Айман Омарова Алматыда дәрігерлердің кәсіби міндетін дұрыс атқармағандығынан болатын асқынулар мен адам өлімі жиілеп кеткенін айтады. Сондықтан қорғаушы ақ халаттылардан жапа шеккен жәбірленушілермен бірлесе отырып баспасөз маслихатын өткізді.
"Біз қылмыстық кодекстің 317-бабын қалдырып, дәрігерлердің кәсіби қызметін дұрыс орындамауына байланысты тағы бір бап қосуды ұсынамыз. Егер дәрігерлер науқасты қалай емдеуді білмесе, консилиум шақырсын", –деді қорғаушы.
Жиында сөз сөйлеген Айқын Айсәулет Алматы қалалық №4 ауруханасында жамбас ұршығына ота жасатқан. Кейін жағдайы жақсармаған соң, рентгенге түсіпті. Нәтижесінде жамбасында 5 сантиметрлік бұрғы қалып қойғанын білген.
"№4 аурухананың дәрігерлеріне бардым. Олар өзіңнің сүйегің қатты деп шығарып салды. Денемде ота жасауға арналған құралдың бұрғысы қалып қойғанын бас дәрігерден бастап барлығы біледі. Кешірім де сұрамады. Емделем деп барып, ауру тауып қайтты", – дейді жәбірленуші.
Сонымен қатар баспасөз маслихатында Алматы қаласы полиция департаменті басшысы Күдебаевтың ұлының қазасына байланысты тұтқындалып, кейін босатылған қос дәрігер ісі бойынша мәлімдеме жасалды.
"Барлықтарыңыз менің полицияға деген нашар көзқарасымды білесіздер. Соған қарамастан, қарапайым адам құқығын ұмытуға болмайды. Қазір қызу талқыланып жатқан Күдебаев Нұрсұлтанның қайтыс болуына байланысты істе мен дәрігерлерді қолдай алмаймын. Күдебаевтың әкесі құқық қорғау органдарының қызметкері болғанымен, ол қарапайым адам. Ол да дұрыс ем алуы керек еді", – дейді Айман Омарова.
Қорғаушы бұған дейін мемлекет басшысына ашық хат жолдаған Алматы қалалық №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың әйелінің сөздерін жоққа шығарды.
"Күдебаев Германияда қайтыс болды деген ақпарат жазды. Алайда оның жағдайы осы жерде нашарлаған соң, әдейі шетелге жіберген. Тезекбаевтың жары жалған ақпарат таратып мемлекет басшысына ашық хат жазды. Бұл жерде Қасым-Жомарт Тоқаев оларды жауапкершіліктен босатыңдар деген жоқ. Ол барлық жағдайларды анықтаңдар деген болатын. Мен Тезекбаевтың жарының ашық хатында әрбір келтірген мысалы жалған екенін нақты айта аламын", – деді Айман Омарова.
Баспасөз маслихатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Күдебаевтың туысқан ағасы Бахтияр Әбдіраимовтың сөзінше, марқұм 28 шілде күні ауылда квадрациклмен жол көлік оқиғасына түскен. Кейін №7 ауруханаға барған. Ол жерден 30 шілде күні №4 ауруханаға ауыстырылған. Барлық дәлелдемелер көрсетіп тұрғандай жағдайы орташа болған. Яғни, науқас емханаға өз аяғымен кірген.
Кейін Нұрсұлтан Күдебаевтың бұғанасына 2 сағаттан аса ота жасалды. Сол кезде ол комаға түсіп, миына зақым келген. 1 тамыз бен 21 тамыз аралығында марқұм №4 аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан.
"Үш апта қазақстандық дәрігерлердің қарауында болды. Тезекбаевтың жары "ол Германияда қайтыс болды" деп отыр. Ал біз шетелге Нұрсұлтанды ауыр күйде жеткіздік. Сол жерде медицинаның 4 көрсеткіші бойынша бауырымды қарап, аман қалу мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Яғни, Германияда оған ешқандай ота жасалған жоқ. Сондай-ақ ашық хатта "Германияға кетуге қарсы болды, соған қарамастан оны алып кетті" деп жазады. Бізге дәрігерлер "жалғыз үміттерің Германия" деген соң, амалсыздан оны алып кеттік. Ал Тезекбаев қарсы болған жоқ, бізді ұшаққа дейін шығарып салды. Тіпті Германияға жіберуге берген келісімі де бар. Сонымен қатар мемлекет басшысына жазған хатта "науқасты белгісіз клиникаға алып кетті" делінген. Ал шындығында Тезекбаев Нұрсұлтанды қабылдауға келісімін берген Германияның Бавария штатындағы жалғыз клиникаға жатқызылғанын жақсы білді", – деді Нұрсұлтан Күдебаевтың туысқан ағасы Бахтияр Әбдіраимов.
Ал істі жуырда қолына алған Айман Омарова №4 аурухананың бас дәрігері Қанат Тезекбаевтың тергеу барысында жалған куәлік көрсеткенін атап өтті.
"Ол ота барысында көмекші болған жоқ. Тезекбаев сол отаны басқарды. Енді барлығын әдейі шатастыруда. Мен бұл адамның тергеу амалдарына араласпауы үшін оның қамауда болғаны дұрыс деп ойлаймын", – деді қорғаушы.
Құралай Құдайберген