Мемлекет биылғы жазда әрбір әшекей мен зергерлік бұйымды бақылауға алады

3742

Зергерлерді бірер жайт шошынтып отыр.

Мемлекет биылғы жазда әрбір әшекей мен зергерлік бұйымды бақылауға алады Фото: canva.com

Сарапшылардың айтуынша, Еуразиялық одақтың нарығы қазақстандық таңбасы бар жалған зергерлік бұйымдарға толып кетті. Бұл жерде қазақстандық таңбасы (клеймо) да жалған. Бірақ бұл республиканың беделіне дақ түсіреді, өйткені ЕАЭО елдері бір-бірінің сынама таңбаларын өзара тануға уағдаласқан.

Қазақстан зергерлері лигасының президенті Қайсар Жұмағалиевтің айтуынша, республика асылтастарға ұқсас тастар, алтынға ұқсас бұйымдар еркін сатылатын нарыққа айналып кетті. Бұған не себеп?

"Бірінші кезекте, бізде бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымы үшін жаза барынша жұмсақ. Одақ елдерінің ішінде бізде ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылған және құқық бұзушылық заттары тәркіленбейді. Қырғызстанда, Ресейде, Арменияда, Беларусьте негізінен қылмыстық қудалау қолданылады", – деді сарапшы.

Қазақтар қаптаған той-томалағында алтын бұйымдарын таратуға әуес. Сонымен бірге базарлардан оның ең арзанын іздейді. Нарық та осыған бағдарланады. Мысалы, сатушылар түрік пен орыс алтынын үлкен көлемде тасиды, соның ішінде әр жерге тығып, контрабандамен де әкеледі. Олардың сынамасы таңбасына сәйкес келе бермейді.

Сарапшылардың байламы тіксінтеді. Қазақстанда әрбір 10 әшекейдің 9-дан астамы – жалған немесе контрабандалық өнім.

Республикада құнды бұйымдарды шекарадан рәсімдемей алып өту үшін 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) айыппұл көзделген. Бірнеше миллион теңгені алтын заттар сатып алуға жұмсауға ауқаты жететін адам немесе бизнесмен үшін айыппұлды төлей салу қиын да емес.

Қазақстан зергерлері лиғасының мәліметінше, отандық нарықтағы зергерлік бұйымдардың 90%-дан астамы (99 пайыз деген санды да айтып жүр) – контрабандалық, контрафакт өнімдер және олардың сапасы да нашар болуы мүмкін. Айталық, қазақстандықтар арасында кең танымал 585 сынамасы шынында 300-ші немесе 400-ші сынамадағы төмен сапалы зат, тіпті жай ғана алтын жалатылған алюминий өнім болып шығуы мүмкін.

Себебі, айналма жолдармен әкелінген бұйымдар сынамалау процедурасынан өтіп, таңбалана бермейді.

Лиганың дерегінше, сондай-ақ елде астыртын цехтар жұмыс істейді: олар тауарға оның қазақстандық, түркиялық, ресейлік немесе италиялық екенін көрсететін жалған таңба басып береді.

Салдарынан оны сатып алған азаматтар құндылыққа қол жеткізу орнына, қоқыр-соқырмен қалады. Кейбір адам маңдай тер, табан ақымен тапқан жинағына алатын алтын бұйымды ұрпағына табыстауға немесе инвестициялық құрал ретінде сақтауға ынтығады. Ақырында босқа алданады.

Бұл мемлекетке де шаш-етектен шығын әкеледі. Алыпсатарлар әрбір қымбат әшекей үшін салық төлемейді. Сауда орталығындағы немесе жабық базардағы орны үшін ғимарат иесіне төлем төлеумен шектелуі ықтимал.

Олар заңсыз, кейде жалған өнімін арзанға бұлдап, нарықтың адал қатысушыларын шаң қаптырып кетеді. Әр тауарын рәсімдейтін кәсіпкерлер бәсекеде оңбай жеңіліп, жабылудан басқа амалы қалмайды.

"Нарықты жалған бұйымдардан арылту мақсатында" ел Үкіметі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған барлық зергерлік бұйымдарды міндетті цифрлық таңбалауға көшеді.

Бұған дейін мұндай таңбалау 2022 жылғы 1 наурыздан 2023 жылғы 31 қазан аралығында пилоттық жоба ретінде әрі ерікті түрде жүргізілді. Биылғы жаздан бастап, жаппай әрі міндетті форматқа ауысады.  

Аталған талап Қазақстанға сырттан импортталған және Қазақстан аумағында өндірілген бұйымдардың бәріне қатысты.

Нәтижесінде, әрбір әшекейдің таңбасы ол бұйым бөлшек және көтерме саудада жеке қолға сатылғаннан кейін ғана айналымнан шығарылып, мұнысы тиісті реестрде көрсетіледі.  

Цифрлық таңбалаудың және тауарларды қадағалап отыру (прослеживаемость товаров) тетігінің басты мақсаты – Қазақстандағы тауарлардың айналымын мөлдір, айқын ету көрінеді.

"Зергерлік заттар нарығы контрабандалық және контрафакт бұйымдарға толып кеткен қазіргі заманда цифрлық таңбалау – біздің бизнестегі адалдық пен айқындылықты қамтамасыз етудің маңызды құралына айналады. Цифрлық таңбалау жеткізу тізбегінің барлық кезеңдерінде өнімнің қозғалысын қадағалап отыруды жақсартуға мүмкіндік береді. Тұтынушылар өз кезегінде цифрлық таңбасы бар бұйымдардың түпнұсқа, шынайы екеніне сенімді бола алады. Яғни, "сауда сақал сипағанша" деп, сатып алушыларды алдап соғатын алаяқтықты тыяды деп күтілуде. Бұл сондай-ақ біздің саланың орнықты дамуына өріс ашады. Бастысы, тұтынушылардың біздің салаға деген сенімін қайтарып, нығайтады", – деп сендірді Қазақстан зергерлер лигасының басшысы Қайсар Жұмағалиев.

Оның ойынша, нарық ойыншыларының жауапкершілігін де күшейтіп, республикада жалған өнім өткізіп, байып кететін жосықсыз алыпсатарлар үшін қылмыстық жаза енгізген жөн. Тәртіпке түсірер тегеурінді тетік болмаған соң алаяқтар арамдықтан аяқ тартпасы даусыз.  

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өкілдерінің түсіндіруінше, цифрлық таңбалау енгізілгенімен, бизнесмендерге қолында қалған, таңбаланбаған зергерлік бұйымдарын сатып құртуға уақыт беріледі. Тиісінше, олардың саудасы үшін әзірге айыппұл қарастырылмаған.

Бірақ жазасыздық ұзақ жалғаса бермейді. Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне түзетулер енгізетін заң жобасын әзірлеп жатыр. Ол қабылданса, затында тиісті таңбасы жоқ кәсіпкерлерге айыппұл салынады. Талап шағын, орта және ірі бизнеске тегіс қатысты болады.  

Ал оған дейін жыл бойы Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың өкілдері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында зергерлік бұйымдарды таңбалау бойынша оқыту семинарларын өткізеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі кәсіпкерлерге арналған "семинарлар кестесі" тауарларды таңбалаудың ресми сайтында орналасқанын хабарлады. Алайда сайттан кестені табу мүмкін болмады.

Әлеуметтік желіде, форумдарда зергерлік қауымдастықтың бірқатар өкілдері Үкіметтің бұл қадамына наразылығын білдіруде. Бірнеше қарсы дәйектемелерін келтіре кетейік:

  • Таңбаның жалған бұйымға басыла салмасына еш тосқауыл жоқ.
  • Таңбалау зергерлік бұйымдардың қымбаттауына соқтырады.
  • Цифрлық таңбалау және оны қадағалап отыру басыартық бюрократияны тудырып, әкімшілендіруді күрделендіреді, бизнес шығынын арттырады.
  • Бағалы бұйымдарға немесе заттаңбаларына түсірілетін кодтарды оқитын сканерлер отандық, тіпті ресейлік нарықта жоқ. Шетелдік сканерлердің бағасы 1 мың еуроға дейін барады. Мұндай сканер зергерлік бұйым өндірушілердің, соның ішінде шағын шеберханалардың бәріне керек болуы мүмкін.
  • Одақ аясында цифрлық таңбаны жартылай дайын өнімге де (полуфабрикат) түсіру қарастырылуда. Бірақ кез келген зергер кейінгі операциялар (монтаждау, бекіту-закрепка, родий жалату-родирование, галтовка, жылтырату) барысында лазерлік сынама таңбадан түк қалмауы мүмкін екенін біледі.
  • Еркін бәсекелестік шектеліп, сала монополияланғалы тұр.

Зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу ісін қорғап, биліктің спикері болып жүрген Қайсар Жұмағалиев журналистерге сұхбатында бүкіл зергерді өз ұйымына мүше етуден дәмелі екенін жасырмады.

"Біз өзін-өзі реттеуші ұйым құруды жоспарлап отырмыз. Еліміздегі барлық зергер соған мүше болуға (жарна төлеуге) міндеттеледі. Бізді уәкілетті меморгандар қолдады. Яғни, егер бұл ұйымға кірмесең, онда сен өзіңді "зергермін" деп айтуға құқығың болмайды. Бұдан бөлек, уәкілетті орган өзге талаптар белгілейді. Мысалы, алтын өндіруге арналған аппаратың, түрлі таразыларың, микроскопың, видеокамераларың және басқасы болуы міндет. Егер бизнес аталған талаптарды ұстанса ғана, "зергерлік дүкен" деп аталу құқығын ала алады", – деді Қазақстан зергерлері лигасының басшысы.  

Еске салайық, Қазақстанда міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау әзірге небәрі 3 өнім тобына ғана қолданылады: 2020 жылдан бастап – темекі өнімдеріне, 2021 жылдың қарашасынан – аяқ киім өнімдеріне және 2022 жылдың қарашасынан бері – 90 аталымдағы дәрілік затқа қолданылады (2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттар 100% қамтылады). Сарапшылар таңбалау – бұл салалардың ешқайсысында контрабандалық және контрафакт өнімдердің саудасын тоқтата алмағанын айтып жүр.

Онда бұдан кімнің пайда табатыны белгісіз.

Үкімет сүт және сүт өнімдерін де таңбалауды жоспарлаған. Алайда отандық сүт өндірушілер ұйымшылдық танытып, ұжымдық қарсылығы арқылы таңбалаудың қазақстандық өндірушілерге зиян екенін дәлелдеп, оған тоқтау салғыза алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу