Денсаулық сақтау министрлігі үлгілік перспективалы мектеп мәзірін бекітті. Оның ішіне қазақтың ұлттық тағам түрлері де қосылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дұрыс тамақтануды көздейтін мәзірді әзірлеуге Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мен жетекші сала сарапшылары атсалысқан. Мамандар оны ғылыми тұрғыдан негізделген деп сендіріп отыр. Айтуларынша, мұнда оқушылардың физиологиялық қажеттіліктері ескерілген. Бұдан басқа асханасы жоқ білім ордаларындағы балалардың тамақтануы да негізге алынған.
120 беттен тұратын құжатпен біз де таныстық. Тұздығы бар қайнатылған жылқы еті, сиыр етінен жасалған сірне, қара бидай наны, жент, ірімшік, құрт. Сондай-ақ йогурт, жеміс-жидектер, пайдалы салаттардың да атын кездестіруге болады. Мұнда 7-10, 11-14 және 15-18 сияқты жас топтарына қажет дәрумендер мен минералдардың тәуліктік қажеттілігі ескерілген. Ет, балық және көкөніс тағамдары мен қанты аз сусындар да бар.
Бұдан бөлек менюде маусымдық ерекшеліктер басшылыққа алынған. Жаз-күз мәзіріне маусымдық көкөністер мен жеміс-жидектер айтарлықтай көп қосылған.
Стандартта айтылған құнарлы ас түрлеріне тоқталып өтсек. Бірінші аптаның 5 күнінде брокколи, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш қосылған салат, тұздығы бар қайнатылған жылқы еті, макарон өнімдері, майлылығы 2,5% болатын қатық, алма, жент беріледі. Басқа бір күннің мәзірінде фасоль және қияр қосылған салат, сиыр етінен жасалған сірне, лимон-алма сусыны, банан, ірімшік жазылған. Асхана мәзірінің денінде қара бидай наны көрсетілген.
Былтырғы желтоқсан айында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептерде тамақтанудың жаңа стандарты әзірленіп жатқанын айтқан болатын. Түзетулер биылдан бастап қолданысқа енуі мүмкін.
Ведомство білім беру ұйымдарындағы тамақтану нормалары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес қайта қаралғанын жеткізген болатын. Асхана қызметіне жауапты мекемелер өз жұмысын бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны алуы шарт. Аспаздардың біліктілігі де басты назарда. Сонымен қатар тамақ дайындалатын орында бейнебақылау орнату да міндеттелген.
Қант пен тұзды қолданғанда тиісті шектен асып кетпеу де қаперге алынған. Бұл семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары сияқты ауру түрлерінің алдын алу үшін қажет.
Әр мектептегі тамақтың сапасын арнайы комиссия тексереді
Бұл бұрыннан бар. Бракераждық комиссия құрамына директордың орынбасары, медицина маманы, асхана әкімшісі, ата-аналар комитетінің өкілдері кіреді. Олар көкөніс, жеміс-жидек, жалпы өнімдерді тасымалдауда тиісті нормалардың сақталуына бақылау жүргізеді, ас мәзірінің дұрыс жасалуын қадағалап отырады. Қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда, оны есепке алады. Бір сөзбен айтқанда, оқушылардың жейтін тамағынан бастап аспаздардың жеке гигиена ережелерін сақтал бақылауға да жауапты.