Мемлекет бүкіл елді интернеттен ағытып тастауға әзірленіп жатыр

21307

Бұл жерде әңгіме көрші Ресейдің әлемдік ғаламтордан ажырауға қызу дайындалып жатқаны туралы болып отыр.

Мемлекет бүкіл елді интернеттен ағытып тастауға әзірленіп жатыр Фото: svoboda.org

Ақпарат құралдары Ресей әлемдік интернетті ағытып тастауға даярланып жатқанын хабарлады. Көршінің Iguides мамандандырылған порталының мәліметінше, құзырлы органдар апта соңында, тиісті жаттығулар барысында бірнеше қаланы ғаламдық желіден айырып, интернетсіз, байланыссыз қалдырды.

Соның ішінде әсіресе, Дағыстан, Ингушетия, Шешенстан және Солтүстік Кавказ өлкелерінің тұрғындары шетелдік сайттардың қолжетімсіз болып қалғанына жаппай шағымданды.

Сарапшылардың айтуынша, тығырықтан шығу үшін VPN-ді қолданса да, ІР-адресті алмастырса (подмена ip-адреса) да желі қалпына келмеген.

Мұндай проблеманың барын дағыстандық "Эллко" операторы растады. Артынша Роскомнадзор (Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызмет) түсініктеме берді.

"Бұл – жаттығулар. Оның барысында байланыс операторларымен бірге Интернет желісінің ресейлік сегменті сырттан қасақана ағытылып тасталған жағдайда, оны ауыстыратын басты инфрақұрылымның жұмысының тиімділігін, ақауларын анықтадық. Сондай-ақ, ақпараттық жүйелердің орнықтылығы сыналды. Себебі, олардың жұмысқа қабілеттілігі шетелдік байланыс желілерінде орналасқан сервистермен, кітапханалармен және басқа ресурстармен байланысуына тікелей тәуелді", – деп мәлім етті Роскомнадзордың баспасөз қызметі.

Ведомство бұдан былай осындай сынақ-тесттер жиі жүргізілетінін жариялады.

Ресейлік ақпараттық жүйелер – орнықсыз, жергілікті сегмент – ақаулы болып шықса керек. Өйткені ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресейде банктік сервистер, жеткізу қызметтері, ұялы операторлардың сервистері және басқасы жұмыс істеуін доғарды.  

Topnews порталы 6 және 7 желтоқсанда Ресейдің бір бөлігі әлемдік интернеттен ажыратылғанын жазды.

"Коммерсантъ" мәліметінше, пайдаланушылар әсіресе, шетелдік сайттарға кіре алмай қалған. Бұдан бөлек солтүстік көршіде Telegram, WhatsApp және басқа мессенджерлер мен сервистердің жұмысы тоқтаған.

Ресейлік R-line және Ellco телекоммуникациялық компаниялары бұған Роскомнадзордың жаттығуларын айыптады және ведомство Ресейде "интернеттің шетелдік сегментін ағытып тастау сценарийлерін пысықтап жатқанын" жеткізді.

Ресейлік пайдаланушылардың хабарлауынша, бұл ретте үйдегі сымды тіркелген интернет те, сондай-ақ Wi-Fi да, спутниктік интернет те, мобильді желі де жұмыс істемеген, барлығы жаппай бұғатталған көрінеді.

Олай болса, Роскомнадзордың "ресейлік сегменті сырттан қасақана ағытылып тастауына дайындық" дегені шындыққа жанаспайды. Батыс қаласа, талшықты-оптикалық кабельдер арқылы интернет деректерін беруді тоқтатып тастар еді. Бірақ ғарыштық интернетті ресейлік жерсеріктері қамтамасыз етеді. Демек, жаһандық интернеттен РФ-тің өзі бас тартса ғана оқшауланады.

"Эхо Дагестана" ақаулардың 6 желтоқсанда басталғанын жазды. Дәлелі ретінде ресми құжаттың – Ресей банкінің ақпараттық қауіпсіздік департаментінің хабарламасының көшірмесін ұсынды.

Ресейлік басылымдар интернеттен ажыратулар биылғы қазан, қараша айларында да тіркелгенін еске салады.

"Регнум" ақпарат агенттігі бұдан бұрын, 2 желтоқсанда Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларының, Ленинград, Мәскеу, Нижегород облыстарының, Краснодар өлкесінің жұртшылығы интернетсіз қалғанына шағымданғанын қаперге салды. Мұны Downdetector сервисінің деректері қостайды.

Ал, 1 желтоқсанда Ресейде Viber мессенджері жұмысын уақытша доғарды. Бірақ мұның бәрінде РФ Цифрлық даму министрлігі де, Роскомнадзор да қандай да бір жаттығулар жүргізіп жатқанын хабарламаған еді. Енді ғана ресми мойындады.

Сарапшылардың байламынша, бұл оқиғалар РФ билігінің ресейліктерді шетелдік интернеттен оқшаулауға қызу дайындалып жатқанын, бұл жерде барлығының емес, әр өңірдің дайындығы жеке-жеке сыналатынын көрсетті. Topnews сарапшыларға сілтеп, келесі жылы "Егемен интернет туралы" ("О суверенном интернете") федералдық заңды белсенді жүзеге асырылатынын, соның аясында интернеттің шетелдік сегменті ресейліктерге қолжетімсіз болып қалуы мүмкін екенін болжады.

Ресей осы арқылы Қытайдың жолына түсетін түрі бар. ҚХР әлемнің бірде бір елінде жоқ, нағыз "егемен интернет" желісін құрып алды. Алғашында, 1990 жылдардың соңында ол жаһандық интернетпен қатар, параллельді жүріп, эволюциялық жолмен дамыды. Алайда, бүгінде Қытай тұрғындары шетелдік сервистерді, сайттарды, интернет ресурстарды пайдаланбайды. Олардың бәрі қытайлық баламаларымен толық алмастырылды.

Ханзу елінің төл әлеуметтік желілері, ақпараттық, көңіл көтеруші сайттары мен видеохостингтері, онлайн-платформалары мен маркетплейстері, өмірге, жұмысқа, ойын-сауыққа арналған сервистері тегіс бар. Ресей болса, мұның бәрінде дерлік шетелге тәуелді.

IT-сарапшы Артем Баусовтың айтуынша, Ресей әлемдік интернетті жауып тастаса, бұл Қазақстанға да әсер етеді.

"Мысалы, өткен айларда РФ интернетке қолжетімділікті жаппай бұғаттап көргенде, Қазақстанда да шетелдік сайттардың көбі, Google сервистері ашылмай қалды. Тек жергілікті интернет-ресурстар қолжетімді болды. Себебі, жаһандық интернет Қазақстанға Ресей арқылы келеді. Мұндай қатаң тәуелділіктен кету үшін Қазақстан Қытаймен бірлесіп, Каспий түбіне талшықты-оптикалық желі төсеуде. Бірақ бұл жоба біраз қиындықтарға тап болып, дағдаруда деп естідім", – дейді сарапшы.

Мамандар Қазақстанға бұл салада Ресейге тәуелділіктен барынша тезірек құтылуды ұсынады. Өйткені жергілікті сервистер дамымаған жағдайда шетелдік баламаларынан айрылуы халық, бизнес пен мемлекеттің тыныс-тіршілігінің дағдарысына соқтырады.

Мысалы, Ресейдегі әлемдік интернетті ағыту жаттығулары кезінде брондау жүйелері істен шықты, авиа және теміржол билеттерін рәсімдеу, қайта рәсімдеу және билеттерді қайтару мүмкін болмаған. Авиакомпаниялардың барлық сату каналдары тосылып тұрып қалған.

Yandex Cloud инфрақұрылымында, Data орталықтардың қызметінде кең ауқымды бұзылыстар тіркелген.

"Ресей түшкірсе, Қазақстан тұмауратады" дейді заманауи нақыл. Девальвация сияқты Қазақстан дайындықсыз отырып, мұнда да қапы қалмаса болғаны.

Бұдан бұрын журналистер қолына түскен, Роскомнадзордың РФ Орталық банкіне бағытталған ресми хатында айтылғандай, бұл сынақтардың басты мақсаты "ресейлік интернетті автономды жұмыс істеуге қабілетті ету". Онда 2024 жылғы 15 қарашаға дейін тиісті өтініш берген компаниялар ғана жаһандық желіге қолжетімділігін сақтай алатыны нақтыланған.

Ресеймен бірге келесі жылы Қазақстан да әлемнен оқшауланып қалмас па екен? Қазақстанның жауапты тұлғалары нақты жауап бермей тұр.

Сарапшылардың түсіндіруінше, Роскомнадзор интернет-трафикті терең фильтрациялауға (DPI) арналған қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың техникалық құралдарын (ТСПУ) қолдануда. Бұл жабдықтар деректердің маршрутизациясын орталықтандырылған түрде басқаруға, тиісінше, Мәскеу "тыйым салынған" деп санаған ресурстарға ресейліктердің кіруін бұғаттауға мүмкіндік береді.

РФ бұл цензурасын бізге де таңа алатындай мүмкіндікке ие көрінеді.

UserGate техникалық маркетингінің басшысы Иван Чернов Рунетті әлемдік интернеттен толық оқшаулау мүмкіндігі бар екенін, алайда оны жүзеге асыру-асырмау Кремльдегілердің саяси ерік-жігеріне және мұрат-мақсаттарына байланысты болатынын айтты.

"Бүкіл Рунетті, не желінің жекелеген сегменттерін толығымен изоляциялаудың техникалық мүмкіндігі бар. Оның үлгісі де бар. Бірақ барлық мәселе – бұл мемлекетке шынымен керек пе, билік осындай төтенше, шетін шараға бара ма деген сұраққа тіреледі", – деді Чернов.

Мәскеу мұндай шешімді біржақты қабылдай салмай, жақын одақтасы Қазақстанмен ақылдасса жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу