Мектеп төбесі Білім күні жауған жаңбырға шыдамады

2354

1 қыркүйек – Білім күнінде жауған жаңбыр мен бұршақтан кейін Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы Қ.Билялов атындағы мектеп-лицейдің төбесінен су сорғалап кетті.

Мектеп төбесі Білім күні жауған жаңбырға шыдамады

Бұл туралы қоғам белсендісі Ермек Құрманғалитегі әлеуметтік желіде видео жариялады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

 "40 жыл жөндеу көрмеген, апаттық жағдайда деп танылып, кейіннен "апаттық емес" деп қайта танылған бұл мектеп ғимаратына лицей ұжымын көшіргенде неге сендіңіздер? Сұмдық қой мынау! Мектепті күрделі жөндеуден өткіземіз деген уәделеріңіз қайда? Балалар қалай сабақ оқиды? Аңғал-саңғал бұл мектепте өзім де 10 жыл қызмет істеген едім кезінде. Содан бері, мінеки, әлі таз қалпында", – деп жазады Ермек Құрманғалитегі.

Айта кету керек, былтыр Ақжарда жаңа мектеп пайдалануға беріліп, онда Әуезов мектебі көшіп барған. Ал Қ.Билялов лицейі сол Әуезов мектебінен қалған ғимаратқа ауыстырылған. Бұл ғимарат 1985 жылы салынып, содан бері күрделі жөнделмеген. 1990 жылғы зілзалада зақымданып, сырты темірмен құрсауланған.

Аудан әкімінің орынбасары Ержан Сабырбаев ғимараттың ескіргенін растайды. 

"Баяғыдан келе жатқан ғимарат қой бұл. Ескірді. Осы жазда әктеу-сырлау, төбесіне жұмсақ жабын төсеу секілді ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қатты жауыннан кеше аздап су өтті. Бүгін тоқтады. Тағы да жөндеу үшін қаражат бөлуді қарастырып жатырмыз", – дейді ол.

Видеоға көз салсақ, су "аздап өткенге" ұқсамайды. Бейнебір ашық аспан астында жаңбыр жауып тұрған тәрізді.

Мектеп директорының айтуынша, ғимаратты жөндеу мәселесін облыстық мәслихаттың депутаты жоғарыға жеткізеді.

"Біз осы ғимаратқа кірерде негізгі үш қабатты оқу корпусы мен спорт залын шатырлап берген. Содан кейін ол жақтан су ақпайтын болған. Ал бір қабатты кіреберіске, 983 шаршы метр аумаққа шатыр жабылмады. Су сол жерден ағып кетті. Осы залда тәлімгер мен директордың шаруашылық жөніндегі орынбасарының кабинеті де бар. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжат дайын тұр. Бұл мәселемен депутат Қайрат Қожахметов айналысып жатыр. Осы қыркүйекте болатын облыстық мәслихаттың сессиясында мәселені қозғап, қаржы бөлуді сұрайтынын айтты. Ал біз қаражат бөлінгенге дейін уақытша төбесіне жұмсақ жабын жауып жатқанбыз. Кеше оның жанын шығарып отырып жаңбыр жауып кетті ғой. Ал қазір оқу жылы басталды. Балалар кедергісіз оқу оқып жатыр. Олар төбесінен су өткен аумаққа жіберілмейді", – дейді директор Қайрат Ислямов.

Бұл ғимараттың ескіргені, қыста жылу ұстамайтыны жайлы да бұрыннан айтылып келеді. Мектеп директоры "жобалық-сметалық құжатта жылу жүйесін қайта тарту қарастырылған" дегенді айтады.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова жуықта өткізген баспасөз конференциясында "облыстағы барлық 647 мектеп оқушы қабылдауға дайын" екенін айтқан. Сайрангүл Жұмаділованың өзімен байланысу мүмкін болмады. Шалған қоңырау мен жазған хатымызға жауап келмеді.

Тасқын Болатұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу