"Былтыр жаңа стартапшыларды қолдаған болатынбыз. Шындығында, стартапшылар біз ойлағандай көп емес, яғни идея көп болғанымен, ал оны іске асыру және одан әрі техникалық іске асыру оңай шаруа емес. Оның себебі неде? Меніңше, бүгінде бағдарламашылар жетіспейді. Былайша қарасаң, математика саласында жақсы тәжірибесі бар мамандар көп секілді көрінеді. Стартапты іске қосудың өзі үлкен шаруа, себебі өнімнің технологиялық жағы оның коммерцияға жақындығын білдіреді. Осы тұрғыдан алып қарасақ, қазір инновациялық идеялар көп. Мен басқаратын қор еліміздегі мыңдаған жобаны қарастырғанымен, өкінішке қарай, қомақты қаражатты инвестициялауға болады-ау деген жобаны көре алмадық. Жас стартапшылардың барлығына өнімді жаһандық деңгейде ойластырып шығару керектігін айтқым келеді. Себебі қазір нарық ашық. Жаһандану деген сөз сенің шығарған өнімің сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болу керек дегенді білдіреді",– деді Рақышев. Ол алдағы күзде жас кәсіпкерлер үшін Kazkom Lab деп аталатын алаң құрылатынын құлағдар етті. Оның аясында стартапшыларға кеңсе, конференц-бөлмелер тегін берілетін болады. Сондай-ақ, аутсорсинг бойынша жалпы бухгалтерия, құқықтық көмек көрсету инфрақұрылымын ұсыну мүмкіндігі де қарастырылуда. "Стартапшылар және жаңалық ашушыларға қойылатын басты талап – бізге ұсынған жобалары, біріншіден, финтехпен байланысты болуы керек. Себебі өздеріңіз білесіздер, бүгінгі күні Blockchain, Big data-мен байланысты барлық трендтер шынтуайтына келгенде қаржы жүйесімен, банктермен бәсекелеседі. Сол себепті бүгінгі күннің трендінен қалғымыз келмейді", – деді банкир форумға қатысушыларға. Банкир "Казкоммерцбанкті" мысал етіп өтті. Оның келтірген мәліметтері бойынша, қаржы институты өзінің Homebank еншілес кәсіпорны арқасында алдыңғы орынға шыққан. Бұл кәсіпорын қаржылық қызмет көрсетудің 70%-ын электронды түрде атқарады. "Сіздерге бәсекеге қабілетті болу үшін Қазақстанмен шектеліп қалмау қажет, өйткені жергілікті жобаға бірде-бір жаһандық венчурлық қор қаражат салмайды. Еліміздің нарығы өте тар екенін бәріміз де жақсы білеміз", – деді Кеңес Рақышев ісін енді бастағалы отырған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге.
Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шаһар билігі сервистік қаладан инновациялық қалаға айналу үшін бар күшті салып жатқанын айтып кетті. Оның айтуынша, бүгінгі міндет – инновациялық экожүйеге жағдай жасау болып табылады. "Қазіргі уақытта Алматының бар игілігі тек қаржы мен банк емес. Бірінші орында, бұл адам капиталы. Алматы – болашақтың, жастардың қаласы, бұл жерде еліміздің 42 жоғары оқу орны орналасқан, жастардың үштен бірі осында өмір сүреді. Олардың ең қабілетті және табыстылары Алматыда тұрақтап, қалыптасқылары келеді. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, еліміздің жаңалық ашушыларының 84 пайызы Алматыда тұрып, жұмыс істегенді ұнатады екен", – деді әкім. Қала басшысы қала тұрғындарымен кері байланысты қолдау үшін әкімдіктің жаңашыл шешімін мысалға алды. Атап айтқанда, Instagram желісіне алғысын білдірді. Ол шенеуніктер Алматы билігінің әлеуметтік желілердің мүмкіндігімен ашықтық мен есеп берушілікке қадам жасауы арыз-шағымдарды көбейтіп жібереді деп қорыққанын мойындады.
"Бұл жұртшылықпен байланысты тез ретке келтіруде ең арзан тәсіл болды. Қазір 90 мыңнан астам жазылушымыз бар және Instagram желісі арқылы халықпен тікелей байланыстамыз. Бүгінгі күні өтініш пен шағымдардың 85%-ы шешіліп жатады. Егер біз осы жұмысты әдеттегідей атқаратын болсақ, қаншама өтінішті жазбаша қабылдап, оларды өңдеп, жауап беруіміз қажет болар еді. Ал қазір мұның барлығы оңай шешілуде",- деп түйді әкім.
Форум барысында "Бәйтерек" ҰБХ АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаев Алматыда көлік инфрақұрылымын дамытып, экология мәселесін шешу керектігін айтты. "Біз өзіміздің технология жағынан артта қалғанымызды мойындаймыз. Алдыңғы кезекте көлік инфрақұрылымын дамытуға тиіспіз. Біз өзімізге қажетті мәдениетті дамытуға жұмыс істеуіміз керек. Өзіміз тұратын қаланың көлік инфрақұрылымы мен экология мәселесін қалыс қалдыруға болмайды. Осы екі мәселені шешу қажет. Қолымнан келген көмекті көрсетуге дайынмын. Барлық мәселені шешпесек те, қиындықтар мен қауіпті азайтуымызға болады", – деді Ерболат Досаев.
"Алматы-2020" даму бағдарламасы жақсы әзірленген, алайда ол қиындықтарды биыл шешпейді. Алматыда үлкен тәжірибе бар, бірақ оны соңына дейін қолданбай жүрміз. Барлық инфрақұрылымды сапалы деңгейде ұстап тұру қажет екені анық", – деп айтып кетті спикер.
Сонымен қатар, форум аясында Алматы қаласында Uber халықаралық технологиялық компаниясының жұмысына жол ашқан үш жақты меморандумға қол қойылғанын да айтып кету керек. Енді қала тұрғындары смартфондары арқылы таксиге тапсырыс бере алады. Форум барысында 3D инсталляция форматында "Алматы – болашақтың қаласы" көрмесі болғанын айта кеткен жөн. Көрмеде стартапшылар мегаполистің келешектегі дамуы нұсқаларын ұсынды. Инноваторлар ауаның өздігінен айналу құрылғысы, арнайы ауа тазалағыш, ПИК-пен онлайн-байланыс қарастырылған "ақылды үйлер", "ақылды коммуникациялар", "қаланың ақылды жарықтандыру" және тағы басқа да ұсыныстар жасады.
Данияр Дәуітәлиев, Алматы