Мемлекет фейк және эротикалық материалдарға әуес БАҚ-тың қара тізімін жасайды

1806

​Жалақорлардың ақпарат агенттіктерімен шексіз дауласуына тосқауыл қойылады. Ал қолданыстағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң түпкілікті ескірді және заман талабына сәйкес келмейді деп танылды.

Мемлекет фейк және эротикалық материалдарға әуес БАҚ-тың қара тізімін жасайды

БАҚ туралы жаңа заң біраз жыл бұрын жазыла бастаған. Бірақ ол жобалардың бәрі шикі болды: қалпымен биліктің цензураны күшейтуіне қызмет етуге бейімделді, ал ақпарат құралдары мен олардың өкілдерін қолдауға бағытталған ешқандай шара, тетікті қарастырмады. Сондықтан диктофон мен микрофон ұстаған қауымның қатаң қарсылығы мен сарабдал сынына ұшырап, ілгерілей алмады.

Бұл іске қаңтар оқиғаларынан кейін серпін берілген. 2022 жылғы 16 наурызда "жаңа Қазақстанға" және "қасіретті қаңтар" сабақтарына арналған жолдауында Қ.Тоқаев жаңа реформаларының жетінші бағыты ретінде "Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайтуды" жариялады.

Тәуелсіз БАҚ болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін еместігі мәлім. Сондықтан Президент мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарауды тапсырды. Қ.Тоқаев басты қағидат ретінде "бәсекеге қабілетті және еркін БАҚ құруды" белгіледі. Сонымен бірге мемлекет "еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты" деген сылтаумен журналистерді бақылаудан да шығарғысы келмейді.

"БАҚ билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтеруге міндетті. Бірақ мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс", – деп нықтады Президент.

Жалпы көрші Ресей "сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істейді" деп жала жауып, қаншама журналистер мен ақпарат құралдарын "иноагент" қылып, түбіне жетті.

Қалай болғанда 2022 жылғы 11 қаңтарда Ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған Асқар Омаров президенттік тапсырманы жүзеге асыруға қызу кірісті. Министрлікте құрылған жұмыс тобы ақырында, жыл ортасынан ауғанда "Бұқаралық коммуникация құралдары туралы" деп аталған заң жобасын ұсынды. Ол құжат та үлкен сынға ұшырап, Парламент түгіл, Үкіметтің қарауына да жетпеді.

Бұл жұмысты былтырғы 2 қыркүйекте Омаровты ауыстырып, сала тізгінін қолына алған Дархан Қыдырәлі жалғастырды. Оның командасы енді "Масс-медиа туралы" заң жобасын әзірлеп отыр.

"Сонау 1999 жылы әзірленген қолданыстағы "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңы ескіріп қалды, ол қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне сәйкес келмейді және масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы талаптарын толық қанағаттандырмайды. Сондықтан сөз бостандығы құқығын нығайтуға бағытталған мемлекеттің кепілдіктері мен жаңа қағидаттарына негізделген, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабының 3-тармағына сәйкес осы құқықтарды шектеу шарттарынан тұратын заң қабылдау қажет", – деп түсіндірді министрлік.

Ведомство жаңа заңда бір жағынан, сөз бостандығын, пікір плюрализмін дамыту, ал екінші жағынан, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, халықтың денсаулығы мен өнегесін қалыптастыруға бағытталған шектеулер арасындағы тепе-теңдікті орнататын принципті жаңа схеманы бекіту ұсынылғанын хабарлады.

Жаңа заң қабылданса, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері өзгереді. Яғни Үкімет БАҚ-тың перспективті және бәсекеге қабілетті жобаларын нысаналы түрде гранттық қаржыландыруға көшпек.

Сондай-ақ саланы қолдау шаралары ретінде субсидиялар бөлу жоспарланып отыр. Соңғысы мысалы, қағаз түрінде шығуын жалғастырған азын-аулақ қазақ газеттеріне аса қажет.

Заң жобасының журналистер зарыға күткен ізгі бір жаңалығы бар: ол ақпарат құралдарына шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығару талабын қою мерзімдерін бекітуді қарастырады. Бұл тетік Қазақстандағы сөз бостандығын дамытуға сүбелі үлес қосар еді.

Әйтпесе, әсіресе, ақпарат агенттіктері мен интернет басылымдардың журналистеріне қиын. Олар жариялаған ақпарат интернетте іс жүзінде шектеусіз мерзім сақталады. Содан материалда есімі айтылған, ісі сыналған шенеунік немесе басқалары бірнеше жыл өткеннен кейін байқап, сотқа беруі мүмкін немесе осы уақытта сарапшының пікірі мен ұстанымы өзгеріп кетіп, ол материалды өшіріп тастауды талап етеді. Ақпарат министрлігі де соңғы жылдары журналистер бірнеше жыл бұрынғы жарияланымдағы деректі шындыққа сәйкес келмейді деп, оны жоққа шығаруды талап ету жағдайы жиілегенін жеткізді.

Дамыған Батыс елдері, мысалы, Ұлыбритания, Бельгия, Австралия, Канада бұған жол бермеу үшін заң жүзінде ескіру мерзімі белгілейді. Бұған қоса, Ыстамбұлдың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының 13.7-ұсынымында мұндай талап-арыздар бойынша 1 жылдық ескіру мерзімі белгіленген. Егер осы уақытта байқап, жоққа шығармаса, онда дауласушы тарап ары қарай не теріске шығаруды, не материалдық, моральдық шығынды өтеуді сұрап, сотқа жүгіне алмайды. қазақстандық жаңа заң жобасында да 1 жылдық мерзім қабылданбақ.

"Теріске шығаруды жариялау және азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне және заңды мәліметтерге нұқсан келтіру туралы талаптарды, егер мұндай мәліметтер бұқаралық ақпарат құралында жарияланған күннен бастап бір жыл мерзім өтпесе, сот қарауы мүмкін", – делінген жобада.

Ал қолданыстағы заңнамада жеке мүліктік емес құқықтарды қорғау істері бойынша ескіру мерзімі жоқ, уақыты шектелмеген. Салдарынан, билік пен байлық өкілдері 10 және одан бұрын жарияланған, өздеріне енді ұнамай тұрған матералдар бойынша сотқа шағымдануы мүмкін. 

Тағы бір қызықты жаңашылдық журналистердің жұмысына кедергі жасауға қатысты. Қылмыстық кодексте "Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау" деген 158-бап бар. Оған сәйкес, егер әлдекім журналисті ақпаратты таратуға не таратудан бас тартуға мәжбүрлесе, аңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасаса, немесе оны осындай мүмкіндіктен толық айыратын жағдай туғызу жолымен заңды кәсіптік қызметіне тосқауыл қойса, онда ол тұлғаға – 100 АЕК (345 000 теңге) айыппұл салынады, не ол 45 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады.

Ақпарат министрлігі осы баптың жазасын жеңілдетпек. Сонда бұл қадам журналистке қалай көмектеспек? Журналистерді қор санай ма, билік өкілдерін соған бола қылмыстық жазалаудан аяй ма, әлде қорғауға БАҚ өкілдерін лайықсыз санай ма, кім білсін, бірақ құқық қорғау органдары дәл осы бап бойынша қозғалған қылмыстық істерді сотқа жеткізбейтін көрінеді. Сондықтан министрлік оны жеңілдетіп, түрмеге қамауды алып тастап, тек айыппұлды қалдырса, онда істер сотқа жетеді деп үміттенеді.

"Бұл құқық бұзушылық әкімшілік санаттан қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауысқалы бері осы норма қолданылмағанын мойындау қажет. Статистикаға сәйкес, соңғы 5 жылда осы бап бойынша сотқа дейінгі тергеудің 9 фактісі ғана тіркелген. Бірақ ешкім жазаланбаған. Демек, оны қайтадан әкімшілік құқық бұзушылық санатына қайтару БАҚ бостандығы кепілдігін дамыту жолындағы елеулі қадам болады, журналистерді қорғаудың тиімді тетігін жасайды", – деп түсіндірді ведомство.

Дегенмен құжатта бұлыңғыр тұстар да бар, ол цензуралық органның қалыптасуына соқтырмағаны жөн.

Атап айтқанда, заң жобасында БАҚ қызметінің мәселелері жөніндегі республикалық және өңірлік қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. "Министрлікпен және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайтын" бұл кеңестер ақпарат құралдары мен журналистердің "жалпыға бірдей қабылданған мінез-құлық пен адамгершілік нормалары негізінде" жұмыс істеуін қадағаламақ. Бұл органның құрамы "БАҚ кәсіби қоғамдастығы өкілдерінен құралады".

Кеңестер келесі функцияларды атқарады деп жоспарланған:

  • Фейктерді, дезинформацияны жүйелі негізде орналастыратын интернет-ресурстардың, бұқаралық ақпарат құралдарының қара тізімін, яғни тізілімін қалыптастырады;
  • ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы, ақпарат құралдарында жалған ақпарат тарату фактілері бойынша өтініштерді қарайды;
  • журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталу жағдайын, журналистердің ақпаратты еркін алуы мен таратуын, БАҚ қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды және олардың қауіпсіздігін бағалай отырып, БАҚ қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтары туралы Ұлттық баяндаманы дайындайды;
  • қолданыстағы заңнаманы өзгерту бойынша ұсыныстар енгізеді.

Дегенмен заң жобасында фейкке, дезинформацияға не жататынына анықтама берілмеген. Ендеше әлдебір адамдардың өз білгенінше түсініп, әлдебір ақпарат құралын немесе журналисті қара тізімге енгізе салмасына не кедергі? Бұл сыбайлас жемқорлықтың жайылуына, мысалы, кеңес мүшелері ақыға немесе басқа сыйға бола, әлдебір тұлғалардың нақты бір БАҚ-тан осы арқылы кек алуына көмектеспес пе?

Құжатта әлгі қара тізімнің не мақсатта қолданылатыны ашып айтылмаған. Ол тізімдегі БАҚ гранттық қаржыландыру мен субсидиядан қағылмас па? Осы және басқа мәселелерді журналистік қауымдастық, сарапшылар министрлікпен бірге пысықтамақ.

Айтқандай, министрліктің өзі эротикалық сипаттағы материалдарды орналастыратын мерзімді баспасөз басылымдарының немесе интернет-ресурстардың тізілімін жүргізетін болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу