Матенадаранда қазақ тарихына қатысты мәлімет сақталған

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2875

Қазақстанның Армениядағы төтенше және өкілетті елшісінің мәлімдеуінше, Арменияның Матенадаран көне қолжазбалары ғылыми-зерттеу институтында ұлтымыздың тарихына қатысты мәлімет бар.

Матенадаранда қазақ тарихына қатысты мәлімет сақталған

Abctv.kz порталына берген сұхбатында Қазақстанның Армениядағы елшісі Тимур Оразаев қазақ тарихына қатысты құнды мәлімет әлемнің кез келген мұрағатынан табылатынын айтады.

- Былтыр Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) министрі Ара Нранян "Армения ЕАЭО-ға қосылғаннан кейін Еуроодақ елдері мен Парсы шығанағы Оңтүстік-Шығыс Азия мен Үндістанды байланыстыратын маңызды көліктік түйінге айналуы мүмкін" деген еді. Ал елдегі сарапшылар Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы Еуроодақ пен Парсы шығанағы, Оңтүстік-Шығыс Азия және Үндістан елдерін байланыстыру бағытындағы үлкен серпілістің бірі болады деп үміттенеді. Арменияның қатарға келіп қосылуы ЕЭК құрылымына, соның ішінде қазақ-армян байланысына қандай жаналық әкелді?

- Әрбір интеграциялық кеңістік шеңберінің ұлғаюы қашанда ұтымды болады. Бұл жерде сандық құрамның сапаға айналуы аса маңызды. Арменияның Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық одағына қабылдануының оң әсері бар. Біздің ел Арменияның барлық мүмкіндігін ұтымды пайдалануы тиіс деп ойлаймын. Осы жерде айта кететін маңызды жайт, Еуроодақ Арменияға GSP+ сауда жүйесі бойынша үлкен жеңілдік беріп отыр. Соған сәйкес армян өндірушілері Еуродақ кеңістігінде кедендік мөлшері төмендетілген тауарды шетке шығаруға мүмкіндік алған.

GSP+ сауда жүйесін әлем бойынша 14 ел ғана пайдалана алады, ал ТМД елдері арасында бұл құқық Армения мен Грузияға ғана берілген. Армяндар бүгінгі таңда 6400 түрлі тауар түрін осы жүйе арқылы шет елге шығарып отыр. Біздің елдің кәсіпкерлері одақтас Арменияда бірлескен кәсіпорын құрып, осы жүйені өз игілігіне жаратуы тиіс.

Біздің кәсіпкерлермен салыстырғанда армян кәсіпкерлері көлемі ірі емес табысты қанағат тұта біледі. Олар Армения мен Ресей арасындағы нарықты жоғалтып алмау үшін табыссыз жұмыс істеуге даяр. Себебі бұл елде табиғи шикізат пен қор жоқ. Көрші елдермен шекараның жабық болуы да оларға әр қадамын аңдап басуды үйретіп қойған.

- Әзірбайжан құрамындағы қазақ ауданы кей картада "Қазақ ханлығы" деп аталады екен. Ал осы елдің ғалымдары қазақ ауданына қарасты даланың бір бөлігі Армения құрамында, ендібір бөлігі Грузия жерінде жатқанын айтады. Сіз не дейсіз?

- Бізге дейін тарихи жаулап алу кезеңі болғаны белгілі. Аршакидтер, сасанидтер, түрік-селджуктер, араб шапқыншылығы, көшпелі тайпалардың тайталасы тарихқа өз таңбасын қалдырып кетті. Қазіргі уақытта осы бағытта шекараны белгілеуге қатысты түрлі дау-дамай бар. Еліміздің өз шекарасын жанжалсыз шегендеп алғанын басымызға қонған бақ деуге болады. Сіздің сауалыңызға әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, Қазақстан БҰҰ жарғысына сәйкес, кез келген елдің тәуелсіз шекарасына құрметпен қарайды.

Екінші дүниежүзілік соғыс пен кеңес одағының ыдырауының қорытындысында әлем картасында жаңа елдер пайда болды. Осы тұрғыдан бағамдайтын болсақ, шешілмей жатқан маңызды мәселелерді тек келіссөз арқылы шешкен жөн. Әр елдің тарихындағы ақтаңдаққа түсіністікпен қарап, бұған дейінгі ізді жоғалтып алмау жолында тер төгу қажет.

- Қазақ-армян байланысының ментальдық, гуманитарлық, әскери және саяси қырын баяндаңызшы.

- Армян халқының ата-бабасынан мирас болып қалған мол мұрасы, яғни халық ауыз әдебиеті, өлеңдері мен жырлары көп және олардың әуені мен сазы Шығыс елдерінің мақамына ұқсайды. Егерде армян халқының әнін тыңдасаңыз, жаңызға жақын әуен естисіз. Біз кеңес кезінде үзіліп қалған мәдени-гуманитаралық байланысымызды қайтадан жаңғыртуымыз керек.

Кезінде Абай Құнанбаевтың, Мұхтар Әуезовтың, Ғабит Мүсіреповтың, Жұбан Молдағалиевтың, Тұманбай Молдағалиевтың еңбектері армян тіліне аударылды. Хачатур Абовянның, Самвел Григорянның, Рубен Овсепянның еңбектері де бізге жетті. Осы бағыттағы ынтымақтастықты жандандырсақ, қарым-қатынасымыздың тамыры тереңдей түседі. Екі ел арасындағы байланыс Қазақстанда тұратын 30 мыңдай армян диаспорасына да байланысты. Олар еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүр. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Ал одақтас ел ретінде әскери ынтымақтастық пен қауіпсіздік мәселесіне тоқталатын болсам, біз армян тарапымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында қарым-қатынас жасаймыз. Ұйымға мүше мемлекеттер біріккен іс-қимыл өткізіп тұрады. Осы арқылы сырттан келетін әскери басқыншылыққа сес көрсетеміз.

- Орта ғасырдагы қазақ тарихына қатысты мәлімет Ереванда Матенадаран көне қолжазбалары ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы тұр дегенді тарихшылар біраздан бері айтып жүр. Жалпы, Армения мұрағатында қыпшақ-түркі тарихына, біздің тарихқа қатысты тың дерек бар ма?

- Кезінде біздің ата-бабаларымыз көшіп жүріп талай елдің шекарасынан өткен. Қазір қазақ тарихына қатысты құнды мәлімет әлемнің кез келген мұрағатынан табылып жатыр. Оларды ел кәдесіне жарату тарихшылардың еншісіндегі міндет. Осы тұрғыдан алғанда Елшілік қашан да көмек көрсетуге әзір. Ереван қаласындағы Матенадаран көне қолжазбалары ғылыми-зерттеу институтында ұлтымыздың тарихына қатысты мәлімет сақтаулы тұр. Мұндағы көне жазбалар армян әліпбиімен сонау V ғасырда жазылған.

2010 жылы Ереван мемлекеттік университеті мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Содан бері Ереван мемлекеттік университетінде қазақ тілін, қазақ елінің тарихы мен мәдениетін зерттейтін орталық жұмыс істеп келе жатыр. Осы орталықта Елшіліктің күшімен студенттер мен магистранттарға қазақ тілінен дәріс оқылады.

Егер Матенадаранға жолыңыз түссе, міндетті түрде тарихи мұраны өз көзіңізбен көруге кеңес беремін. Себебі бұл жердегі құнды мағлұматты тарихи-мәдени тұрғыдан зерттеп, маңыздылығын халыққа жеткізу қажет.

- Әңгімеңізге рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу