Медициналық сақтандыру жүйесі Қарағандыда сыналады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3775

Денсаулық сақтау саласына 1 трлн 548 млрд теңге бөлінеді.

Медициналық сақтандыру жүйесі Қарағандыда сыналады

2020 жылдың 1 қаңтарында іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қыркүйек айының алғашқы күнінен бастап Қарағанды облысында сынақтан өтеді.

Қанатқақты жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге қарастырылады.

"Жоба аясында тәуекелдерді пысықтаймыз. Кемшілікке жол бермеу үшін жыл соңына дейін құқықтық-нормативтік базаны толықтырамыз немесе оған өзгеріс енгіземіз", – деді денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің директоры Азамат Өміртаев.

Іс барысында 175 мыңнан астам адамның асқазан-ішек жолдары, қалқанша безі тексеріледі. Бұған қоса олардың вирусты гепатит, несеп-жыныс жүйесі аурулары, қант диабеті, простата ісігі бар-жоғы анықталады. Орта жастағы әйелдер профилактика үшін скринингтен өтеді.Медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры Нұрлан Қасымовтың сөзінше, 2020 жылдан бастап денсаулық сақтау саласына бөлінетін ақша 1,5 есеге ұлғайып, 1 трлн 548 млрд теңгеге жетеді.

Қомақты қаржының 967 млрд теңгесі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке,580 млрд теңгесі медициналық сақтандыру шеңберіндегі қызмет көрсетуге жұмсалады.

"Консультативтік-диагностикалық көмек көлемі 5,8, стационарды алмастыратын көмек 2,5 есе, медициналық оңалту 13,2 есе өседі", – деді департамент директоры.

Біле жүріңіздер, бұдан біраз бұрын үкімет Қарағанды ​​облысында медициналық сақтандыру жүйесін қанатқақты жоба ретінде 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске қосу туралы қаулы қабылдады. Қаулының мәтіні 12 шілде күні денсаулық сақтау министрлігінің ресми ресурсында жарияланды.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, медицина саласында ем-дом шараларын негізсіз тағайындау фактілері бар. Талдау нәтижесі зертхана қызметінің шамадан тыс тұтынылатынын көрсеткен.

"Емдеу процедураларының шамамен 70%-ы зертханалық, 13% -ы салалық дәрігерлердің қызметі. Алдағы уақытта салалық мамандардың қызметін күшейтуге басымдық беріледі. Себебі халық көбінесе салалық мамандардың қызметіне жүгінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін шығын қысқарып, салалық мамандардың қызметі меншік нысанына қарамастан қолжетімді болады", – деді министрдің орынбасары.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу