Мейрамханаларға барғыштар үшін жаңа тыйым енгізілмек

10346

Бұл идеяны Парламент пен Үкіметтің бір бөлігі қолдап отыр.

Мейрамханаларға барғыштар үшін жаңа тыйым енгізілмек Фото: canva.com

Қазақстанға қорқор әкелуге және сатуға толық тыйым салынуы мүмкін.

Қорқор-кальянды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, сондай-ақ өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу бастамасын бұрынғы шақырылымдағы Парламент депутаттары көтерген. Бірақ ол кездегі билік жүре тыңдады, құлақ аспады.

Биылғы жылы мәжілісмендер тиісті ұсыныспен Үкіметке қайта шықты. Бұл жолы "AMANAT", "Қазақстан халық партиясы", "Ақжол" және "Respublica" партиялары фракцияларының бір топ депутаты Үкіметтен "елімізде кальянды қолдануға мүлдем тыйым салуды және оны бұзғандарға жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасын әзірлеуді" сұрады.

Денсаулық сақтау министрлігі қорқордың айналымына түпкілікті тыйым салуды сұраған депутаттарды қызу қолдады. Себебі, министрлік жүргізген зертханалық зерттеулер көрсеткендей, "кальян сұйықтығында өкпенің қабынуын тудыратын, сонымен қатар емделуі қиын аспергилл грибогы, ашытқы, көгілдір таяқша, алтын түстес стафилококк сияқты аса қауіпті бактериялардың жиналатынын растады".

"Қауіпті микроорганизмдермен қатар, ондағы уытты химиялық заттар да адамға зиянды әсер етеді. Нақтыласақ, кальянды бір толтырғанда, онда орта есеппен 8,32 миллиграм никотин болады. Салыстырғанда, денсаулыққа зиянды темекіде никотин – 1 миллиграмнан аз. Кальян қоспалары темекі жапырағынан (бұл никотиннің қайнары), мелассадан (ол қоспаның тығыздығын және қоспаның біркелкі қызуын қамтамасыз етеді, ащылықты азайтады), хош иістендіргіштерден, глицериннен (түтіннің дұрыс мөлшеріне жауап береді), консерванттардан (көктеп кетуден қорғау үшін), сондай-ақ құрғақ шөптер мен жемістерден тұрады", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, қорқор қатерлі ісік тудырады. Көбіне, жастарды қатты қызықтыратын хош иісті жеміс-жидек қоспалары жоғары температурада қыздырылғанда, химиялық реакцияға түсіп, салдарынан өкпе тінін зақымдайтын канцерогендер, ұшпа альдегидтер түзіледі.

Қазақстанда қоғамдық орындарда қорқор тартуға 2020 жылы тыйым салынды. Бірақ бұл тыйымды мейрамханалар, барлар, басқасы жаппай бұзады. Олар әлеуметтік желідегі, ғаламтордағы және өзге де жарнамаларында "кальянның түр-түрі ұсынылатынын" еш қаймықпай, ашық жазады.

Өйткені заңның бұл талабын бұзғаны үшін мейрамхана қожайыны емес, қорқор шегушінің өзі жазаланады. Оның үстіне жазасы да жеңіл. Салдарынан, жастар қорқорды қоғамдық орындарда, тіпті көшедегі жұрттың көзінше көліктің ішінде отырып, бұрқыратып тұтына береді.

Егер полиция ұстап алса, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 441-бабына сәйкес, "Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын тұтынғаны" үшін 15 АЕК (2024 жылы 55 мың теңгедей) айыппұл төлеп құтылады.

Сондықтан Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Мәжіліске жолдаған жауабында қауіпті ауруларға соқтырып, ұлт пен ұрпаққа залал келтіріп отырған қорқорға мүлдем тыйым салу мәселесі Үкіметте қаралғанын хабарлады.

Вице-премьер заңнамадағы тыйым жаппай бұзылатынын жасырмады. Ішкі істер министрлігі 2023 жылдың қорытындысында аталған тыйымдарды орындамаумен байланысты 18 мыңнан астам құқық бұзушылықты әшкереледі. Заң бұзушы қазақстандықтарға шамамен 700 миллион теңге сомасында айыппұл салынды.

"Жоғары уыттылықтың салдарынан қорқор шегушілерде өкпе обырының пайда болу қаупі 2 есе артады. Кальянның орташа дозасын шеккеннен кейін зәр-несептегі никотин деңгейі 73 есе, котинин – 4 есе, өкпе мен ұйқы безінің қатерлі ісігін тудыруы мүмкін темекі нитрозаминдері 2 есе артады. Сонымен қатар бензол және акролеиннің ыдырау өнімдерінің мөлшері тым жоғары. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, 2024 жылы реттеушілік әсерге талдау жүргізуді жоспарлап отыр. Соның қорытындысында қорқордың, қорқорға арналған темекі мен қоспаларының айналымына толық тыйым салуды заң жүзінде енгізу мәселесі қаралатын болады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда", – деді Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова.

Бірақ Парламент пен Үкімет өз бетінше бірден қорқорға тыйым салып тастай алмайды. Бұл біршама ұзаққа созылатын процесс. Алдымен заң бойынша бизнестің ұстанымы мен пікірін тыңдап, ұстанысын жинауға тиіс. Сондай-ақ қоғамдық талқылау өткізуі керек.

Солардың негізінде, әрі мүдделі меморгандардың, "Атамекен" палатасының қорытындылары негізінде елімізде қорқордың айналымына түпкілікті тыйым салуды және оны бұзғандарға жауапкершілік тағайындауды көздейтін заң жобасы пысықталады. Реттеушілік әсерге талдау (АРВ) жүргізу де бар. Мұның бәрі әдетте, бір жылға дейін уақытты қажет етеді.

Олай болса, мемлекет осы қатаң шараға барғанның өзінде, елімізде қорқордың, оған арналған темекі мен қоспаларын импорттауға, жасауға, сатуға, тұтынуға түбегейлі тыйымның 2026 жылдан ерте күшіне енуі неғайбыл.

Алайда биліктің қорқор-кальянға тыйым салудан басқа амалы жоқ. "Стратегия" қоғамдық қоры жүргізген зерттеу де тыйымның жаппай бұзылатынын паш етті. Бұл – зерттеудің бірінші қорытындысы. Мысалы, Шымкентте тыйым бірде бір жерде сақталмайтыны анықталған: қорқорға тапсырыс беруге болатын ресторан, шиша-барлардың үлесі 100 пайызға жуықтаған. Алматыда қорқор зерттеуге іліккен қоғамдық тамақтандыру орындарының 53,3%-ында қолжетімді болып шықты.

Екінші қорытынды сол, қорқор елімізде коррупцияны ушықтырды. Оған деген сұраныстың орасан зорлығы сонша, оны жеткізумен ұйымдасқан қылмыстық топтар да айналыса бастаған. Зерттеу барысында сұрау салынған сарапшылар қорқор темекісінің шамамен 80 пайызы Қазақстанға акциз алымын төлеусіз, контрабандамен әкелінетінін айтқан. Егер тыйым салынса, сұраныс та еселеп азайып, қылмыс әлемінің оған деген қызығушылығы кемуі мүмкін.

Зерттеушілердің байламынша, қорқор Еуразиялық одақ аясында алапат көлеңкелі нарықты туындатты. Ендеше осы және басқа былықтардан арылу үшін қорқордың айналымына толыққанды тыйым салып тастау маңызды болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу