Мәскеу түбіндегі ұшақ апаты тосын жайтты әшкереледі

3932

Коломнада Ресейдің төл туындысы саналатын Sukhoi Superjet 100 жолаушылар ұшағы жерге құлап, жермен-жексен болды.

Мәскеу түбіндегі ұшақ апаты тосын жайтты әшкереледі Фото: imghub.ru

Халықаралық ақпарат құралдарының жазуынша, оның ішіндегі болған экипаждың үш мүшесі қаза тапты. Апаттың себептері анықталуда, Сонымен қатар, дәл сол әуе кемесінен бұған дейін 3 рет техникалық ақаулар табылыпты.

Ресейлік мамандар бүгінде санкция салдарынан Ресейдің барлық дерлік ұшақтарында кінәрат барын айтады. Соның кесірінен былтырдан бері солтүстік көршіде авиациялық инциденттер саны күрт өсті, жылына мыңдап тіркеледі.

12 шілдеде Мәскеу облысының Коломенский ауданында Sukhoi Superjet 100 (SSJ 100) апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша ұшақтың қозғалтқышы тоқтап қалған. Бұл – әуе көлігінің техникалық қызмет көрсетуден кейінгі "сынақ ұшырылымы" екен. Сондықтан оның ішінде жолаушылар болмаған, екі ұшқыш пен бір жолсерік (стюарт) болған. Үшеуі де көз жұмды.

Санкциялар кесірінен және шетелден лизингке алған жолаушылар ұшақтарын заңсыз жекешелендіріп алғаны үшін қазіргі кезде ресейлік әуе көліктері дамыған елдердің техникалық байқауынан өте алмайды. Салдарынан оларға не Ресейде, не Иранда қызмет көрсетіледі.

Ресейлік "Суперджет" жаңа саналады. Оны "Объединенная авиастроительная корпорация" (ОАК) 2014 жылы құрастырып, тапсырыс берушіге – "Газпромавиа" әуекомпаниясына табыстаған.

2015 жылдан бері ұшақ жолаушылар рейсін орындап жүрді. 2019 жылдан бері бұл бортқа қатысты үш инцидент тіркелді. Үшеуінде де техникалық ақаулар туралы хабарланыпты.

Біріншісінде, 2019 жылғы сәуірде бұл SSJ 100-дің сол жақ қозғалтқышының реверсі қосылмай қалған.

2022 жылы бұл авиалайнердің қысым тудырып, салонға ауа беруді қамтамасыз ететін кондиционирлеу жүйесі істен шықты. Онсыз ішіндегі жолаушылар тұншығып өлетін еді. Бұл оқиғаға тіпті салаға жауапты меммекеме – "Росавиация" назар аудартты және оны салаға қатысты өзінің жылдық есебіне енгізді.

2023 жылы аталған "Суперджет" Новый Уренгой әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болған. Өйткені онда отынның тосыннан тез азайып қалғаны әшкереленді.

РФ өнеркәсіп және сауда министрлігінің мәліметінше, Мәскеу түбінде құлаған ресейлік ұшақты толыққанды "ресейлік" деп атауға болмайды, ол "толығымен импорталмастырылған өнім емес еді".

Мәселен, француздың SaM146 қозғалтқыштарымен жабдықталыпты. Бұл ретте Францияның өндірушісі өз өніміндегі ақау үшін жауапты бола алмайды, өйткені, Ресейге қарсы санкциялар оған өз өніміне тұрақты техникалық қызмет көрсетіп, қолдауына мүмкіндік бермеді.

"Ресейге қатысты санкциялар енгізілген соң, Superjet 100 ресейлік ұшақтарына арнап, SaM146 қозғалтқыштарын шығаратын PowerJet ресейлік-француздық компаниясына оларға техникалық қызмет көрсетуді және жөндеу жүргізуді тоқтатуға тура келді. Төл нарығындағы бұл қажеттілікті өз бетінше өтеу әзірге ресейлік өндірушілердің қолынан келетін емес. Ұшақ қозғалтқыштарын да, олардың шассилерін де жөндеп, қызмет көрсететін білікті кәсіпорын жоқ", – деді Friendly Avia Support консалтинг компаниясының директоры Александр Ланецкий.

SSJ 100-дің кезекті апатын тергеумен "Росавиация" мамандарын жұмылдыра отырып, Халықаралық авиациялық комитет айналыспақ.  Ланецкийдің пікірінше, Мәскеу "авиаапаттың" шын себептерін анықтауға мүдделі болуға тиіс.

"Бұрын нарық ойыншыларының үлкен бөлігі оның тергеулеріне сенетін. Енді солай деп айту қиын", – деді авиаэксперт германиялық Deutsche Welle басылымына сұхбатында.

Шетелден әуе көліктерінің қосалқы бөлшектерін алғыза алмағандықтан, Ресейде "авиаканибализм" кең етек жайды. Бір ескі ұшақтар шашып тасталып, олардың бөлшектері басқа ұшақтардың "жыртығын жамауға" пайдаланылады.

Ланецкийдің пікірінше, егер бұған дейін ресейлік ұшақтарды сатып алуды ойластырып келген тапсырыс берушілер болса, бұл апаттан соң олардың бәрі бұл ниеттерінен айнығаны абзал. Ол 2019 жылы Шереметьевода болған Superjet 100 апатынан кейін оның имиджінен сау-тамтық қалмай, сұраныс күрт құлдырағанын айтты. Сонда "Суперджеттің" жерге соғылуы салдарынан оның бортындағы 40 жолаушы және экипаждың 1 мүшесі қаза тапты.     

Жалпы, толыққанды өндірісі жолға қойылмай жатып, "суперджеттер" 5 рет апатқа ұшыраған.  

Бүгінде РФ Superjet 100-дерін шетелге экспорттауды доғарды. Ресейде әуе көліктерінің жаппай тапшылығы туындаған жағдайда, "суперджеттер" көршінің өз қажеттіліктерін өтеуге жұмылдырылады. Сондықтан оның шетелдік нарыққа жеткізілімдері тоқтатылды. Оның үстіне бұған дейін оларды сатып алып үлгерген шетелдік компаниялар ресейлік ұшақтардың тым тез тозатынына және жөнделуі шектен тыс күрделі екеніне шағымданды.

Дәл сондай тауқымет тартқандарын ресейлік коммерциялық авиакомпаниялар да мәлімдеді. Олар "Superjet 100" жобасын шикі деп бағалады, ақаулары, проблемалары көптігін нұсқады. Салдарынан, оншақты "суперджеттер" қолданыстан алып тасталған, дайын жаңаларына сатып алушылар табылмаған.

Тұтастай алғанда, ресейлік авиафлотқа 160-тан астам "Superjet 100" ұшақтары қабылданған көрінеді. Кремльдің тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейін оларға тағы 142-сі қосылуға тиіс. РФ авиациялық саласын дамытудың кешенді бағдарламасында да осы міндет бекітілді.

Украинада кең ауқымды соғыс басталып, ауқымды санкциялар енгізілгелі, "Росавиация" 1 мыңнан аса авиаинцидентті тіркеді. Соның ішінде мысалға, дамыған елдердің білікті қызмет көрсетуінен қағылған Boeing 737-800 ұшақтары 132 апатты оқиғаға, ресейлік RRJ-95LR "суперджеттері" 74 және RRJ-95B ұшақтары 71 апатты оқиғаға тап болған көрінеді. Airbus A320 ұшақтарына қатысты Ресейде 67 авиаоқиға тіркелді.

2024 жыл басталғалы, ақпарат құралдары Ресейде түрлі авиалайнерлердің қозғалтқыштарының тоқтап қалуының 20 оқиғасы туралы жазды. Соның үшеуі – Superjet 100-дерге қатысты.

Осы аптада, 9 шілдеде түріктің Анталиясынан татар астанасы Қазанға бет алған AZUR Аir ұшағы шамамен кешкі 22:00-де шұғыл түрде Самараның запастық аэродромына қонуға мәжбүр болды. Оның ішінде 339 жолаушы және экипаждың 10 мүшесі болған. Ұшқыштардың біліктілігі арқасында ғана ресейлік жүздеген тұрғын курорттан тікелей о дүниеге аттанудан сау қалды.

Сондықтан бүгінде ресейліктер әлемге саяхаттау үшін қазақстандық, қырғызстандық, өзбекстандық авиакомпаниялардың қызметіне жиі жүгіне бастады. Көлік министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық әуе компаниялары жыл басынан бері шамамен 5,5 миллион жолаушыны тасымалдады. Бұл көрсеткіш – кезекті рекорд және өткен жылдың сәйкес кезеңінен 17%-ға артық.

Алайда, "Росавиация" жоғарыдан түскен тапсырмаға сәйкес, ресейлік ұшақтарға қатысты тіпті ақпарат құралдарында да жарияланған апаттарды өз статистикасына қосуды доғарған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу