Маусым айынан бастап Ресейге сүт өткізудің ережесі өзгереді

2517

Марка жапсырылмаған сүт өнімдеріне шектеу қойылады. 

Маусым айынан бастап Ресейге сүт өткізудің ережесі өзгереді

ЕАЭО нарығының ең басты импорттаушысы өзінің сүт өндіруші кәсіпорындарын қолдаудың жаңа тетігін іске қоспақшы, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Нақтырақ айтсақ, Ресей өз нарығына ЕАЭО елдерінен кіріп жатқан сүт өнімдеріне тағы бір реттеуші тосқауыл орнатты.1 маусымнан бастап балмұздақ пен ірімшік өнімдері марка жапсырылмаған болса, ел аумағына жіберілмейді. Ал өзге сүт өнімдеріне жарамдылық мерзіміне сәйкес шектеу қойылмақ.

"Марка жапсырылмаған сүт өнімінің жарамдылық мерзімі 40 күннен көп болса, 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ғана Ресей аумағына кіре алады. Ал жарамдылық мерзімі 40 күннен аз болса, 1 маусымнан кейін кіргізілмейді", деп жазылған жаңа ережеде.

Аталған мерзімдер біткеннен кейін, тауарлардың қозғалысын қадағалауға арналған қондырғылар марка жапсырылмаған сүт өнімдерін Ресейдің аумағынан тапса, жеткізушінің әрекеті контрафакт болып есептелмек. Яғни, тапсырыс берушіге жетпестен кері қайтарылады. Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, Қазақстан да бұл тәртіпке бағынуы керек.

Дегенмен, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева аталмыш ереже ең әуелі сапасыз өнім айналымымен күресу үшін қолға алынғанын айтып отыр. Маман, ең бастысы, жаңа тәртіптен қарапайым тұтынушылар зардап шекпейтінін айтады.

"Біріншіден, цифрлық таңбалау мен тауарлардың қозғалысын қадағалау  одақ көлеміндегі сапасыз тауарлардың айналымын тоқсауыл қою үшін жасалып отыр. Біріншіден, Data Matrix код жарамдылық мерзімі өткен тауарлардың кассадан шығуын болдырмайды. Арнайы аппарат маркадағы ақпарат бойынша жарамдылық мерзімін анықтап, уақыты өтіп кеткен болса, төлемге жібермей қояды. Дүкендер мен дистриьютерлер цифрлық кодтағы жарамдылық мерзімі мен шығарылған датаны да өзгерте алмайды. Екіншіден, таңбаланған тауарды сатып алушы Naqty Onim қосымшасы арқылы өндіруші мен мемлекеттік органдарға осы талаптар бұзылғанын хабарлай алады. Үшіншіден,  криптоқорғаныс пен цифрлық кодты қолдау жасаудың мүмкін болмауы қолдан өнім жасау саутдың да жолын кеседі", дейді Бикеш Құрманғалиева.

Ресми мәліметке сенсек, ЕАЭО нарығында саудаланатын сүт өнімдерінің 13%-ы көлеңкелі жолмен тасымалданатын көрінеді. Ресей тарабы тосқауыл тетігін бастама етіп көтерген кезден бері негізгі мақсат осы 13% көлеңкелі айналымды жарыққа шығару екенін айтып келеді.  

"Бір қарағанда 13% көлеңкелі айналым өзге тауарлардың нарығымен салыстырғанда мардымсыз көрінуі мүмкін. Бірақ бұл жерде әңгіме сүт туралы болып отыр. Осыны ұмытпау керек. Сүт – ең әуелі бөбектердің ең басты азығы. Бұқара жаппай күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңыздағы тауар десе де болады. Қазақстанда сатылып жатқан 8 сүт өнімінің біреуі адам денсаулығына зиянды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл талап біздің нарықтағы сапасыз өндірушілердің де айылын жиғызады", дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының атқарушы директоры Нұржан Баекеев.

Жалпы Еуразиялық экономикалық кеңестің бұл шешімі елдегі сүт өндірушілер мен тасымалдаушылар үшін күтпеген жаңалық болды деп айтуға келмейді. Цифрлық таңбалауға отандық нарық өкілдері бой үйрете беруі үшін ілкі жоба қолға алынған болатын. Қазір бұл жобаға 7 қазақстандық өндіруші қатысып жатыр. Олар: "Raimbek-agro", "Эмиль", "ДЕП", "Шин-лайн", "Бурненская молочная компания", "Adal сүт", "Бейсерке Агро" компаниялары.  

Қазір бұл кәсіпорындар сүт, қаймақ, айран, сары май, ірімшік және балмұздақ өнімдерін Data Matrix кодымен таңбалап, сынақтан өткізуде. 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақ нарығында 1 млн тоннаның сүт өнімдері сатылған. Соның ішінде Қазақстан 183 мың тоннада сүт өнімдерін импорттаған. Негізгі жеткізу көздері – Ресей, Беларусь және Қырғызстан.

Ал өзіміздің сүт өндірушілер былтыр 939 мың тонна өнім шығарған. Соның 60 мың тоннасы ғана экспортталған. Нақтырақ айтсақ, сыртқа сатылған сүт өнімдерінің 77%-ы Ресей нарығына жолданған.  

Сүт өнімдерін таңбалап енгізу тәртібі Қазақстанда 2022 жылдан бастап күшіне енеді. Яғни енді бір жылдан кейін біздің нарыққа ЕАЭО елдерінен келетін сүт өнімдеріне де жоғарыда аталған шектеу енгізіледі.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу