Мәскеу "ЛХР/ДХР" сияқты квазиреспубликаларды өткен ғасырда да құрған

3857

Арасына сына қағылып, жасанды түрде ажыратылған халықтардың бір-біріне өшпенділігі адамзатқа қауіп тудырады.

Мәскеу "ЛХР/ДХР" сияқты квазиреспубликаларды өткен ғасырда да құрған Фото: inbusiness.kz

Осы апта бойы Корей халық демократиялық республикасы (КХДР) түбектегі соғыстың аяқталуының 70 жылдығын кең ауқымда атап өтті. Жергілікті мемлекеттік (басқасы жоқ) ақпарат құралдары әдеттегідей, өздеріне қатыстысының бәрінің мақтауын асырып, еш шімірікпестен: "бұл мерейтой салтанатының ауқымы жөнінен тарихқа кірді" деп салды. Шынында, оның аясындағы рәсімдерге Ресей мен Қытайдан ресми қонақтар ғана қатысты.

Корея түбегіндегі соғыс 1950 жылы басталып, 1953 жылғы 27 шілдеде, атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюмен аяқталды. Бірақ бейбіт келісімге сол бойы қол қойылмады. Сондықтан қос корей мемлекеті әлі күнге соғыс жағдайында тұр. Соған қарамастан, КХДР жыл сайын 27 шілдеде "Жеңіс күнін" тойлайды.

Осы орайда ресейлік және шетелдік ақпарат құралдары, YouTube арналар Солтүстік Кореяның және оның басшылығындағы Кимдер әулетінің тарихына назар аудартты. Олар Мәскеу 70 жыл бұрын өзге елді бөлшектеп, өзіндік "ДХР/ЛХР" құрғанын, нәтижесінде КХДР шыққанын еске салды.

Кеңес кезінде "Дүниежүзілік тарих" пәнінде және тарихқа қатысты басқа кітаптарда "КХДР мемлекетінің негізін қалаған Ким Ир Сен" деп халықтың құлағына құйылды. Олардың бәрінде Кимнің ерлік жолы, қалай көсем болғаны майын тамыза сипатталатын. Шын мәнінде, Ким Ир Сен деген адам болмаған. Бұл басқа адамның лақап аты.

Wikipedia.org цифрлық энциклопедиясының барлық тілдегі нұсқаларында Ким Ир Сеннің шынында Ким Сон Чжу деген адам екені атап өтілген. Ол бала кезінде Қытайда тұрған және Корея емес, Манджурия өлкесінде жапондармен соғысқан. 

Уикипедия Кимдердің христиан дінін ұстанғанын еске салады: себебі, солтүстіккореялықтардың болашақ "күн көсемінің" анасы Кан Бан Сок протестант священнигінің қызы болған.

1932 жылғы 25 сәуірде 20 жасар Ким Сон Чжу жапондардың отарлауына қарсы қытай партизандық қозғалысының қарулы жасағының тізгінін өз қолына алады. Коминтерн (Коммунистік интернационал халықаралық қозғалысының) агентуралық хабарламаларында айтылғандай, 1940-1941 жылдары Ким Сон Чжу Қытай құрамындағы Маньчжурияның оңтүстік-шығысында жапондарға қарсы әскери іс-қимылдарға жетекшілік етті, Қытайдың 1-ші Бірлескен халықтық революциялық армиясының 2-ші бағытының қолбасшысы лауазымын атқарды.

1940 жылдың соңында жапондар жойқын жазалаушы операциялар нәтижесінде Маньчжуриядағы ірі партизандық жасақтардың басым көпшілігін тып-типыл етіп талқандады. Ким Ир Сеннің естеліктерінде айтылғандай, 1940 жылдың соңында, қараша айында оның тобы кеңестік-маньчжурлік шекараны кесіп өтеді. Кеңес шекарашылары олар туралы хабардар болмағандықтан, оқ жаудырып қарсы алады. Бірнеше күн эпидемиологиялық карантинде ұсталған партизандар Ресейдің Приморье өлкесіндегі Хасан ауданының Посьет кентіне жеткізілді.

1942 жылдың шілдесінде Ким Сон Чжу жұмысшы-шаруалардың Қызыл армиясына (РККА) қабылданды. Оның аты Цзин Жи-чэн болып өзгертілді. Ол 88-ші жеке атқыштар бригадасының қытайлар мен корейлерден құралған 1-ші атқыштар батальонының командирі болды.

Ким қалай теріскей Кореяның көсемі атанды?

"Корей халқының азаттығы үшін жанқиярлықпен күрескен даңқты партизан Ким Ир Сен" туралы аңызды Кеңес одағы ойлап тауып, ілгерілеткен.

Ким Кеңес одағында Вера есімді кәріс әйелге үйленді. 1942 жылғы ақпанда тұңғыш ұлы дүниеге келді. Одақта азшылық ұлттарды ассимиляциялау үшін оларға орысша ат қойылатын. Осы дәстүрмен Кимнің ұлына Юра деген ат беріледі. Ол кейін Ким Чен Ирге айналды. Екінші ұлының аты Александр болған, бірақ ол үш жасында суға батып кетті.

Гитлерлік Германиямен одақтасқаны үшін милитаристік Жапония жаһандағы қос алпауыттың – Америка мен Кеңес одағының қатар қысымына қалды. КСРО Маньчжурия мен Кореяның жапондардан азат етілген қалаларына 88-ші бригаданың сардарлары мен сарбаздарын аттандырып жатты. Олар сол жерде бөтен, жат саналатын орыс коменданттарының көмекшісі қызметін атқарды және кеңестік әскери биліктің жергілікті тұрғындармен ықпалдастығын қамтамасыз етуге міндетті болды.

Дегенмен, сол кезде КСРО басшысы Сталин дұшпаннан босатылған Кореяға тәуелсіздік бермей, оны одақтың ықпал аймағында қалдыру идеясына бой ұрады.

Сол тұста кеңес әскерлері басып алған Кореяның ең ірі қаласы Пхеньян болатын. Ал ұлты кәріс ең биік лауазымды офицер Ким Ир Сен еді.

1945 жылдың тамызында жас Ким Мәскеуден Пхеньянға жеткізілді. Кеңес армиясының сардарының формасын киген Кимді Мәскеу Кореяның "ұлттық көсемі" етіп тағайындады. Оққағары болып, кез келген қастандықтан қорғауы, қасына қас жуытпауы үшін жанына сайдың тасындай іріктелген шамамен 40 кәріс партизанын қосып берді. Бүкіл кеңестік халықаралық пропаганда оны дәріптеп, көсем бейнесін сомдауға жұмылды.

Бірақ ел астанасы Сеул кеңестердің қолында емес еді. Елді көсем емес, халық сайлаған Ли Сын Ман басқарып тұрды. Сондықтан Мәскеу "азаматтық соғысты" дайындай бастайды. Сол кездегі пропаганда қазіргісі сияқты, "Сеулдегі хунтаның қысымы" туралы, жергілікті халықтың оған наразы екені жөнінде сөз таратты, қолдан дау-жанжалды өршітті.

Гарвард түлегі, білікті басшы болғанымен Президент Ли Сын Манға соғыстан күйзеліп, қажыған ел, күйреген экономика, дағдарған билік, тоз-тоз болған армия қалған еді. Оның қолында бірде бір ұшақ немесе танк қалмады. Ал елдің кеңестер оккупациялаған солтүстігіне КСРО жеңіл және ауыр техника арсеналын лек-лекпен жеткізіп жатты.

Бұл кезде Корея елі іс жүзінде қаққа бөлінді. Оңтүстігінде ел астанасы Сеул қалды. Ал солтүстігінің орталығы ретінде кеңестер Пхеньян қаласын бекітті. Жапондар арқасында Кореяның шың еліне жақын теріскейі өндірістік дамыған еді, оңтүстік болса, артта қалды.

Жаңа аумақ басшылығына Кеңес одағы Ким Ир Сенді қойды. Сеул әрине, Пхеньянды мойындамады: оған деген көзқарасы Киевтің Мәскеу "Новороссияның" орталығы деп бейресми жариялаған Донбасқа көзқарасына ұқсас еді. "Ешқандай да Солтүстік Корея жоқ, ол тек біртүтас Кореяның солтүстік өңірі ғана".

КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы және КОКП ОК Бірінші хатшысы Никита Хрущев кейінгі мемуарларында Ким Ир Сеннің жеке кездесулерде де, телеграммаларында да Сталинді "Оңтүстік Кореяға істік-штык қадап көруге" үгіттеумен болғанын еске алды. Ким халыққа қарсы режимге қарсы шығу үшін оңтүстіктегі жұрт солтүстіктен көмек күтіп отыр деп, Сталинді сендіреді. Мұнысы "Украинаның орыстілді халқы бізді гүлмен, нан-тұзбен қарсы алады" деген бертіндегі уағызға ұқсайды. Басқаша айтқанда, "Сталин (Путин), кел де, бізді құтқар" деген ескі жыр.

Өз кезегінде Қытай лидері Мао Цзедун Сталинге қарулы қақтығыс болса, Американың оған араласпайтынын жеткізеді. Ендеше Сеул Ким Ир Сенге оңай олжа болмақ. Сондықтан Мәскеу Сеулді "үш күнде құлатуға" арналған шапқыншылыққа рұқсат етті. Бірақ басты шарт: бұл авантюраға КСРО-ның тікелей әскери қатысқаны барынша жасырылуы шарт. 

Мысалы, 2014 жылғы 4 наурызда баспасөз конференциясын өткізген Владимир Путин Украинаның Қырымында жергілікті тұрғындар "Киевтегі хунта режиміне" қарсы көтерілгенін, ал танктер мен қаруды кез келген "военторг" дүкенінен сатып алуға болатынын мәлімдеді.

"Қырымдағы украиналық әскерилерді бұғаттап тастағандардың РФ армиясына қатысы жоқ. Бұл – Қырымның өзін өзі қорғаған жергілікті тұрғындары. Олардың формасының РФ армиясының киіміне ұқсастығына келсек, онда тұрған ештеңе жоқ: кез келген военторгта сатылады", – деді Кремльдің қожайыны.

Ол осы түсініктемесін артынша Украинаның Донбасына қатысты қайталады. Сөйтсе, бұл Путиннің ойлап тапқан ноу-хауы емес көрінеді.

1950 жылғы 25 маусымда Ким Ир Сеннің жеті дивизиясы 150 кеңестік Т-34 танктерінің ізімен оңтүстікке ауқымды шабуылын бастады. Бұл ретте Кеңес пропагандасы бүкіл әлемге Кореяның еңбекшіл халқы империалистерге қарсы көтерілгенін жариялап жатты.

Украиналық сепаратистерді қолдаған қазіргі Мәскеудің тірлігінен айырмашылығы сол, Кремль қолдаған солтүстіккореялық сепаратистер сонда аз уақыт ішінде ел астанасын басып алды.

"Известия" газеті Ким Ир Сеннің 1950 жылғы қыркүйектегі Пхеньян радиосындағы мәлімдемесін аударып, басты.

"Бұдан былай КХДР өкіметі республикамыздың солтүстік бөлігінде ғана емес, Оңтүстік Кореяның бүкіл территориясында өз өкілеттігін жүзеге асыратын болады. Босатылған аудандарда халық билігінің шынайы органдары – халық комитеттері қалпына келтірілді", – деді Ким Ир Сен.

Қос Кореяның қанды қырғыны тарихи кітаптарда жан-жақты жазылған. Оңтүстік бөліктегі негізгі Корея коммунистерді құшақ жая қарсы алған жоқ. Ұлт болып бірігіп, қарсы шықты. Партизандық қозғалыс өрбіді.

Қазіргі Ресей сияқты сол кезде КСРО-ның да Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесінде БҰҰ-ның кез келген қарарына вето қою құқығы болды. Алайда Йосиф Сталин және сыртқы істер министрі Андрей Вышинский Кеңес одағының БҰҰ-дағы өкілі Яков Маликке күн тәртібіне Пхеньянның басқыншылығын айыптау мәселесі шығарылған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысына бойкот жариялауды тапсырады.

КСРО қарсылығын жариялап, вето қоя алатын Малик отырыс залын тастап шыққан соң, БҰҰ Корея Республикасын сыртқы агрессиядан қорғау үшін БҰҰ әскерін енгізуді орынды деп таныған қарарды қабылдай алды. Бұл Америкаға БҰҰ туының астында өз әскерін Оңтүстік Кореяға енгізуіне құқық берді. Сол қателігін Мәскеу содан кейін қайталамады: БҰҰ және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі РФ тұрақты өкілі ретінде В.Небензя 2017 жылдан бері табан аудармай, ротациясыз, ұдайы қатысып келеді.

Ким Ир Сеннің "ополченецтері" кеңестік танктермен Сеул көшелерін таптап жатқанда, кеңестік және оған бағынышты шетелдік ақпарат құралдары оның қырғынын ақтаумен айналысты. Ал YouTube арналар, әлеуметтік желілер сияқты баламалы ақпарат көздері жоқ кеңес жұртшылығы Американың кәріс еңбекшілеріне қарсы агрессиясын айыптап, кеңестік газеттерді ашулы хаттардың астында қалдырды. 

"Біз соғысты қаламаймыз. Біз бейбітшілік ісін ғана жақтаймыз және қорғаймыз. Сондықтан мен өзіме бұдан да жақсы жұмыс істеуге, өнімнің сапасын арттыра түсуге міндеттеме қабылдаймын. Сөйтіп, стахановтық еңбегіммен өзімнің социалистік отанымның әлемдік қуатын нығайта түсемін", – деген әлдібір жұмысшы әйел Салаакованың хатын жариялады Известия газеті.

"Корей халқының ішкі ісіне арсыз түрде қаруымен қол сұққан америкалық империалистер бетпердесін ысырып тастап, жексұрын жүзін жаһанға паш етті. Әскери ұшақтарымен корейлердің бейбіт қалалары мен селоларына варварлық шабуыл жасау, қарттарды, балаларды қынадай қыру – америкалық империалистер мен олардың жандайшаптарының діттегені осы", – деп жазды Мәскеу тұрғыны, Сталиндік сыйлықтың лауреаты, жолдас Чуткин.

Жолдас Чуткиннің 1950 жылғы шілдеде Чертановосында отырып, Кореяны бомбалаған америкалық әскери ұшақтарды қалай көргені әрине, белгісіз. Кеңес телеарналарында да ондай сюжеттер болмаған.

Қалай болғанда, америкалық әскерлер 1950 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Кореяға кірді. Тек бір ай өткен соң ғана Кеңес одағы "бейбітшілік үшін соғысқа араласқанын" ресми мойындады.

Жойғыш ұшақтардың 22 кеңестік ұшқышы Кореядағы соғыс үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алды. КСРО Корея соғысында 335 ұшағынан, 200 ұшқышынан айрылды. Үш жылғы соғыс Корей түбегінің экономикалық, саяси, қоғамдық өмірін толығымен күйретті, бөлінген елді күйзелтті. Соғыс тек Сталин өлген соң, үш ай өткенде күрт тоқтады.

Оңтүстік пен солтүстік шекарасы 48 параллель бойынша бөлінді. Әрқайсысы дамудың төл жолына түсті. 1954 жылы Солтүстік Корея КСРО үлгісінде коллективизация өткізді, өз аумағында қалған байлардың жері мен мүлкін тартып алып, қудалады.

1950-шы жылдардың соңында Ким Ир Сен Еңбек партиясындағы  өзгеше ойлайтындардың, оппозициядағылардың бәрін атып, асып, түрмеге тықты, демократияның көріністерін "жөргегінде" тұншықтыруға кірісті. 1961 жылғы шілдеде ол Мәскеу мен Бейжіңге сапарлап, осы екі елмен достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге қол қойды. Ал АҚШ Оңтүстік Кореямен Өзара қорғану туралы келісім бекітті.

Ким Ир Сен тарихтағы абсолюттік рекордқа ие – ол Солтүстік Кореяны жарты ғасырға жуық, 1994 жылы дүние салғанға дейін биледі.

Оның өлімінен кейін, 1997 жылы КХДР конституциясына өзгеріс енгізіліп, онда Ким Ир Сенге "республиканың мәңгілік президенті" мәртебесі берілді. Одан кейін ел тізгіні соның ұлы Ким Чен Ирге, содан соң немересі Ким Чен Ынға тиді.

Бүгінде КХДР – әлемдегі ең қайыршы және жабық мемлекет. Онда сол бойы концлагерлер желісі жұмыс істейді. Республика тек қана гуманитарлық көмектің арқасында тіршілік етіп отыр. Оған көмекті АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея жібереді. КХДР жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 16 млрд доллар ғана. Салыстырсақ, оның көршісі Оңтүстік Кореяда бір ғана Сеул қаласының жылдық бюджеті 50 миллиард долларға жуық.

Мысалы, Интерфакс хабарлағандай, КХДР билігі Оңтүстік Кореядан гуманитарлық көмек ретінде 500 мың тонна күріш және 300 мың тонна тыңайтқыш беруді талап еткен. Егер бермесе, ядролық қаруын қолдануға доқ көрсетеді. Пандемия кезінде Солтүстік Кореяда аштық өршіді. Ол кезде барлық мемлекеттердің шекаралары жабық еді. Содан Пхеньян армияға және соғыс уақытына арналып сақталған қор, қамбаларын ашып, күрішті содан аздап таратуға мәжбүр болды.

Жарты ғасырда АҚШ пен Еуропаның қолдауымен Оңтүстік Корея "Азия жолбарысына", әлемдегі озық, инновациялық мемлекеттердің біріне айналды. Ал Қытай мен Ресейге сүйенген Солтүстік Корея тоталитаризм қыспағында торыққан, аумағын концлагерлер торлаған, гуманитарлық апатқа ұшыраған, халқы аш, жалаңаш, қайыршы елге айналды.

Жалпы, жасанды түрде ажыратылған жалғыз Корея ғана емес еді. Сарапшылар мысал ретінде ГФР мен ГДР-ді, Молдова мен Приднестровьені, Грузия мен Абхазияны және басқасын келтіреді.

Басты қорытынды біреу: көзбояу емес, нағыз демократиялық жолға түскен елдер ғана жарқын болашаққа жете алады. Ал заңдар аяқасты болған, адам құқықтары, сөз бостандығы шектелген, жемқорлық жайлаған елдерді жердегі "тамұқ" құрдымы күтіп тұрса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу