Мәскеу орталығы Астанада болатын жаңа халықаралық ұйым құрмақ

5403

Бұл қор доллар мен еуродан бас тартып, жобаларды теңгемен, рубльмен, соммен, сомонимен және драммен қаржыландырмақ.  

Мәскеу орталығы Астанада болатын жаңа халықаралық ұйым құрмақ Фото: canva.com

Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың (ЕурАзЭҚ) Мемлекетаралық кеңесінде кездескен Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения президенттерінің қабылдаған шешіміне сәйкес, сонау 2009 жылғы 4 ақпанда осы 6 ел жаңа қор құрған болатын.

Қор "Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың дағдарысқа қарсы қоры" деп аталды. Алты мемлекеттің лидерлері қол қойған келісімде жаңа ұйымның міндеттері нақты көрсетілді.

Оған сәйкес, антикризистік қор "әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыстың теріс салдарларын бірлесіп еңсеруге көмектесуге, олардың экономикасының, қаржылық секторының орнықтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қорға құрылтайшы болған мемлекеттердің ары қарай өзара терең интеграциялануына ықпал етуге" тиіс болды.  

Бірден айта кетелік, қор бұл міндеттерінің үдесінен шыға алмады. Оның үстіне әрбір қатысушы мемлекет қорға 6 ай ішінде қомақты ақша салуға міндеттелген еді. Атап айтқанда, Қазақстаннан – 1 миллиард (!) доллар, Ресейден – 7,5 миллиард доллар, Беларусьтен – небары 10 млн доллар, Қырғызстан, Тәжікстан және Армениядан – бар-жоғы бір-бір миллион доллардан ортақ қазанға салу талап етілді.  

Бірақ "байтал түгіл бас қайғы" деп жаһандық күйзеліспен жеке күрескен "одақтастар" ол міндетін аяқасты етті.

Артынша сол 2009 жылғы 9 маусымда мемлекеттер басшылары қайта кездесіп, қордың "ребрендингін" жүргізді, жаңа шартқа қол қойды. Ол бойынша енді ұйым "Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры" деп қайта аталды. Бірақ жаңа қор да толыққанды іске қосылмады.

2014 жылғы 29 мамырда Ресей, Қазақстан және Беларусь жаңа ұйымды – Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) құру туралы шартқа қол қойды. Ол 2015 жылғы қаңтарда күшіне енді.

Кедендік одақ негізінде үш елдің жаңа одағы құрылатыны белгілі болысымен, соның қарсаңында, 2013 жылғы 24 қазанда өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕурАзЭҚ ұйымын таратуды ұсынды. Өйткені Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Мәскеуді темірқазық еткен жаңа одақтың өркендеуіне әкелмеді және гуманитарлық, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастықпен, мемлекетаралық 15 бағдарламаны жүзеге асырумен шектелді.

2014 жылғы 10 қазанда, Минскіде Қазақстан, РФ, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан президенттері жаңа ұйымға бәсекелес болмауы үшін "ЕурАзЭҚ-ті жою туралы шартқа" қол қойды. Алайда соның алдында небары үш ел құрған жаңа "Еуразиялық экономикалық одаққа" кіруге тек Армения мен Қырғызстан келісті де, Тәжікстан тыс қалды. Тиісінше, осы мемлекеттер құрған Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын тарих шаңы басты.

Енді санкциялардан сансыраған Ресей осы жобаның шаңын сілкіп-қағып, жарық дүниеге қайта алып шығып, жандандырып жатыр.

Осыған байланысты еліміздің Қаржы министрлігі "2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама қол қою туралы" Президент жарлығының жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шығарып отыр.

Онда ұсынылғандай, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев біріншіден, жарлыққа қоса беріліп отырған шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдайды.

Екіншіден, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке аталған хаттамаға Қазақстан атынан қол қоюға және құжатқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат береді.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің түсіндіруінше, "2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы" жаңа хаттама жобасы біріншіден, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын "толыққанды және дербес халықаралық ұйымға айналдырады". Екіншіден, жаңа қор аясында "жобалар мен бағдарламаларды оған қатысушы елдердің ұлттық валюталарында қаржыландыру" ұсынылып отыр.

Жаңа халықаралық қаржылық ұйымның миссиясы ретінде "Қорға қатысушы мемлекеттердегі – Ресейдегі, Беларусьтегі, Қазақстандағы, Қырғызстандағы, Тәжікстандағы, Армениядағы экономикалық және қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу, сондай-ақ олардың орнықты дамуын қолдау" бекітілмек.

Оның Жарғысында: "Осы шарт күшіне енген күннен кейін басқа да мемлекеттер қордың жарғысында көзделген талаптар мен рәсімдерді орындаған жағдайда, олардың қосылуы үшін ашық" деп жазылған. Демек, алда пәрменділігін танытып жатса, өзге де елдер кіруі мүмкін.

"Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) – ЕТДҚ қаражатын басқарушы ретінде іс-әрекеттерді жүзеге асыру кезінде Еуразиялық даму банкі қабылдаған немесе сатып алған активтердің, құқықтардың, міндеттемелер мен және өзге де мүліктің толық құқықтық мирасқоры болып табылады", – деп жазылған хаттамада.

Кезінде жұмысы дағдарып, доғарылған ЕТДҚ-ның дүние-мүлкін, қаражаттарын бүгінге дейін Еуразиялық даму банкі басқарып келіпті. Енді қор "қайта тірілсе", басқарушының қажеті болмайды: "Бұл хаттама күшіне енгеннен кейін Басқарушылар кеңесінің төрағасы басқарушыға – ЕДБ-ға Басқару туралы келісімнің әрекетін тоқтату ниеті туралы хабарламаны жолдайды".

Қатысушы елдер Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын "толыққанды, дербес халықаралық қаржылық ұйым ретінде халықаралық құқықтың субъектісі" етпек. Бірақ Ресейге және Беларуське халықаралық қатаң санкциялар салынғандықтан, жаңа ұйымның "астанасы" ретінде Қазақстанның Астанасы таңдалып отыр.

Оның үстіне жаңа ұйым шетелдік валютада операцияларды, соның ішінде доллар мен еуроны сату-сатып алу мәмілелерін жүргізуге ниетті. Қазақстан бұған жан-жақты толық мүмкіндік береді.

Алайда неге екені белгісіз, ұйым құрушы хаттаманың төлнұсқасы (подлинный экземпляр) Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігінде сақталатыны нақты жазылған. Хаттама депозитарийі де сол болады. РФ СІМ қатысушы елдерге соның тек көшірмесін жібереді.

"Халықаралық ұйымның толық атауы: орыс тілінде "Евразийский фонд стабилизации и развития""; ағылшын тілінде "Eurasian Fund for Stabilization and Development" болады. Қысқаша атауы: орыс тілінде "ЕФСР"; ағылшын тілінде "EFSD". Ұйымның штаб-пәтері Астана қаласында, Қазақстанда орналасқан", – деп жазылған хаттамада.

Құжатта жаңа халықаралық ұйымның жұмыс және ресми тілі – тек орыс тілі болатыны атап көрсетілген. Барлық құжаттары да сол тілде әзірленіп, тараптармен бекітіледі.

Қазақша атауы ЕТДҚ деп қысқартылатын бұл құрылым – ұлтүстілік ұйым болады: хаттамада қорға қатысушы мемлекеттердің ұлттық заңнамасымен бекітілген "ұйымдарды құру, лицензиялау, реттеу және олардың қызметін тоқтату тәртібі" мен талаптары ЕТДҚ-ға қолданылмайтыны қадап айтылған.

Алда Бектенов қол қойғаннан кейін ел Парламентінің ратификациялауына ұсынылатын хаттаманың елді елең еткізерлік бір тұсы бар. Оған сәйкес, жаңа ұйымның қазынасы қатысушы елдердің жарналарынан және жобалар мен бағдарламаларға инвестициялаудан түсетін түсімдерден құралады.

Бірақ онымен шектелмейді, тағы бір қаржы қайнары ретінде қайырмалдық-садақалар көзделген. Осы мақсатта хаттамада "Пожертвования в ЕФСР" деген жеке бап қарастырылды. Қайырымдылық қаржыны ұйымға мүше емес елдер де бере алады екен.

"Басқарушылар кеңесінің шешімі бойынша қорға қатысушы кез келген мемлекеттен, немесе өзге мүдделі мемлекеттерден және ұйымдардан өтеусіз және қайтарымсыз негізде ақшалай қаражат – қайырмалдықтар (пожертвования) қабылданады. Қорға қатысушы мемлекет болып табылмайтын қайырмалдық беруші ЕТДҚ қаражатын басқаруға қатыспайды", – деп түсіндірді Қаржы ведомствосы.

Қазақстан жаңа ұйымға қанша жарна төлейді?

ЕТДҚ ұйымының құрылтайшы мемлекеттерінің бастапқы жарналарының мөлшері келесідей болады:

Қазақстан Республикасы – ұйымға 1 миллиард АҚШ долларына балама көлемде шығын шығарады. Оның ішінде:

·      100 миллион АҚШ долларын бұрын қорға ақшалай төлеп қойыпты;

·      Қалған 900 миллион долларды қарапайым, айналымға түспейтін және пайызсыз вексель түрінде енгізді, ол вексельді ішінара – 396 млн 800 мың доллар көлемінде бұрын өтеген ("сөндірген").  

Арменияның жарнасы – 1 миллион долларға балама, оның ішінде:

·      100 мың доллары ақшалай;

·      900 мың доллары толық өтелген қарапайым, айналымға түспейтін және пайызсыз вексель түрінде бұрын енгізілген екен.

Беларусь жарнасы – 10 миллион АҚШ долларына балама, оның ішінде:

·      1 млн долларын ақшалай нысанда төлейді;

·      9 миллионы – қарапайым, айналымға түспейтін және пайызсыз вексель, ішінара, 1 млн доллар көлемінде бұрынғы қорда өтелген.

Қырғыз Республикасының жарнасы – 1 млн долларға балама, оның ішінде:

·      100 мың доллары ақшалай нысанда;

·      900 мыңы вексель: ішінара, 100 мыңы өтелген.

Ресей Федерациясының жарнасы – 7,5 млрд долларға балама:

·      Оның тек 750 миллионы ғана ақшалай нысанда;

·      Қалған 6 млрд 750 млн доллары қарапайым, айналымға түспейтін және пайызсыз вексель түрінде енгізілген. Оның 1 млрд 808 млн доллары ғана ертеректе өтелген.

Тәжікстанның жарнасы – 1 млн долларға балама, оның ішінде:

·      100 мың доллары ақшалай нысанда;

·      900 мыңы толық өтелген вексель түрінде енгізілген.

Ұйымның басқарушылар кеңесі кем дегенде 5 жылда 1 рет жарна көлемін қайта қарап, көбейтеді.

Жарна көлемі қордан алынатын ақшаға тәуелді болмайды. Хаттама аясында қор "көмектесу қажет" деп тапса, мүше кез келген елге жиналған қаражатты өтеусіз негізде бере салу құзырына ие болады.

Қазақстанның табандауымен, қор қаражаты "әскери-техникалық құралдар мен қосарлы мақсатта қолданылатын өнімдерді әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге және оларға қызмет көрсетуге" жұмсалмайтын болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу