"Медициналық қарсылық" заманауи құндылыққа айналды

3802

Вакцинациядан кейін 115 адамның жантәсілім етуі Қазақстанда "медотводты" көкейкесті етті, деп жазады Inbusiness.kz.  

 "Медициналық қарсылық" заманауи құндылыққа айналды

Медицина пайда болғалы бері онымен бірге жасап келе жатқан үрей түрі бар, оны ғалымдар "трипанофобия" атайды: бұл ғылыми термин адамдардың инеден, шпицтен, инъекциядан патологиялық түрде қорқуын білдіреді. Америкалық профессор, жалпы және эксперименталды медицина маманы Джозеф Гамильтонның мәліметінше, трипанофобия АҚШ тұрғындарының 10%-ының және посткеңестік кеңістік елдері тұрғындарының 20%-ының бойында бар. Бұл қатарға қазір вакцинофобтар қосылуда.

Сонымен бірге екпе еккізу денсаулығы мен өміріне шын қауіп төндіретін созылмалы дертке душар болған қазақстандықтар да жетерлік. Нәтижесінде, вакцина салғызудан босататын қағазға қол жеткізу үшін емханаларға ағылған жұрттың қарасы артты.

"Ұжымдық иммунитетпен қорғалатындар тізімі жарияланса!"

Айтқандай, ел аузында жүрген "медотвод" сөзі қаулы, бұйрықтарда "медициналық қарсылық" деп ресми тәржімаланады екен.

Алматылық белсенді Руслан Ахметов емханалар мұндай қағазды бермеуге барынша тырысатынын айтады.

"Билік біраз уақыт бойы ұжымдық иммунитет туралы уағыздады. Еңбекке қабілетті ересек қазақстандықтар тегіс егілсе, олар жүкті әйелдерді, қарияларды және балаларды ұжымдық иммунитетімен қорғайды деді. Біз осы жабайы теориясына сендік, сынаққа салынған, иммундалған денемізбен ардақты адамдарымызды қалқалап, қорғап қаламыз деп ойладық. Алайда қазір егде жастағы адамдарды, тіпті аяғы ауыр әйелдерді егілуге мәжбүрлеп жатқаны байқалады. Алда Pfizer вакцинасы жеткізілсе, онымен балаларды еге бастамақ. "Медотвод" бермейді. Неге екенін жөнді түсіндірмейді. Оны алу үшін шынайы сырқат жандарға да үлкен жанжал көтеруге тура келуде. Бұл не масқара? Өркениетті елде медицина бұлай жұмыс істемеуі керек қой!", – дейді ол.

Қоғам белсендісі егер "медициналық қарсылық" соған лайықты адамдарға да берілмесе, балалар, жүкті әйелдер, қарттар вакцинациялануға мәжбүрленсе, сонда ұжымдық иммунитетімізбен үрейлі вирустан кімді қорғағалы отырмыз?" деген сауал қойды.

"Ол санаттағы тұлғалардың тізімін ақпарат құралдарында, сайтта жариялауға болмас па?! Ол "ең ардақты азаматтарымыз" кімдер? Бәлкім, ол тізім негізінен биліктегі жоғары лауазымды шенеуніктерден тұратын шығар? Олай болса, бұл барып тұрған сорақы, аморальді іс болмақ. Әйтпесе, басқа санаттар қалмай барады. Әлде Денсаулық сақтау министрлігі "колхоздық иммунитет" теориясынан бас тартты ма? Бас тартса, шын мәнінде ерікті вакцинацияға оралуымыз керек", – деді

Р.Ахметов министр Алексей Цойға хатында. Алматылық Алексей Ковалев таяуда КВИ-мен ауырған екен, енді өзіне

тиесілі мүмкіндікті пайдаланып, ең құрыса 3 айға "медициналық қарсылығы бар" адамдар санатына кірмекші болыпты. Алайда бюрократиялық сергелдеңге кезіккен.

"Алдымен әйелім науқастанып қалды, ПТР-зерттеуі оң нәтиже көрсетті. Отбасымызды, соның ішінде "контактілі" ретінде мені де карантинге отырғызды. Бірер күн өткенде мен де сырқаттана бастадым, қызуым көтеріліп, жөтел қысты. Өзім тіркелген емханананың мобильді тобына жүгіндім, ПТР-тест алуын өтіндім. Емхананың инфекционисті тестті СЭС мамандары алатынын, деректерім соған тапсырылғанын мәлімдеді. Алайда не мобильді топ, не СЭС мамандары келмеді, көптеген өзге қазақстандықтар сияқты өз бетімше емделуіме тура келді", – дейді ол.

Екі апталық карантиннен кейін жұмысқа шығар алдында ол ақылы негізде ПТР-тест тапсырады, онысы теріс нәтиже көрсеткен. Ал антидене зерттеуінің нәтижесі 16 igG болған.

"Осы нәтижелерді алып, емханаға барсам, олар "медотвод" беруден бас тартты. Айтатын сылтауы – "сізде оң нәтижесі бар ПТР-тест жоқ".

Карантинде отырғанымда ешкім келмегенін, зерттеу жүргізбегенін алға тартсам, ондай дәлелдерді қабылдамайды. Учаскелік терапевт меңгерушінің нұсқауына сілтеме жасап, антидене мөлшері 100-ден жоғары болса ғана "медқарсылық" беретінін айтты. Жұмыстағы әріптестерім 15 igG-ден асса, жеткілікті деген. Бұл мәселе ешқандай ресми құжатта регламенттелмегенге ұқсайды. Әркім өз білгенін істеуде. Мен жаңа ғана ауыр дертті өткердім, иіс, дәм сезуден қалдым. Ағза әлсіреген. Енді вакцина салғызуға мәжбүрлеуде", – дейді Ковалев.

Медқарсылығы барларды ПТР-тесттен өтуге мәжбүрлеу – заңсыз

Дегенмен, кейбір жұмыс берушілер "медотводты" да мойындамай, ондай анықтамасы барларға ауыр таңдау қоюда: не егілесің, не апта сайын бойыңда вирус жоғын растап отырасың.

Үшінші топ мүгедегі Әлия Кәкімбаева осындай мәселеге жолығыпты.

"Бала кезімнен мерзімсіз мүгедектік белгіленді. Менің сырқатыммен коронавирусқа қарсы екпе салғызуға болмайды. Медициналық қарсылығым да бар. Өзім істейтін ұйым ол анықтаманы қабылдамайды, жұмысқа баруым үшін апта сайын өз есебімнен ПТР-тест тапсыруымды талап етуде. Мұнысы заңсыз емес пе?", – дейді ол.

Лариса Викторова болса, егуді жүргізуге қарсы көрсетілімдері бар адамдардың антиваксерлерге теңестірілгеніне алаңдайды.

"Бізді жұмыс істеуге мүмкіндігіміз болуы үшін жеті күн сайын ақылы ПТР- тест тапсырып тұруға міндеттеуде. Мен мысалы, ота жасатуға әзірленудемін. Сонымен қатар сүт безі аденомасынан емделіп жатырмын. Система, дәрі-дәрмек қабылдаймын. Вакцинация мәселесіне жауапты қарап, толық тексеруден өттім. Дәрігерім барлық көрсеткіштерімді қарай келе, 4 айға "медотвод" берді. Бұл операцияға дайындалу, оны өткізу және одан кейінгі реабилитация үшін қажет. Алайда мен сияқты мыңдаған сырқат ПТР-тест тапсыруға мәжбүрленуде, проблема алдында қорғансыз қалуда", – дейді ол.

ДСМ-нің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жұмыс берушілердің бұл талабы негізсіз екенін түсіндірді.

"Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 1 шілдедегі №31 қаулысына сәйкес, ұйымдардың вакциналанбаған жұмыскерлері 7 күнде 1 рет ПТР-тестілеуден міндетті түрде өтуі шарт. Бірақ бұдан тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19 дертімен ауырып, жазылған тұлғалар босатылады. Осыған байланысты бұл екі санаттағы жұмыскерлерден ПТР-тестілеуден өту талап етілмейді", – деп хабарлады Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу