Жұмыс берушілер 5 млн адамға жарна аударып отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3972

Әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру қо­ры халықтың 95%-ын қамтымақшы.

Жұмыс берушілер 5 млн адамға жарна аударып отыр

Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Негізі жаңа жүйеге осыдан 2 жыл бұрын көшуге тиіс едік.

Жасыратыны жоқ, бұл бастама бір емес, бірнеше рет жүзеге аспай қалды. Бірінші себебі, жобаға халық қырын қарады, екінші себебі, үкімет дайын болмады, үшінші себебі, Президент сенімсіздік танытты.

Десек те бүгінге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің құқықтық базасы әзірленіп, "Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" қызметіне кірісті. Уақыт өте келе Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін келесі жылдың алғашқы айынан бастап қолданысқа енгізу туралы шешім қабылдады.

"Әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру қо­ры" коммерциялық емес акцио­нер­лік қоғамының басқарушы дирек­торы Забира Оразалиеваның пікірінше, жобаны 2018 жылдан бастап жүзеге асырып, бүгінге дейін қате-кемшілігін дұрыстап алған жөн болатын еді.

"Қазақстанның кез келген азаматы базалық медициналық қызметті, жедел жәрдемді тегін пайдалана алады. Бұл үшін "Әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру қо­рына" жарна аударудың қажеті жоқ. Мұның сыртындағы медициналық қызмет ақылы болады. Оны пайдалану үшін науқас міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы керек. Бұлай болмаған жағдайда барлық ем үшін науқастан ақы алынады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне емханалық-амбулаторлық көмек, оның ішінде бастапқы дәрігерлік-санитарлық көмек, стационарлық көмек, стационарды алмастыратын көмек кіреді. Бұл – өте тиімді жоба", – деді Забира Оразалиева.

Оның сөзінше,  маусымдық жұмыс істейтін азаматтарға міндетті жарна жұмыс істеген кезеңі үшін ғана аударылады.

"Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағы 5-тармақшасына сәйкес, еңбек келісімшарты маусымдық жұмыстарды атқару кезеңіне ғана бекітіледі. Жарна есептеу объектісіне еңбек келісімшартында белгіленген жалақы жатады", – деді басқарушы дирек­тор.

"Әлеуметтік меди­­циналық сақтандыру қо­ры" Қазақстан халқының 95%-ын қамтуды көздейді екен. Бұл туралы Забира Оразалиева: "Қазір еліміздің  жұмыс берушілері 5 млн адамға жарна аударып отыр. Бұған мемлекет жарна аударып отырған 10,5 млн адамды қосыңыз. Бұл бүгіннің өзінде 15,5 млн адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушы деген сөз. 2020 жылдан бастап жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істейтіндер де жарна аударатын болады. Бұдан бөлек нотариустар мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен медиаторлар да

жарна төлеуге міндеттеледі. Осының барлығын есептегенде біз халықтың 95%-ын қамтимыз деп үміттенеміз", – деді Забира Оразалиева.

Қалған 5% адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, үй шаруасындағы әйелдер және жұмыссыздар болуы мүмкін.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу