YouTube Shorts, ТикТок платформаларында Нью-Йоркке қоныс аударған ресейліктің РФ басшысы Владимир Путинге үндеуі танымал болып, миллиондаған қаралым жинады. Онда релокант Виталий Воловой есімді азамат 2022 жылдың соңында сырқаттанып қалып, америкалық медицинамен бетпе-бет келгенін және содан не шыққанын баяндады.
Оның айтуынша, дәрігерлер клиникада оны неше түрлі аппаратпен тексеріп, нақты диагнозын қойған. Бірақ Виталий медициналық сақтандырылғандықтан, барлығы тегін жасалған. Ресейлік пропаганда кесірінен посткеңестік кеңістікте қалыптасқан стереотип бойынша америкалық дәрігерлер тағайындайтын дәрі-дәрмектің құны бірнеше мың долларға жететін көрінеді. Шыны солай, бірақ оның бәрін сақтандыру қоры көтереді. Сақтандырылған пациент қалтасынан ірі шығын шығармайды.
"Мен Америкаға көшіп келдім, бүгінде Нью-Йоркте тұрамын. Дәрілік препараттарым дайын екені туралы хабар келді, міне, оны алып кетіп барамын. АҚШ-та рецептті сырқаттың қолына ұстатпайды, бірден өзің баратын дәріханаға жөнелтеді. Мен осы дәрілердің барлығы үшін бір копейка да төлеген жоқпын. Қараңыз, америкалық медицинаның қалай жұмыс істейтінін. Сақтандырылсаңыз, сіздің барлық қаралуыңыз, тексерілуіңіз, емделуіңіз, дәрі-дәрмегіңіз тегіс тегін болады! Владимир Владимирович, ал сіз өз халқыңызды кез келген аурухана, клиникада тегін емделумен, тегін дәрілермен, Америкадағыдай барлық тексерулермен тегін қамтамасыз ете аласыз ба?", – деп сұрақты төтесінен қойды Виталий Воловой.
Қынжылтатыны сол, бұл сауалдың Қазақстанға да қатысы бар. Себебі, республикамызда медициналық сақтандырылмаған қазақстандықтар түгіл, ӘМСҚ-ке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (ВОСМС) және аударымдарын (ООСМС) ай сайын ұдайы аударып тұрған азаматтардың өзі кез келген клиника түгіл, өзі бекітілген емханада емделе алмайды. Өйткені дәрігерге кезек бірнеше апта, тіпті айға алға оза толтырып қойылған немесе тіркемейді. Содан амалсыз, ақылы негізде қаралып, КТ, МРТ және басқа аса қымбат тексерістерден өз қаржысына өтеді. Дәрілік препараттарға да отбасы бюджетін шығындауға мәжбүр.
Мұндай зорлық пен қорлыққа шыдамаған жұрт жиі жоғарыға шағым хат жазады. Соның бірі елорда тұрғыны Ольга К. ай сайынғы медсақтандыру жарналарын төл шотына аударуды сұрап, "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" (ӘМСҚ) басқарма төрағасы Айдын Ашуевке хат жолдады. Оның әңгімелеуінше, өткен жылдың желтоқсанында өзі тіркелген Сан-Тоты медициналық орталығында терапевттің қарауында болыпты.
"Алайда қаржыландыру жоқ дегенді сылтауратып, маған анализді тегін тапсыруға бағыттама беруден бас тартты. Қалай қаржыландыру жоқ? Менің жалақымнан ай сайын ӘМСҚ-ке қомақты сома ұсталады. Яғни ай сайын үзбей қаржыландырып отырмын. Сонымен бірге ілеуде бір жүгінгенде мемлекет өз міндетін орындаудан, яғни менің тексерілуімнің ең құрығанда бір бөлігін қаржыландырудан бас тартады. Бір жылда медициналық сақтандырудың жарналары және аударымдары (ВОСМС, ООСМС) түрінде жалақымнан 371 000 теңге ұсталып, әлгі қорға аударылды. Мен соның бірер мың теңгесін де пайдалана алмадым. Егер бұл жүйе жұмыс істемейтін болса, онда медсақтандыруды доғарыңыздар! Егер қаржыландыру жоқ болса, онда менің МӘМС жүйесіне төлеген жүздеген мың қаражатым қайда, кімнің қалтасына кетті?", – деп ашынады Астана тұрғыны.
Ольга эндокринологтың есебінде тұрғанын жеткізді. Бірақ емханаларда халыққа қызмет көрсету жүйесіндегі кесірлі тәжірибеге сәйкес, барлық сырқат терапевттің алдынан өтуі міндет.
"Маған эндокринолог керек, оның орнына мен неге бір тілім бағыттама қағазды алу үшін терапевттің алдындағы ұзынсонар кезекте уақытымды, жүйкемді сарп етуім керек? Сорақысы сол, эндокринолог емдеу тағайындаған соң мен қайтадан терапевтке барып, одан анализге, МРТ, УДЗ және басқаларына бағыттама алуға тиіспін. Егер олардан өте алсам, тағы да терапевттің қабылдауына жазылып, одан эндокринологқа бағыттама алуым қажет екен. Себебі эндокринолог сырқаттың өзіне қайталама қаралуына бағыттама бере алмайды, ол терапевттің тексерілулерге қай күнге бағыттама беретінін білмейді. Эндокринологтың қабылдауында қайталама болғаннан кейін мен қайтадан терапевтке кіріп, одан таблеткаға рецепт алуым керек. Егер эндокринолог басқа тар маманның қарауына кеңес берсе, бюрократия кесірінен тексеру айларға созылып кетуі мүмкін. Оның үстіне терапевт қазір тірі кезекпен қабылдамайды, міндетті түрде қабылдауына жазылуың шарт", – деп сипаттады бас қала тұрғыны.
Осы шырғалаңнан өту түгіл, сол туралы оқудың өзінен бас айналып, жүрек айнуы мүмкін.
"Бір тексеру екі және одан көп айға ұзап кетуі мүмкін. Әрбір апта сайын жұмыстан сұрана беру де қиын. Бұл деген масқара емес пе?! Неге бейінді дәрігер өз сырқатын өзі қарап, тиісті бағыттамаларын да өзі беріп, өз қарауына да өзі жазбасқа? Қазір бәрі электронды базада тұр ғой. Неге онсыз да ауруы жанына батқан жандарды дәрігерлер арасында қақпақылға салады? Неге барлық жарналарымыз бен аударымдарымыз төл шотымызға түсіп, сол сома аясында өзіміз қалаған дәрігерге қарала алмаймыз? Осы жүйені құрған адам қарапайым халықпен бірге емханада кезекте тұрып көрсін. Бұрын медсақтандыру жарнасы енгізілмей тұрғанда, барлық тексерістерден ақылы өтетінмін және бұл үшін ешкімге шағымданбайтынмын, себебі, жалақымнан орасан зор сома ұсталмайтын, сол қаржымды пайдаланатынмын. Енді жалақымнан да ұстайды, қалтамнан да ақылы қызметтерге шығын шығаруға тура келеді", – деп қапаланады Ольга.
Жалғыз ол ғана емес, мұндай шағымдар халықтан үнемі қарша борап жатады.
ӘМСҚ өз басшысының ресми блогы арқылы жауап қатты. Неге екені белгісіз, қор Ольганың медициналық құпияға жататын диагноздарын, қандай дәрі ішетініне дейін төрағаның блогында, яғни ашық ақпарат көзінде жариялап қойды. Сондықтан біз блогқа сілтеме жасай алмадық.
Ал оның тіркелген медициналық орталығына тексеру жүргізіліпті. Нәтижесінде, "Факт отказа в выдаче направлений подтвердить не представляется возможным" деген екіұшты қорытынды жасалған.
Тексеру барысында Ольгаға 2022 жылғы қыркүйекте тегін дәрілік препарат берілетіні жазылыпты, алайда "мониторинг жасалған кезде (желтоқсанда) дәрілік құралмен қамтылмағаны" анықталды. Яғни ұсынылуға тиісті дәрмекті беруге уәде еткен, бірақ үш ай өтсе де сол бойы бермеген. Медициналық орталыққа айыппұл салынды.
"МӘМС жүйесінің енгізілуінің, жарналар мен аударымдардың төленуінің орындылығына келсек, міндетті әлеуметтік медсақтандыру (МӘМС) жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Оның енгізілуі арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе артты. Медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды. МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушінің жәны азаматтардың ынтымақты жауапкершілігіне құрылған. МӘМС жүйесінде жеке жинақтаушы шоттар қарастырылмаған. Барлық жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Сол жерден сақтандырылған азаматтарға көрсетілген қызметтердің төлеміне аударылады", – деп түсініктеме берді қор.
ӘМСҚ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, дербес төлеушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейтін медсақтандыру жарнасының көлемі артқанын "қуана" хабарлады. Бұған елде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) және айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері өсуі ықпал етіпті. Сома да өсіп барады, сапаға қатысты сын да артуда.
2023 ЖЫЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҮШІН КІМ ҚАНША ТӨЛЕЙДІ?
Жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін – жалақының 3%-ы мөлшерінде төлейді.
Қызметкерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер – табысының 2%-ы көлемінде төлейді.
Жеке кәсіпкерлер – ЕТЖ-ның 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ы немесе 4 900 теңге төлейді.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыға азаматтар (БЖТ төлеушілер):
- Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге.
- Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге.
Дербес төлеушілер – 1 ЕТЖ 5% немесе 3 500 теңге.
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін Бірыңғай төлем енгізілді. Одан да медсақтандыру ұсталады. Осы әдіс бойынша барлық міндетті төлемдердің мөлшері жұмыс берушілер үшін 15%, ал қызметкерлер үшін бірыңғай төлем мөлшерлемесінің 10% құрайды.
Бақыт Көмекбайұлы