Түнгі клубқа барған мұғалімдер: Мектеп директорының мәселесі майшаммен қаралады

Биыл қаңтар айында қызылордалық педагогтердің Түркиядағы бейәдеп қылықтары қоғамдық резонанс тудырған еді. Одан соң Сырдария ауданы, Амангелді ауылында және Қызылорда қаласы, Белкөл кентінде оқушының өлімі тіркелді.  

Түнгі клубқа барған мұғалімдер: Мектеп директорының мәселесі майшаммен қаралады Фото: gov.kz

8 ақпан күні қаладағы орта мектептердің бірінде 9-сынып оқушыларының қатысуымен оқиға болса, бірнеше ай бұрын екі мектептің жоғары сынып оқушылары да көпқабатты үйлердің арасында төбелескені белгілі. Ең өкініштісі – мектеп оқушысының 6 жастағы қызды зорлағаны, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Осы жайттарға байланысты Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов арнайы брифинг өткізіп, саладағы кемшіліктерді және оның алдын алуға бағытталған шаралар легімен таныстырды.

“Білім беру ұйымдарындағы тәрбие беру саласына жүргізілген зерделеу бойынша да бұл салаға жеткілікті мән берілмегенін көрсетіп отыр. Мысалы, тәрбие мамандарына біліктілік арттыру курстары жүргізілмеген, оларға сала бойынша әдістемелік көмектер берілмеген, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында тәрбие саласына қатысты жоспарлау отырыстары өткізілмеген. Нәтижесінде білім мекемелеріндегі тәрбие жоспарлары бұдан 5-10 жыл бұрын қабылданып, бүгінгі күні мәнін жоғалтып, күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алып жасалған күйі қолданылып келген”, - деді ол.

Сондай-ақ, Асқарбек Темірбекұлы орта білім беру ұйымдары мектепшілік есепке алуды дұрыс жүргізбей отырғанын айтады.

“ҚР Оқу-ағарту министрлігімен 2023 жылғы наурызда мектепішілік есепке алуды жүргізудің ережесі бекітілді. Мектептер осы ережеге сәйкес жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбей отыр. Мысалы, қазір 180 мыңнан астам бала мектептерде білім алуда, соның 324-і немесе 0,2%-ы ғана мектеп есебіне алынған. Мектеп басшылары жауапкершіліктен қашқақтап құқықбұзушылыққа бейім балаларды есепке алуды жүргізбей отыр. Олар мектеп есебіндегі бала көбейсе, тәртіптік жауапкершілікке тартыламыз деп есептейді” - деп сөзін жалғады спикер.

Жыл басынан бері білім саласында бірнеше келеңсіз оқиға болғанын жоғарыда жаздық. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде де талқыға түсті. Облыстың бас ұстазы "Білім саласына қатысты барлық мәселе біздің назарымыздан тыс қалмайды және біз әрбір жағдай бойынша арнайы комиссия құрып, толық зерделеу жұмыстарын жүргіздік" дегенді айтып отыр.

“Мектеп басшысы мекемеге жауапты бірінші тұлға ретінде орынбасарлардың жұмысын үйлестіруге, сапалы біліммен қамтамасыз етуге, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға, оқушы қауіпсіздігіне, олардың бас амандығына, түрлі келеңсіз жағдайларға ұшырамауы үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдауға, ата-анамен байланыс орнату, педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасауға, педагогикалық әдеп нормаларын қатаң сақтауға міндетті. Талап үдесінен шыға алмаған басшыларға қатысты шешім қабылдаймыз. Себебі, мың немесе бес жүз баланың тағдырынан бір директордың тағдыры артық емес”, - деді Қызылорданың бас ұстазы.

Иә, бала тәрбиесіндегі мектептің рөлі айрықша. Осы себепті басқарма басшысы мектеп директорларының жұмысын майшаммен қарауды бастап кеткен сыңайлы. Өйткені, тәртіп бар жерде жүйелі жұмыс та жалғасын таппақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу