар шамамен 300,9 миллиард теңгені құрады. Жұмыс берушілер – төлем жасау бойынша екінші орында. Олар қорға 293,7 миллиард теңгеден астам қаражат аударды. Ал жалдамалы жұмысшылар, сондай-ақ азаматтық-құқықтық сипаттағы (ГПХ) шарттар бойынша еңбек етіп жүргендер, дара кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және дербес төлеушілер жалпы алғанда 227,8 миллиард теңге жарна төледі", – деп хабарлады ӘМСҚ.

Қордың ресми дерегінше, 10 айдың қорытындысында елімізде тек 16,2 миллионнан астам адам сақтандырылған мәртебесі ие. Бұл – ел тұрғындарының 82,1%-ы. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 19 миллион 691,9 мыңнан астам адам тұрады. Сонда 3,5 миллион адам медсақтандыру жүйесінен сол бойы тыс қалып тұр. Бұл санды азайту міндетін Президент 2 жыл бұрын қойған.

Қор сонша дәріптеп, іске қосқан "сақтандыру мәртебесін алу үшін алдағы 12 айға төлем жасау" механизмін небәрі 6 мыңнан астам азамат пайдаланыпты. Яғни, миллиондар тарапынан сұраныс төмен.

Бұл жүйе өз қалтасынан жүздеген миллиард қаржысын алып қойып жатқандықтан, бизнес пен халық оған жоғары талап қоюға қақылы. Алайда олардың талап-тілегі көбіне ескерусіз қалады.

"Мен осы қорға не үшін МӘМС жарнасын төлеп жүрмін? Маған тар маманданған дәрігерге қаралу қажет болды. Тіркелген емханама хабарлассам, алдымен апта ішінде терапевтке жазатындарын, содан соң 8 күн өткен соң невропатолог қабылдауына тіркейтіндерін хабарлады. МТР-ға түсу үшін одан да көп уақыт кетеді және осылардың алдынан өтпей, оған жібермейді. Бірақ егер ақылы өтсем, неврапатолог қарауына кез келген күнді өзім таңдай алады екенмін. Тіпті ертең барсам да орын бар. Қазір тегін медицина жоқ, емханадағы дәрігерлердің қызметіне де ӘМСҚ ақы төлейді. Ендеше неге медсақтандыру жүйесі жекеменшік медицина сияқты тиімді жұмыс істемей, халықты әуре-сарсаңға салады. Қор медсақтандыруға бағыттаған жарналарымды қайтарсын, ақылы қызметтер мен дәрігерді өзім тауып аламын", – деп қапаланады Алматы тұрғыны Константин Ким.

Тап осындай шағымдарды көптеген азамат біраз жылдан бері қойып келеді. Жүйе жетілетін емес.

Дара кәсіпкер Жомарт Дарменбаев көптеген адамның көкейінде жүрген мәселені көтерді: егер бір адам бірнеше жерде жұмыс істесе, соның бәрінен ӘМСҚ-ке жарна аударады. Бұл бір адамға бірнеше рет салық салғанмен бірдей.

"Мен мысалы, Қазақстанда ресми тіркелген ЖШС мәртебесіндегі компанияда лауазым атқарамын. Жұмыс берушім ай сайын мен үшін МӘМС жарнасын төлейді. Бұдан бөлек, менің өз атымда жеке кәсіпкерлік тіркелген. Осы жеке кісіпкерліктен де ай сайын МӘМС жарнасын аудару талап етіледі. Бұлардың қызметіне сирек жүгінемін. Егер қорға ай сайын 1 тұлғаға 1 рет жарна төленіп тұрса, ол үшін екінші қайтара төлеудің қандай қажеттілігі бар? Менің жағдайымда жеке кәсіпкерлігімді жарна төлеуге міндеттеу заңсыз. Өйткені қор саған екі жерден ақша төленеді екен деп, екі есе көп сақтандырмайды", – деді кәсіпкер.

Елордалық Айман Қажыкенова қор мамандарының түсініксіз қылығына шағымданды.

"D дәруменінің деңгейін білу үшін балам анализ тапсыруы қажет болды. Педиатрымыз бұл талдауды МӘМС пакеті қамтымайтынын алға тартып, ақылы тапсыруды ұсынды. Ал тегін бағыттама беруден бас тартты. Осыдан кейін 1406 телефоны арқылы қорға хабарласып, мән-жайды айттым. "МӘМС D витамині анализін қамти ма?" деп сұрадым. Қор маманы ересектер үшін де, балалар үшін де МӘМС аясында ол анализ тегін болатынын мәлімдеді. Онда неге емханалар жалған ақпарат береді? Сол күні кешкі 17:59-да ӘМСҚ-тың байланыс орталығының Бекзат есімді аға операторы хабарласып, педиатр дәрігердің маған әлгіндей жалған ақпарат бергенін дәлелдейтін дәйектемені менен талап ете бастады. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда жас баласымен дәрігерге қаралуға кірген аналар әрдайым диктофонды қосып, әңгімені жазып отыруы керек пе? Қор медұйымдармен серіктестік құрады екен, онда мұндай мәселелерді де өзара отырып, шешулері керек. Әйтпесе, қор емханалардың теріс тірлігіне дем беріп, олардың заңға қайшы істерін бүркемелейтіндей сезім қалыптасты", - дейді Айман.

Ол пациенттердің шағымына шүбәланып, дәлелді талап еткен қызметкерді жауапқа тартуды сұрап, қорға шағым жолдапты.

Медсақтандыру жүйесіне медициналық ұйымдардың да айтар сыны, қояр талабы көп. Мысалы, жүйе түрлі сылтаумен тіс дәрігерлеріне көрсетілген қызметтері үшін толыққанды ақы төлеуден бас тартады. Салдарынан, тіс клиникалары медициналық сақтандырылғандарға да МӘМС аясында қызмет көрсетуден жиі бас тартып жүр.

Бұл ретте Жамбыл облысының Байзақ аудандық ауруханасының эксперт маманы Татьяна Кондаурова стоматологтар қосып жазады деген күдік барына назар аудартты. 

"Осыған байланысты биылғы 5 айдағы консультативтік-диагностикалық қызметтердің құрылымына талдау жүргіздік. Сонда анықталғандай, көрсетілген барлық қызметтердің 15–18%-ын стоматологиялық қызметтер құрайды. Емханалар эксперттері жекеменшік клиникалардың ақы төлеуге ұсынылған қызметтеріне ай сайын мониторинг жүргізіп тұрады. Қызметтердің бір бөлігіне ақы төлеу ұсынысы қабылданбайды, бұл шешім ауыл халқына медициналық көмек көрсету қызметтерін сатып алу келісімінің хаттамасына түсіріледі", – деді ол.

Мысалы, эксперттер кейбір қызмет түрлерінің ақпараттық жүйеге дұрыс енгізілгеніне және ақы төлеудің орындылығына күмәнданады екен.

"Айталық, стоматологтар периодонтит, пульпит және кариесті емдегенде, негізгі қызметіне қосымша қызметтерді қыстырып, соларға ақы төлеуді сұрайды. Нақтыласақ, өткізгіштік анестезияға – 1 243 теңге, инфильтрациялық анестезияға – 2 273 теңге және стоматолог-терапевт консультациясына – 1796 теңге. Яғни, негізгі қызметке 3–5 мың теңгеге дейін қосымша ақы талап етеді. Ұқсас жағдай стоматолог-хирургтерде де қалыптасқан. Тісті жұлғанда анестезия мен консультацияға 3 мың теңгеден аса қосымша ақы сұратады", – деді Татьяна Кондаурова.

Денсаулық сақтау министрлігінің МӘМС үйлестіру департаменті де анестезия мен консультация негізгі қызмет құнына кіруі керек деген түсініктеме берді.

"Периодонтит, пульпит, тісжегіні емдеу және тісті жұлу кезінде анестезия мен кеңес құнына қатысты мәселелер министрдің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-309/2020 бұйрығымен бекітілген ТМККК және МӘМС аясында көрсетілетін медқызметтерге тарифті қалыптастыру әдістемесіне сәйкес реттеледі. Осы орайда стоматологиялық қызметтің тікелей шығысының құрылымына стоматолог дәрігердің бастапқы қабылдауы, консультациясы, емдеу манипуляцияларын жүргізуі, сондай-ақ дәрілік құралдарды қолдану, медициналық бұйымдар, анестетикалар шығысы да кіреді. Егер бастапқы қабылдау қорытындысында стоматолог рентген, КТ және басқа да қосымша диагностикалық қызметтерге жолдаса, белгілі бір уақыт өтіп, диагностикалық қызметтер нәтижелерін алған соң, периодонтит, пульпит, кариесті емдесе, не тіс жұлса, онда консультацияға – жеке, негізгі қызметке – жеке шот-реестр ұсына алады", – деп түсініктеме берді департамент.

Тіс дәрігерлері мұндай шешімге наразы. 

"Министрліктің осы жауабын көптеген емханалар басшылыққа алып, біздің орындаған қызметтеріміздің ақысын төлеуден бас тартуда. Оның салдарынан тіс клиникалары зардап шегуде. ДСМ сілтеме жасап отырған бұйрықтың өзінде "Негізгі қызмет" деген түсінік жоқ. Ал бізде консультация, анестезия және диагноз қою – әрқайсысы өз алдына жеке қызмет болып есептеледі. Сәйкесінше, жоғарыда көрсетілген бұйрыққа сәйкес консультация, анестезия және диагнозға байланысты жүргізілетін емнің тарифі әр қызмет түріне байланысты жеке есептелуге тиіс. Егер осының бәрі негізгі қызметке кіреді десе, оның бағасы күрт қымбаттайды. Себебі, жалғыз тіс жұлу құны 2 мың теңге тұратын анестезияның құнын өтей алмайды. Сондықтан пациентке көрсеткен қызмет түрлеріне толық көлемде ақы төленуін өтінеміз. Халық арасында онсыз да отандық медицинаға сенім төмен. Ал мұндай негізсіз тірліктер кәсіпкерлердің МӘМС аясында жұмыс істеуге деген құлшынысын төмендетеді", – деді стоматологиялық емхана директоры Бақытжан Асанов.

Бұл өз кезегінде халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге кедергі келтіреді және оны қолжетімсіз етеді. Ақшасы бар азаматтар тірлігі түсініксіз МӘМС жүйесіне қолын бір сілтеп, бірден ақылы клиникаларға жүгінеді, өз қалтасынан төлей салады.

Бірақ принципке басып, ай сайын төлейтін жарнасына ең құрыса, жылына бір рет сапалы медициналық қызметті алғысы келетін адамдар әділдік іздеп, сандалып жүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу