Мемлекет әуе компанияларын жазалауға тырысып жатыр

2320

Бұл "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" жаңа заңның жобасында қарастырылмақ.

Мемлекет әуе компанияларын жазалауға тырысып жатыр Фото: inbusiness.kz

Алғашқы жаза шаралары қабылданып жатқан көрінеді. Мысалы, сырқат жолаушысының дәрігердің қарауына кіруіне кедергі жасағаны үшін "Эйр Астана" "сотталды". Әділдік орнауы үшін тура бір жыл кеткен. Былтырғы қыркүйек айында А. есімді әйел Орал қаласынан Алматыға сапарлайтын рейсіне 2 билет сатып алады. Оның науқас анасы елдің ең ірі мегаполисіндегі дәрігердің медициналық тексеруінен өтуге тиіс болған. Шешесі клиникаға жолсоқты күйде, қажып бармауы үшін баласы сапарды мұқият жоспарлайды. Анасының дұрыстап демалуына уақыты болуы үшін алдын ала баспана жалдап, бір күн бұрынғы рейске билет алады.

Air Astana қызметі тіпті де арзан емес, қос билеті 126 520 теңгеге түскен. Алайда қызметтің қымбаттығы оның сапасын білдірмейді. Әуе тасымалдаушы түрлі себеппен рейсін бірнеше рет кейінге шегерген. Ақыр соңында ұшақ бір тәулікке жуық, 22 сағат кешігіп ұшты. Соның кесірінен А.-ның анасы өмірлік маңызды медициналық тексерістен өте алмай қалған. Пациенттер арасында кең сұранысқа ие медициналық ұйымдарға кейде бір ай бұрын жазылуға тура келеді.

"Эйр Астана" өзіне шағыммен жүгінген жолаушысының нәтижесіз сапарының билетіне жоғалтқан қаражатын өтеуден бас тартады. Мұндай қиянатқа шыдамаған А. сотқа шағымданған. Ол біріншіден, билетке кеткен ақшасын қайтаруды, екіншіден, моральдық зиян үшін өтемақыны талап етеді. Моральдық күйзелісінің құнын талапарыз иесі билеттер құнының екі еселенген сомасына – 253 040 теңгеге бағалады.

Бірінші инстанция істі қарай келе, авиакомпанияның ұшу үшін ақыны қайтаруға тиістігі туралы үкім шығарды. Сонымен тынған. Бұл шешімге қос тараптың да көңілі толмады. Сондықтан А. да, "Эйр Астана" да бірінші инстанция сотының қаулысына қарсы шағым түсірді.  

Әуе тасымалдаушысы өзінің еш айыбы жоқтығына, тиісінше, ешқандай өтемақы төлемеуге тиістігіне табандады. Өйткені қону кезінде ұшақ ұшу-қону жолағына төгілген битумға кіріп кеткен. Салдарынан, әуе көлігінің дөңгелегін жабысқақ тұтқыр сұйық материалдан, битумнан толық тазартуға біраз уақыт кетіп, рейс қатты кешіккен көрінеді. Демек, оқиғаға "Орал қаласының халықаралық әуежайы" ЖШС және оның жалдаған мердігер ұйымы кінәлі.

Алайда бірінші инстанциядағы соттың үкімін қараған сот алқасы әуе компаниясының бұл дәйектемесін қабылдамады.

Сарапшылардың айтуынша, әуе тасымалдаушылары төтенше оқиғаларға лайықты үн қату үшін сол немесе жақын әуежайда резервтік ұшақ ұстауы керек. Немесе басқа авиакомпаниялармен келісіп, ақысын төлеп, өз жолаушыларын солардың ұшағына отырғызып жіберуі шарт. Сол себепті сот алқасы жолаушыларын діттеген жеріне басқа жолдармен жеткізіп тастау үшін "Эйр Астананың" жеткілікті түрде мүмкіндігі болған деген шешімге келді. Соған қарамастан, ол бір тәулікке жуық уақыт бойы тиісті шара қабылдамаған. Ендеше жолаушылары үшін моральдық зиянының орнын толтыруға міндетті.  

Қорытындысында, екінші инстанция үкімді қайта қарап, Air Astana А.-ға сатып алған билеттерінің құнын қайтаруға, сондай-ақ өтемақы ретінде 50 мың теңге төлеуге тиіс деген қаулы қабылдады. Осылайша, ұлттық әуе тасымалдаушысы наразы жолаушылары бастамашы болған кезекті сотта жеңілді және айыпты деп танылды. "Караван" басылымы дәрігеріне қарала алмаған егде жастағы жолаушысынан авиакомпания басшылығының кешірім сұраған-сұрамағаны белгісіз қалғанын жазады.

Авиакомпанияларға  Парламент депутаттары да тісін қайрап жүр. Олар рейстерді кешіктіру сыртында, жолаушыларын ұшақ салонына кіргізбейтін, домбыра үшін қосымша билет сатып алуды талап ететін "жаман әдет" шығарыпты. Қоғамда резонанс тудырған оқиға таяуда болды. 3 қыркүйекте Астанадан Алматы қаласына ұшпақ болған тарихи тұлға, күміс көмей әнші, 95 жасқа келген Бибігүл Төлегенованы "Air Astana" қызметкерлері уақытында бортқа кіргізбей қойған.

Жалпы, қазақстандықтар отандық авиакомпаниялардың бортсеріктері шетінен сіркесі су көтермейтін ашуланшақ болып кеткенін, содан кейде әдептің ала жібін аттап кететінін аңғарған болар? Депутаттар да осыған назар аудартады. Мәселе ушыға бермеуі үшін Мәжіліс таяуда бірінші оқылымда мақұлдаған "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының жобасында әуе тасымалдаушыларын тәртіпке түсіретін баптарды қарастырмақ.

"Әуе компаниясынан зардап көргендердің біреуі менмін. Мысал ретінде басымнан өткен оқиғаны айтайын. Бізде "SCAT" деген авиакомпания бар. Оның рейстері бір, екі, үш сағат кешігеді. Телефон соқсаң, арғы жақтан операторы: "Мен ештеңе шешпеймін, мен білмеймін" дейді. Басқармаң қайда, кіммен сөйлесеміз десек, сіздер олармен сөйлесе алмайсыздар деп қысқа қайырады. Бұл не сұмдық?", – деген мәжілісмен Ринат Зайытов авиакомпаниялардың бірінші басшылардың жауапкершілігін күшейтуге күш салатындарын жеткізді.

Тұтынушылардың құқығын қорғауға жауапты Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев аталған заңда бұл қарастырылатынына сендірді.

"Авиакомпания басшыларын әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Ондай мәселе заң жобасында қарастырылған. Әуе тасымалдау қызметі бұған дейін біздің функционалға кірмеген болатын. Енді біз ол норманы алып тастадық. Қызмет көрсету деген тек коммуналдық шаруашылықта ғана емес, басқа да салаларда болады. Министрлікте комитет бар, оны соның құзыр-функциясы аясында қарастыратын боламыз", – деді министрі Арман Шаққалиев.

Мәжіліс спикері "авиациядан көп зардап шеккен депутат" деп атаған мәжілісмен Бақытжан Базарбек те бұл заңның басты лоббистерінің, қызу жақтаушыларының біріне айналуы мүмкін.

"Жалпы, бұл заң жоба тұтынушылардың құқықтарын қорғайды, оған көп механизмдері бар. Қазақстанда тұтынушылардың құқықтары қорғалмаған, тапталып отырған салалардың бірі – азаматтық авиация. Авиакомпаниялардың бассыздығының, заңсыздығының, былықтарының кесірінен халық шаршады. Мемлекеттің тісі батпай тұр. Билеттерді қайтармайды, рейстерді кейінге қалдырады, ең сорақысы – мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырды. Кезінде лоббистердің күшімен тұтынушыларды қорғау мәселесі бойынша тексерістердің бәрін алып тастады. Лоббистер әлі де күшінде. Олар енді онсыз да көтерілген билеттің құнын тағы көтеруге тырысып жатыр", – дейді Б.Базарбек.

Оның пікірінше, осы заң жобасы аясында әуежай басшыларын да, авиакомпания басшыларын да рейстерді кешіктіргені, кейінге қалдырғаны үшін мүліктік жауапкершілікке тарту тетіктері қарастырылуы керек.

Сауда министрі А.Шаққалиев қолданыстағы заңнамада әзірге ондай тетік жоқ дейді. Пайда болар ма екен?

"Олардың билет үшін ақшаны қайтармауға заңды мүмкіндіктері болды. Қолданыстағы заңда кемшілік бар. Сол кемшілікті біз алып тастап жатырмыз. Осы заң жобасы аясында жауапкершілікке тарта аламыз, бұл мәселеде біздің комитеттің құзыреті кеңейтілді. 100% ақшасы қайтарылмайтын билет (невозвратный) деген ұғымды жоямыз. Енді бұларда ондай мүмкіндік болмайды", – деп нықтады Шаққалиев.

Дегенмен, заң жобасы алда Мәжілісте екінші оқылымда қабылданып, содан соң Сенаттың мақұлдауына ие болуға тиіс. Осы сатыларда авиакомпаниялардың лоббиі жеңсе, министрлік пен депутаттар бүгінде мақтанып қосқан баптардан түк қалмауы ғажап емес.

Бұл жерде авиация саласына жауапты министрліктің азусыздығы байқалады. Сол баяғыдай "жұмыс жүргізілудемен", "қарастырудамызбен" шектелді.

"Рейстердің кешігу, мүлдем бас тартылуы мәселесіне қатысты өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Рейстерді кешіктіргені үшін авиакомпаниялардың ғана емес, енді әуежайлардың да жауапкершілігін қарастырып жатырмыз. Өйткені әуежайлар да дайын болмай қалатын кездері болады. Мүгедектігі бар азаматтарға, балаларға, жүкті әйелдерге қызмет көрсетілмеген жағдайда оларға айыппұл салатын заңнамалық түзетулер пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдарды авиакомпанияның басшылығы мен әуежайлардың басшылығына да салу бойынша түзетулеріміз бар", – деген Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев тиісті заң жобасын әзірлеп, болашақта Мәжіліске әкелуге уәде етті.

Алып келе алар ма екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу