Маралдыдан мән де, сән де кетті

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
21112

Павлодар облысының экс-әкімі Болат Бақауовтың "бірегей" жобасы орта жолда қалды. 

Маралдыдан мән де, сән де кетті

Осы жылдың қаңтарына дейін Павлодар облысын басқарған Болат Бақауов Шарбақты ауданындағы Маралды көлін туристік орынға айналдыруға тырысты. Қазіргі әкім Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, облыс орталығына жақын орналасқан тұзды көлдің қазіргі жағдайы адам шошырлық. Қысқасы, Маралдыдан мән де, сән де кетіп тұр.  

"Маралдыдағы жағдай мәз емес. Инвестор жұмыс істеді. Бірақ оның ұсыныстарын сот қолдаған жоқ. Сол себепті инвестор ерікті түрде жобадан бас тартты. Қазір осы уақытқа дейін жасалған инфрақұрылымның бірі де жоқ. "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жаңа инвестор іздеумен айналысуда. Өкінішке қарай, биылғы демалу маусымында келушілерге жағдай жасау үшін аз ғана уақыт қалып отыр", – деді Әбілқайр Сқақов жуырда жергілікті журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында.

Иә, мамыр аяқталуға таяу. Ал санаулы күндерден соң, кезекті демалыс маусымы ашылуға тиіс. Алайда Маралды биылғы маусымға әлі дайын емес. Инвестордың табылмағандығын әрі елдегі карантинді ескерсек, көлдің осы жылы туристерді қабылдауы екіталай.

Осылайша, Маралдыдан Мальдив аралын жасамаса да, оны көршілес Ресейдегі Яровое демалыс орнына пара-пар жерге айналдыруға уәде берген Болат Бақауовтың "бірегей" жобасы аяқсыз қалды. Жалпы, біздің елде лауазымды шенеуніктердің бір-бірінің бастамасын іліп әкетіп, соңына дейін жеткізу үрдісі әлі қалыптаспаған.

Маралды көлін Болат Бақауов Павлодар облысына әкім болып келген уақыттан бастап "СтройБиоРесурс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалға берілді. Аталған компания көлден құрт аулауға рұқсат алды. Artemia salina табысты бизнес саналатыны баршаға аян. Көлдегі байлықты пайдаланған компания, Маралдыға қомақты қаржы бөліп, демалушыларға жағдай жасауға тиіс-тін. Маралдыда жасалған жағдай Болат Бақауовтың көңілінен шыққанымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жобаны жаратпай тастағанын жақсы білеміз.

Тағы бір атап өтерлігі, Маралды көлі дау-жанжалдың ортасына да айналды. "СтройБиоРесурс" ЖШС өкілдері мен жергілікті тұрғындар арасында келіспеушілік орын алып, арты атыс-шабысқа ұласты. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында көп жазылды да.

Жалпы, биылғы жыл отандық туризм үшін үлкен сынақ болғалы тұр. Себебі коронавирус пандемиясына байланысты қазақстандықтардың шетелге шығуына барынша шектеу қойылатыны анық. Демек, жылда Дубай мен Мысырға, Түркия мен сан түрлі аралдарға ағылатын адамдар өзіміздің туристік орындарды місе тұтпақ. Ал мұндай жағдайға туристік орындар дайын ба? Бұл – бір. Екіншіден, коронавирус пандемиясы тұтас әлемді жазғы демалыс маусымынан айыруы мүмкін. Мәселен, жазда мыңдаған турист келетін Баянауылда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар анықталды. Мұның да өз салдары болары анық.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу