Медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру не үшін қажет?

2403

Мәжілісте медицина мамандарының кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгізу мәселесі қаралды. 

Медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру не үшін қажет? Фото: yandex.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын депутаттарға таныстырды, деп жазады inbusiness.kz.

"Біріншіден, әрбір маман өзінің кәсіби қызметі сақтандырылғанын білу қажет. Ауру түрлері көп. Бір аурудың өзі әр түрлі симптомдармен, сатылармен жүреді. Медицина қызметкері өзінің кәсіби міндетін орындау кезінде ертең сотталып кетемін-ау деп қорықпауы керек. Себебі оның қызметі сақтандырылатын болады. Екіншіден, заң жобасымен пациенттердің құқығын қорғау да көзделген. Бұдан бөлек бұл заңда медициналық көмек көрсету кезінде маманның жұмысына араласпау жөнінде норма бар. Әлеуметтік қолдау көрсету нормасы да бар",– деді министр депутаттардың сауалына берген жауабында.

Ведомство басшысының айтуынша, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңмен енгізу көзделіп отыр.

"Мұндай тәсіл көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық аренада ҚР денсаулық сақтау рейтингісіне де әсер етеді. Бұл норма "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР Кодексінің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне және денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде қаралып бекітілген. Бұл норма бар. Қазір заң жобасы осы баптың жүзеге асыру жолдарын көрсетеді", – деді министр.

Ол заң жобасын дайындау барысында шетелдік (Англия, Израиль, АҚШ, Канада және т.б.) заңнамаларға талдау жүргізілгенін атап өтті.

"Бұдан басқа соңғы үш-төрт жыл ішіндегі 14 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен өтініштерді талдау, оның ішінде медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізілді. Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қылмыстық Кодекстің 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс қозғалады. Қылмыстық істер көбінесе хирургиялық бейіндегі мамандарға, яғни акушер-гинекологтарға, хирургтарға, травматологтарға, анестезиологтарға қозғалады. Сақтандыру жағдайы туындаған жағдайда медицина қызметкері жалақысының деңгейі пациенттердің денсаулығына келтірілген залалды өз бетінше өтеуге мүмкіндік бермейді. Заң жүзінде ондай жағдай да жоқ", – деді ол.

Сақтандыру жарнасын кім төлейді?

Заң жобасына сәйкес, медициналық ұйым сақтандыру құнын әрбір маман бойынша жыл сайын бюджет қаражаты есебінен төлейтін болады. Ал, 2025 жылдан бастап қажетті 50 пайыз сақтандыру кұнының мөлшері дәрігердің мойнына жүктелмек.

Ажар Ғинияттың сөзінше, бұл дәрігерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Алайда бұл аргументпен Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы Асхат Аймағамбетов келісе қоймады.

"Қазірдің өзінде дәрігерлердің жауапкершілігі бар деп айтуға болады. Екіншіден, оларға қосымша ақша төлетумен дәрігерлердің жауапкершілігі артады деп айту қиын. Сондықтан неге елу пайызын 2025 жылға дейін қалай болды сол сияқты бюджет есебінен төлемеске? Дәрігерлердің осы мамандыққа келуіне, олардың табысына бұл қалай әсер етеді? Егер ол нейрохирург болатын болса, оның сақтандыруға төлейтін көлемі одан да көп болады. Терапевт болса, оныкі басқаша. Бұл осы мамандықтың мәртебесін қаншалықты көтереді?", – деп сұрады халық қалаулысы.

"Жауапкершілікті тең бөлуге келер болсақ. Мұнда қаржылық мөлшер туралы немесе бюджетке ауыртпалық келеді деп айтып тұрған жоқпыз. Қазір лицензиялау заңын ұсынғымыз келеді. Бұл да әрбір медицина қызметкерінің жауапкершілігін көтеруге алып келеді. Бүгінгі таңда лицензия медициналық ұйымға беріледі. Ал, жеме-жемге келгенде жауап беретін сол медициналық ұйымның өзі болады. Мұнда мәселе ақшаның мөлшерінде болып тұрған жоқ. Әрбір маманның кәсіби жауапкершілігі болса, біліктілігімен жұмыс істесе деген ой бар", – деп жауап берді Ажар Ғиният.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу