Соңғы бір апта дересінде облыс орталығындағы екі бірдей мектеп отқа оранды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бірақ бұл – олқы тұстарды жылы жауып қоюға болады деген сөз емес, - деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қыруар қаржының күлі көкке ұшты...
Соңғы жылдары Павлодар облысындағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға баса назар аударылып келеді. Осы мақсатта облыс билігі "Заманауи мектеп" деген арнайы бағдарлама да қабылдады. Соны4 аясында 2020-2025 жылдар аралығында барлығы 85 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы өңірдегі 6, былтыр тағы 6 мектеп толығымен жаңарды. Олардың қатарында Павлодар қаласындағы №1 және №28 мектептер бар. Ал биыл төрт мектепте аталмыш бағдарлама іске аспақ.
Атап айтқанда, 2020 жылы №28 мектептің төбесін ағымдық жөндеуге 166,7 млн теңге қарастырылып, шатыры, жабыны, ағаштары – барлығы қайтадан жасалды. Сондай-ақ, қосымша 50 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, оқу орнының ішіндегі инженерлік-коммуникациялық желілерді жаңарту жұмыстары жүргізілді. Оған екі мердігер компания – "НВС Строитель" мен "Отдел жилстрой" жауапты болды.
Ал №1 мектеп былтыр ғана "Заманауи мектеп" бағдарламасы бойынша адам танымастай өзгерді. Жылдар бойы жөндеу көрмеген оқу орны жайнап шыға келді. Ескі парталар мен орындықтардың орнын жаңалары ауыстырды. Зертханалар, коворкинг орталықтар жабдықталды. Осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға мемлекеттік қазынадан 550 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын қолға алған "Турбосервис" пен "Инжиниринг" компанияларына бөлініп берілді. Яғни, облыс орталығындағы екі мектепті толықтай жаңғыртуға 800 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бірақ оның бір бөлігінің күлі көкке ұшты. Тура мағынасында. Айталық, бүгін ірі өрт болған №28 мектептің бір корпусының төбесі жанып кетті. Жоғарыда бұл төбені жаңартуға 166 млн теңге қаржы кеткенін айтқан едік. Осыдан бір апта бұрын №1 мектепте былтыр ғана сатып алған жаңа құралдар, кітаптар отқа оранды.
Енді екі білім беру мекемесін қалпына келтіру жұмыстарын қолға алу керек. Оған да аз қаржы жұмсалмайтыны анық. Павлодар қаласы білім бөлімінің басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, 15 сәуір күні №1 мектепте қызыл жалын шарпыған аумақ 15 шаршы метрді құрады. Кеше демеушілердің есебінен жанған аумақтарды қалпына келтіру шаралары басталды. Жергілікті билік оны бір апта аралығында аяқтауға уәде етіп отыр.
Ал 1222 шаршы метр отқа оранған №28 мектепте алдымен техникалық бақылау жүргізіледі. Содан соң ғана төбені, басқа да кабинеттері қалпына келтіруге қажет сома көлемі, жұмыс мерзімі анықталады. Бүгін төтенше жағдай бойынша жедел штабтың отырысын өткізген Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов білім ордасының шатырын тез және сапалы қалпына келтіруді тапсырды. Ол үшін облыс әкімдігінің резервінен қаражат бөлінеді.
Барлық гәп тұйықталуда ма?
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері №1 мектепте өрттің шығуына арнайы от қойғандар кінәлі болуы мүмкін дегенді алға тартып отыр. Бірақ кімнің, қалай және не үшін оқу кабинетінде от жаққанын ашық айтпайды. Бір аптаға жуық уақыт өтсе де нақты нәтижелер де әлі жоқ.
Ал №28 мектепте ірі өрттің орын алуына физика кабинетіндегі тоқ құралдары сымдарының қысқа тұйықталуы себеп көрінеді. Зертхана бөлмесінен шыққан өрт одан үлкен аумақты шарпып кетті.
Осындайда "Жақында ғана жөндеуден өтіп, электр желілері жаңарған мектепте неге қысқа тұйықталу болады?", "Әлеуметтік нысанды тексеруі тиіс өрт қызметі қайда қараған?" деген сияқты сауалдардың ойға оралары анық. Мұндай сұрақтарды павлодарлықтар әлеуметтік желілерде де қарша боратып жатыр. Белгілі болғандай, жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің өңірдегі 600-ге жуық білім беру мекемесінің барлығын бірдей тексеруге қауқары жетпейді. Сондықтан оқу орындары жекеменшік аудитке жүгінуге мәжбүр. Ал олар тексеру барысына немқұрайлы қарайтынға ұқсайды.
"Жөндеуден соң екі мектепті қабылдап алу кезінде техникалық, авторлық бақылау өкілдері болды. Олардың тарапынан ешқандай сын-ескертпе айтылған жоқ. Сонымен қатар, нормативтік талаптарға сәйкес, мектептерде аудит өтуі тиіс. Алайда оған төтенше жағдайлар департаментінің күші жетпейді. Сол себепті аудитті жеке компаниялар жүргізеді. Осы уақытқа дейін жоспарланған 378 мекеменің 271-і тексерістен өтті. Одан соң кесте бойынша мемлекеттік аудит те жасалады", - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әйгерім Әбенова.
Белгілі болғандай, өткен жұма күні өрт шыққан №1 мектеп әлі мемлекеттік аудиттен өткен жоқ. Ал №28 мектепте бұл жұмыс осы жылдың 24 наурызында жүргізілді. Сол кезде мемлекеттік мекеме өкілдері екі ескерту жасап, олқылықтар бірден жойылды. Демек, жекеменшік компания "көз жұма" қараған кемшіліктер кездесті деген ой түюге болады. Сонда аудитті жекенің қолына берген қаншалықты тиімді? Мемлекеттік аудиттің өзінен соң электр желілерінен осындай олқылықтар шығып жатса, енді кімге сенеміз?
Сонымен қатар, оқу орнында дабыл түймешіктерінің аздығы байқалды. Бүгін өрт болған кезде кей оқушылар дабыл дауысын тіпті естімепті. Бұл да – ойлануға, талдау жасауға, кейін нақты шараларды қолға алуға түрткі.
Қатаң тексерілуі тиіс
Екі мектептегі оқыс оқиғалар билік өкілдеріне сабақ болуы керек. Осы орайда аймақтың басшысы мектеп құрылысы мен жөндеу жұмыстарын қабылдау тәртібін өзгертуді тапсырды. Атап айтқанда, мектептерде шатырды, электр сымдарын және өрт қауіпсіздігін қабылдауды жалпы жөндеу жұмыстарынан бөлу, сондай-ақ, энергияны көп қажет ететін кабинеттер мен ғимараттарда кернеу тұрақтандырғыштарының болуын тексеру ұсынылады.
"Өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымы мен қызметкерлердің іс-қимылдарын нақты түсіну керек. Оқыс жағдайлар кезінде кедергі келтіруі мүмкін артық заттарды, құрылыс материалдарын жинау керек. Мектептердегі барлық қызметкерлерге өрт қауіпсіздігі ережелеріне оқыту керек", - деп тапсырды Әбілқайыр Сқақов.
Павлодар облысындағы мәселелерге қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те пікір білдірді. Павлодарлық мектептерде мұндай жағдай бірінші рет емес екенін атап өткен еліміздің бас ұстазы да бақылауды күшейту керек екенін айтты.
"Біз барлық білім беру ұйымына толық тексеру жүргізуге қатысты тапсырма бердік. Өйткені өрт қауіпсіздігі шаралары сақталуы керек. Мектеп пайдалануға берілген кезде, жөндеуден кейін және жаңа оқу жылы басталғанға дейін актілер болуы қажет. Соның ішінде өрт сөндіру бөлімінен де. Сондықтан мұндай анықтамалар мен актілер болды деп ойлаймын. Енді бұл өрттің шығуына не себеп екенін анықтайтын тергеу жұмыстары жүргізіледі", - деді министр.
Бір аптада бір емес, екі бірдей мектептің қызыл жалынға орануы – төтенше жағдай. Бәрінен де бұл осы оқу орындарында білім алатын 1 мыңға жуық балаға оңай соқпасы анық. Себебі жөндеу жұмыстарына байланысты олардың бір бөлігі қайтадан қашықтан оқуға, басқа білім беру орындарына ауысуға мәжбүр.
Құндыз Қабылденова