Сонымен Қазақстан аралас сайлау жүйесіне көшті. Бұл "көш" 5 маусымдағы референдум нәтижесінде рәсімделді. Бірақ ол өмірге жолдама алуы үшін заңнамалық тұғыры түзіліп, тиісті тетіктері мен ережелері түзілуі шарт.
Осыны қарастыратын заң жобасын Әділет министрлігі алдағы күндері Мәжіліске енгізеді.
Бұған дейін, 2007 жылғы конституциялық реформадан бері Мәжіліс негізінен партиялық тізіммен ғана қалыптастырылып келді. Тағы 9 депутатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлады. Төртінші, бесінші және қазіргі алтыншы шақырылымдағы Парламент осылай сайланған.
Ал жаңа, жетінші шақырылымдағы Парламентте Мәжілістегі ҚХА-ға арналған 9 мандат жойылады, оның орнына Сенатта ассамблеяның атынан бірнеше сенатор пайда болады.
Қолданыстағы "Сайлау туралы" заңының 9-бабында: "Парламент Мәжілісінің депутаттары біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланады" деп қысқа ғана жазылған. Енді бұрынғы биліктің мүдде, сұраныстары үшін осылай мейлінше қарапайымдандырылған конструкция Жаңа Қазақстанда біршама күрделендіріледі.
"Парламент Мәжілісінің депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша, біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Мәжіліс депутаттарын бірмандатты сайлау округтері бойынша сайлау кезінде, егер оның кандидатурасына басқа кандидаттарға қарағанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көпшілігі дауыс берсе, кандидат сайланды деп есептеледі", – делінген алда Мәжіліс қолға алатын жаңа заң жобасында.
Яғни әлдебір қаладағы әлдебір сайлау учаскесінде айталық, танымал тұлға, ауқатты адам және өзін-өзі ұсынушы бәсекеге түссе, соның біреуі өзгелерінен ең құрығанда бір дауыс артық жиса, сол жеңеді. Екінші тур деген қарастырылмаған.
Жаңа жүйенің енгізілуіне орай жаңа сайлаукомдар пайда болады. Олар "округтік сайлау комиссиялары" деп аталады. Окрсайлаукомдар Қазақстанда 90-шы жылдары және ХХI ғасырдың басында болған.
"Аумақтық сайлау комиссияларын және округтік сайлау комиссияларын – Орталық сайлау комиссиясы құрады. Егер бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша округтердің шекаралары әкімшілік аумақтық бірліктердің шекараларына сәйкес келсе, онда округтік сайлау комиссиялары құрылмайды, оның функцияларын аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады", – делінген құжатта.
Окрсайлаукомдардың мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде жергілікті мәслихаттар сайлайды. Бұл – маңызды. Себебі Қазақстанда сайлауда кім жеңетіні комиссия мүшелерінің кеш қараңғылығында дауысты қалай санайтынына да тікелей байланысты.
Алда Мәжіліс депутаттарының 70%-ы – партиялық тізіммен, қалған 30%-ы – бір мандатты округтардан сайланады. Мәжілісте 107 депутаттық орын бар. Оның 30%-ы 32 мандат деген сөз. Қазақстанда қазір 20 өңір (17 облыс пен 3 мегаполис) құрылған. Сонда айналдырған 32 депутатты қандай өңірлер сайлай алады? Мұны алда Орталық сайлау комиссиясы түпкілікті анықтайды. Ортсайлауком Мәжіліс депутаттарын бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау округтерін құрады және олардың тізбесі мен шекараларын ақпарат құралдарында жариялайды.
Парламенттік додаға келесі адамдар түсе алмайды:
1) Сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
2) Сыбайлас жемқорлық қылмыс және коррупциялық құқық бұзушылық жасаған кінәсін сот таныған адам кандидат бола алмайды.
Бұл ретте партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарын саяси партиялар ұсынады. Ал бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және олардың филиалдары мен өкілдіктері ұсынады, сондай-ақ жеке азаматтар өзін-өзі ұсына алады.
Партиялық тізімге кірген тұлғаларға бір мандатты округтер бойынша да қатар додаға түсуге тыйым салынады.
Жаңа заң жобасын сәйкес, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсыну және өзін-өзі ұсыну "сайлау тағайындалған күннен басталады және сайлауға 40 күн қалғанда жергілікті сағат он сегізде аяқталады". Осының арқасында үгіт-насихат жүргізуге көбірек уақыт беріледі. Әйтпесе, қазіргі тәжірибе бойынша "партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну сайлауға екі ай қалғанда ғана басталады" да, дауыс беруге 40 күн қалғанда түгесіледі. Салдарынан, кандидаттардың үгітіне 20 күндей ғана мерзім беріледі.
"Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың өзін-өзі ұсынуы азаматтардың тиісті округтік сайлау комиссиясына бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүргізеді. Кандидатты саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің ұсынуы тиісті округтік сайлау комиссиясына жоғары басшы органның шешімін азаматтың ұсынуға келісімі туралы өтінішпен бірге жіберу арқылы жүргізіледі", – делінген құжатта.
Бір қызығы, қоғамдық бірлестік не оның бөлімшесі өзінің мүшесі болып табылмайтын адамдарды да кандидат ретінде ұсына алады.
Жалпы депутаттыққа үміткер болудың өзі қалтаны қағады. Бірінші қадамды жасау үшін миллион теңгедей қаржы қажет. Мәжіліс депутаттығына әрбір кандидат тіркелгенге дейін және оның қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілген соң Орталық сайлау комиссиясының шотына ең төмен жалақының (ЕТЖ) 15 есе мөлшерінде сайлау жарнасын енгізуге міндетті. Биыл ЕТЖ 60 мың теңге болды, яғни жарна 900 мың теңгеге тең. Бірақ алдағы жылдары ЕТЖ көрсеткіші өсуі мүмкін.
Егер кандидат депутат болып сайланса не сайлаушылардың кемінде 5%-ның даусын жиса, немесе қайтыс болса, жарна оның өзіне не мұрагеріне қайтарылады. Қалған барлық жағдайда жарна қайтарылуға жатпайды және республикалық бюджет кірісіне аударылады.
Конституциялық реформа аясында республикада императивті мандат енгізіліп отыр. Оған сәйкес, егер бір мандатты аумақтық сайлау округінде жеңіске жеткен Мәжіліс депутаты ел үмітін ақтамаса, сайлауалды уәделері мен бағдарламаларын сақтамаса, сайлаушылардың бастамашыл тобы оны Парламенттен кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізеді. Жергілікті аумақтық сайлау комиссиясы "бастамашының депутаттардың мандатын кері қайтарып алу жөніндегі өтінішін тіркейді".
Соңынан тиісті шешімді ОСК өз отырысында жариялайды.
Абыройсыздыққа ұшыраған халық қалаулысын кері қайтарып алу рәсіміне бастамашылық жасалған жағдайда сайлаушылардың дауыс беруін өткізуді округтік сайлау комиссиясы ұйымдастырады.
Сайлау додаларына елді қызықтырып, электоралды белсенділікті арттыру үшін енді кандидаттарға әлеуметтік желіде, Telegram, WhatsApp мессенджерлерде де үгіт-насихат жүргізуге рұқсат етіледі. Заңдық актілер аясында оның ережелері мен регламенттері жасалады.
"Онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу сервистерін пайдаланушылар кандидаттың, саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге ақпаратты жариялаудан аулақ болуға; аталған тұлғаларға ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау үшін теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруге міндетті", – делінген заң жобасында.
Бірақ жоққа шығару ғана тегін, ал жарнама ақылы Facebook сияқты әлеуметтік желідегі топтар мен қоғамдастықтар, сондай-ақ телеграм-арналар кандидатпен келісімшартқа отырып, оның үгіт-насихат материалдарын орналастырып, табыс таба алады.
Осы бизнеске қатысқысы келетін топтар, қауымдастықтар мен мессенджер арналар сайлауалды үгіт-насихат басталардан 5 күн бұрын үгіт материалдарын орналастыру шарттары мен ақысының көлемін алдын ала жариялауға тиісті. Бұл ақпарат ОСК сайтында да қоса жарияланады.
Қалай болғанда, заң жобасын Парламентте талқылағанда, ол жаңа ұсыныс-бастамалармен, қаптаған түзетулермен толығары сөзсіз. Себебі іс басындағы депутаттар сол шыңын қайта бағындырып, Жаңа Қазақстанда да қалаулы болудан үмітті.
Жанат Ардақ