"Президенттің Жарлығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіруге және азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға кепіл болуға тиіс", – деді саясаттанушы.
Оның сөзінше, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың салдары азаматтарды саяси талабы бар митингке шығуға мәжбүрледі.
"Митингке шыққандар әкімдіктерге шабуыл жасау арқылы жағдайды ушықтыруға, тұрақсыздандыруға тырысып жатыр. Осының алдын алу үшін өңірлерге төтенше жағдай енгізілді. Саяси наразылық төңкеріске ұласқалы тұр. Экономикалық талап қойған наразылық білдірушілер іс жүзінде билікті басып алу әрекетіне көшті. Әкімдік ғимаратына жасалған шабуылды басқаша түсіндіру мүмкін емес. Сондықтан іс барысында қажетті және тиісті шара қабылданды. Алматыда демонстранттар мен полицейлердің қақтығысы орын алды. Қарапайым тұрғындар қалыпты жағдай орнайды деп үміттеніп отыр. Алда қандай жағдай болады, оны тап басып айту, болжау қиын. Газ бағасының жедел төмендетілуі жағдайды жұмсартудың айла-шарғысы ма, оны да білмейміз. Қазір барлығы беймәлім", – деді Марат Шибұтов.
Саясаттанушының сөзінше, мәселенің қалай шешілетінін бақылау керек.
"Қоғамдық тәртіпті бұзғандарға қандай шара қолданылады? Осыған назар аудару қажет. Себебі төтенше жағдай енгізілгеннен кейін заңға қайшы әрекет еткендерді ешкім арқасынан қақпайды. Төтенше жағдай кезінде заң бұзғандар шынымен жазаланады. Билік өкіліне бағынбаған, тыйым салынған ереуілге басшылық жасаған жандар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жалған ақпарат таратқандарға 3 жылдан 7 жылға дейін сотталу қаупі бар. Ал техника мен әскери мүлікті қасақана жойған адамдар 3 жылдан 10 жылға дейін қамалады. Мұны барлығы дұрыс түсінуге тиіс", – деді Марат Шибұтов.
Оның айтуынша, тұрғындар іс барысында жаппай тәртіпсіздіктің қандай болатынына көз жеткізеді және кейін өз құқығын қорғаудың осындай тәсіліне көшкеніне өкінеді.
Айбын Асқарұлы