Маңғыстау енді мұнайға емес, балыққа маманданбақ

3140

Өңірде балық өнеркәсібінің кенже қалуы кесірінен Қазақстан Каспий теңізі бойынша берілген квотасын мүлдем игермейді.

Маңғыстау енді мұнайға емес, балыққа маманданбақ

Балық деген жаңа алтын?

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев болашақта Маңғыстау өңіріндегі жағдайды мүлдем ушықтыруы мүмкін маңызды мәселеге назар аудартты. Қала құраушы кәсіпорындардың бірі – "ӨзенМұнайГаз" АҚ-ына тиесілі кенорындарында шикізат түгесілуге таяды. Оларда өндірісінің шырқау шегі артта қалды. Өзге мұнай өндіруші компанияларда да ұқсас, үрейлі жағдай қалыптасуда. Ал өңір тұрғындарының басым көпшілігі мұнай саласына жұмыс істеуге құштар. Өйткені жалақысы жоғары.

Қара алтынның түгесілуі, өндірістердің тоқтауы, мұнай-газ компанияларының тоқырауы түптің түбінде әлеуметтік жарылысқа соқтыруы ғажап емес. Сондықтан Үкімет қазірден Маңғыстау өңірінде қара алтынға балама болуға тиіс саланы іздеуде. Сондай сектор ретінде агроөнеркәсіптік кешен, соның ішінде балық шаруашылығы таңдалыпты.

Әрине, мемлекет тарапынан қуатты қолдау болмаса, ешбір мұнайшы балықшыға айналмасы анық. Сондықтан Салық кодексіне осы салаға арналған жеңілдіктер енгізуді қарастыратын заң жобасы да әзірленді.

Бұған қоса, Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы, Экология, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесіп, балық өңдеумен айналысатын шаруашылық субъектілеріне қосылған құн салығынан (ҚҚС) 70% жеңілдік беру мәселесін қарау тапсырылды.

Сонымен қатар Президент Қ. Тоқаев Экология министрі Серікқали Брекешевке Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, балық өсіру және өңдеу кәсіпорындарын ашу үшін қолайлы жағдайлар жасауды тапсырды. Балық өсіруші ферма ашатын маңғыстаулықтарға, жаңаөзендіктерге ұзақ мерзімге пайдалануға жер учаскелері берілмек. Тиісті инженерлік инфрақұрылымды мемлекет тартып береді. Өсіріп-өңдеген балығын жергілікті және халықаралық нарықтарға өткізуіне мемлекет көмектеспек.

Сарапшылардың айтуынша, әзірге саладағы проблемалар шаруашылықтың осы түрімен айналысатын бизнестің адымын аштырмай, бас көтертпей тұр. Біріншіден, өзіндік құны жоғары болғандықтан отандық балық өнімдерінің бәсекеге қабілеттігі төмен. Салдарынан, өзімізде осы су жануарының көптігіне қарамастан дүкен сөрелеріндегі балық өнімдерінің 90 пайыздайы импортық өнім.

Екіншіден, балық өңдеу саласына инвесторлар қаржы салғысы келмейді. Себебі ол үшін салықтық ынталандыру деңгейі жеткіліксіз.

Үшіншіден, балық өнімдерін өңдеумен айналысатын балық шаруашылығы субъектілерінің шығындары өте үлкен. Өйткені балықты өңдеуге арналған, халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келетін технологиялық жабдықтар аса қымбат тұрады. Бұған коммуналдық тарифтер, электр, су, көлік және басқа шығыстары қосылады. Ал банктер сала кәсіпорындарына ұзақ жылға, әрі арзандау несие бергісі келмейді.

Статистика көрсеткендей, жоғары дәрежеде өңделген балық өнімдерінің үлесі төмен деңгейде қалып отыр. Негізінен, салқындатылған және мұздатылған балық экспорты басым.

Экология министрлігінің дерегінше, жалпы алғанда саланың өнім өндірісі артуда. Салыстырсақ, 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында дайындалған, консервіленген 11,6 мың тонна балық, уылдырық және оның алмастырғыштары өндірілді. 2021 жылдың ұқсас кезеңінде бұл көрсеткіш 12,3 мың тоннаны құрады (13,7%-ға артық).

Республикада 2020 жылдың 11 айында 45,3 мың тонна, ал былтырғы 11 айда 48,6 мың тонна балық ауланған, яғни өсім 7,3%.

Тұтастай алғанда, ел Үкіметі барлық өңірде осы саланы дамытпақ. Өткен жылы бекітілген "Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының" негізгі индикаторы – өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту болып табылады. Бұл ретте Маңғыстау облысы көшбасшылар қатарына шығуға тиіс.

Сонымен бірге балық аулауға емес, оны фермаларда өсіруге көбірек мән берілмек. Әзірге 2021 жылы өсірілген балық көлемі небәрі 13,1 мың тонна болды. Бұл 2020 жылға қарағанда 31%-ға жоғары (9 мың тонна).

Үкіметтің экономистері не дейді?

Салада шешілмеген проблеманың көптігін Ұлттық экономика министрлігі растады.

"Қазақстанда теңізде өнеркәсіптік балық аулау – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға ықпал ететін экономиканың стратегиялық маңызды секторы. Оның үстіне Қазақстанда балық аулаудың жыл сайынғы лимиті – 65-70 мың тоннаны, Каспий теңізіндегі теңіз балығы түрлерін аулаудың лимиті – 15-20%-ды құрайды. Республика осы лимитін жыл сайын игермейді. Өйткені елде теңізде балық аулау дамымаған", – деп хабарлады ведомство.

Отандық теңіз кәсіпшілігі неге дамымаған? Министрліктің түсіндіруінше, бірінші себеп – кәсіпшілікті тиімді жүргізуге арналған, тиісті жабдықталған заманауи мамандандырылған флот – теңіз траулерлері жоқ. Оны елімізде жасамайды, шетелден тасу қымбат. 1 траулердің құны 300 мың доллардан миллиондаған долларға дейін барады. Ондай кемесі болмағандықтан отандық балықшылар ашық теңізге шыға алмайды.

Екіншіден, балықшыларда балықты бастапқы өңдеу бойынша технологиялық жабдықтар жоқ. Үшіншіден, теңізге жақын орналасқан аудандарда теңіз порттары, қайта өңдеу зауыттары және басқа да балық шаруашылығы инфрақұрылымы жоқ. Яғни балықшы траулерге қол жеткізіп, өнеркәсіптік ауқымда балық аулап, онысын жағалауға тасығанымен, өнімін айлақта бірден сатып алатын кәсіпорындар жоқ.  

Осының бәрі саланың өркендеуін тежейді. Ендеше Үкіметке осы мәселелердің бәрін кешенді шешуге тура келмек. Егер шеше алса, Маңғыстаудағы теңіз жағалаған ел біраз ауқатқа кенелмек. Экономика министрлігінің дерегінше, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде кемінде 50 мың тонна теңіз және "частикті" (ұсақ тормен ауланатын) балық түрлерін аулау мүмкіндігі бар. Тіпті 100 мың тоннаға дейін жеткізуге болар еді. Демек 2030 жылға дейінгі жоспардағы бүкіл көлемнің басым көпшілігін бір ғана облыс беруге қабілетті. 

Сондай-ақ қолданыстағы Салық кодексінің 411, 431, 697, 313, 317-баптарында балықты акваөсіру (балық фермалары) субъектілері үшін салық салу бойынша жеңілдіктер көзделген. Алайда балық өндіруші және балық өңдеуші кәсіпорындар үшін жеңілдіктер мүлдем қарастырылмаған. Саладағы жаңа реформа, жаңа заң жобасы осы олқылықты да түзеуге бағытталмақ.

Қытайдың "ғажайыбын" қайталай аламыз ба?

Үкіметтің 2021 жылғы 4 қарашадағы №784 қаулысымен "Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары" бекітілгені мәлім. Алайда қаңтардағы оқиғалардан кейін және Мемлекет басшысының жаңа тапсырмаларына сәйкес, бұл құжатқа Үкімет өзгеріс енгізуде. Құжатта балық шаруашылығына тұтас тарау, жеке шаралар кешені қарастырылған.

"Маңғыстау облысында, Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда агроөнеркәсіптік кешен мейлінше аз дамыған. 2020 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі небары 20,2 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш жөнінен облыс 17 өңір арасында 15-орынға ие. Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығының жалпы республикалық көлемінің 0,3%-ын ғана қамтамасыз етеді (6,3 трлн теңгенің 20,7 млрд-ын ғана). Облыстың экономикасындағы ауыл шаруашылығының үлесі тек 0,7%-ды құрайды", – делінген жоспарда.

Осылайша, ғасырлар бойы 100 пайыз ата-баба кәсібімен, ауыл шаруашылығымен айналысып келген өңір небәрі 1 ғасыр ішінде 100 пайыз дерлік мұнайға тәуелді болып қалды. Енді Үкімет оны балық шаруашылығына көшіруге талаптанып көрмек.

Осы орайда Үкімет келесідей шараларды жоспарлаған екен, оның тетіктері биылғы наурыз-сәуірде дайын болуы шарт:

- Маңғыстау өңірінде балық өңдеу кәсіпорындарын ашатын азаматтарға қайта өңделген балық өнімдерінің әрбір келісіне бюджеттен субсидиялар беру;

- Теңіз балық шаруашылығын дамытуды ынталандыру және қаржыландыру түрінде мемқолдау көрсету;

- "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағында бекіре тұқымдас балық зауытын салу жобасы пысықталуда;

- Каспий теңізінің "Інжу-Маржан" және "Ащысор" шығанақтарын қалпына келтіру арқылы балық шаруашылығын құру қолға алынбақ;

- Жоғары оқу орындары, колледждер базасында жастарды балық шаруашылығы мамандықтарына, кәсіптеріне оқыту ұйымдастырылады;

- Балық шаруашылығын құру және дамыту үшін жер учаскелері беріледі;

- Асыл тұқымды балық өсіруді дамыту үшін ол да субсидияланады;

- Балық өсіру шаруашылықтарын инфрақұрылыммен жабдықтау, электр желілерін жүргізу, жолдар төсеу, газ, су тарту, пирстер орнату және басқалар қарастырылмақ.

Жалпы осындай жолға Қытай 1979 жылы аяқ басыпты. ҚХР өкіметі он жыл ішінде салаға 3 миллиард юань меминвестиция құйды. Трепанг, устрица және басқаларын өсіру үшін 280 мыңнан астам жасанды риф тұрғызған. Балық фермерлеріне аста-төк субсидия берді, салықтан босатты.

Қазіргі кезде де шың елінде акваөнімдерді өндіретін кәсіпорындар барлық салық бойынша 50% жеңілдікке ие. Жем сатып алуы үшін арзан несие беріледі. Оларға электр қуаты мен отын жеңілдікті бағамен сатылады.

Нәтижесінде, Қытай балық өндірісін 90-шы жылдардағы 10-12 миллионнан 2000-2001 жылдары 42-44 млн тоннаға дейін ұлғайта алды. Енді 100 миллиондық межені бағындыруда.

Қазақстан да саланы қуатты қолдаса, маңғыстаулықтар үшін балық жаңа алтынға айналуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу