Мемлекет қанша қазақстандықтың өзін бай санайтынын анықтады

1942

Қазақстандықтардың тек жартысы ғана өз тіршілігіне қанағаттанады.

Мемлекет қанша қазақстандықтың өзін бай санайтынын анықтады

Бұл төл зерттеуінің қорытындысы бойынша тосын мәлімдеме жасап, көрініп қалуға тырысатын коммерциялық немесе үкіметтік емес ұйымдардың мәліметі емес. Мұны ел үкіметі, атап айтқанда, ұлттық экономика министрлігі анықтап отыр. Бір қызығы, өз өміріне қанағат қылып, "шүкіршілік" ететіндер қалаға қарағанда, ауылда көп екен.

Ведомство "2017 жылдағы Қазақстандағы халықтың тұрмыс сапасына" қатысты зерттеудің қорытындыларын жария етті.

Оған сәйкес, елдегі халықтың 56,5%-ы тұтастай алғанда, өз өміріне және тұрмысына қанағаттанатынын мәлімдеген.

"Бұл ретте қалаларға қарағанда, ауылдық жерлерде қанағаттанатындар көбірек екені анықталды: олардың қатары қалаларда 52,4%-ды, ал ауылдарда 63,5%-ды құрайды. Ерлер, әйелдерге қарағанда өз тұрмысына көбірек қанағаттанушылық білдіреді: тиісінше бұл көрсеткіш 60,3% және 53,8%-ды құрайды", – деп хабарлады ұлттық экономика министрлігі.

Тағы бір айта кетерлігі, ұзаққа созылып кеткен экономикалық дағдарыс пен қаржылық күйзеліс қазақстандықтарды да қаусата бастаса керек. Меморган осыдан екі жыл бұрын жүргізілген осыған ұқсас зерттеумен салыстырғанда, отбасылардың өз тұрмысына қанағаттанушылығы 4,7 пайызға төмендегенін жеткізді: 2015 жылы бұл көрсеткіш 61,2%-ға дейін жеткен.

Халық арасындағы жаппай сұрау нәтижесі көрсеткендей, өздерінің қаржылық жағдайларымен отбасылардың небары 20,4%-ы ғана қанағаттанатын көрінеді.

Бір ғажабы, осы тұста қызықты оғаштық-парадокс анықталып отыр: Қазақстанда "өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың" қанағаттанушылығы, әртүрлі компанияларда, мекемелерде жалдамалы түрде жұмыс жасайтын қызметкерлер мен жұмысшылардан жоғарырақ болып шықты: тиісінше 29,4% және 20,6%-ды құрады. Бір қынжылтарлығы, меморган бұл жайттың астарын және себебін түсіндірмейді.

Зерттеу қорытындысы бойынша халыққа қатысты басқа да деректер белгілі болды. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 47,2%-ы өз денсаулықтарына қанағаттанатындарын, 46,8%-ы тек ішінара қанағаттанатындарын мәлім еткен. Бұл жерде адам жасы ұлғайған сайын денсаулық жағдайына риза азаматтар қатары орташа алғанда үш есеге төмендейді екен.

Қазақстандықтар денсаулық сақтау мекемелеріне – емханалар мен ауруханаларға жүгіну кезінде жиі кезігетін мәселелер қатарында кезектердің көптігін (70,7%-ы осыны көрсеткен), нақты бір тар салаға маманданған дәрігерлердің жетіспеушілігін (43,8%) және дәрігерлердің біліксіздігін, немқұрайлылығын (29,3%) атады.  

Психологтар дағдарыс уақытында жақын адамдарға, туған-туысқа сүйенуге кеңес береді. Басынан талай нәубет өткен Қазақстан халқы бұл дәстүрден жаңылмаған сияқты. Респонденттердің жартысынан астамы, нақтырақ айтқанда, 55,3%-ы туыстары мен таныстарының өзіне моральдық қолдау көрсететініне сенімді екендігін көрсетті. Бұл ретте ерлер мен әйелдер моральдық қолдау көрсетілетініне қатысты бірдей пікірде болған: тиісінше 56,8% және 54,3%.

Өздерінің бос уақыттарының көлеміне азаматтарымыздың 40,4%-ы ғана қанағаттанады екен. Соның ішінде олардың тек 28,3%-ы өздерінің бос уақыттарын спорт немесе дене шынықтырумен айналысуға жұмсауға дайын.

Үкімет зерттеу жүргізушілерден халықтың қандай меммекемелердің қызметіне көңілі толатынын да біліп беруді сұрапты.

"Негізгі мемлекеттік қызметтерді көрсететін ұйымдардың ұсынылған тізбесінен сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым көпшілігі – 63,1%-ы "Халыққа қызмет көрсету орталықтарының" қызмет сапасына көбірек қанағаттанатындарын хабарлағанын атап өтеміз", – деп мәлім етті ұлттық экономика министрлігі.

Отандастарымызды баспанасыздық мәселесі қатты алаңдататыны мәлім. Осы орайда тұрғын үйді алудағы негізгі мәселелер ретінде қазақстандықтар тұрғын үй бағасының қымбаттығын (52,6%), қаражаттың жетіспеушілігін (34,5%) және ипотекалық несиелердің  жоғары пайыздық мөлшерлемелерін (29,4%) көрсетті.

Материалдық қамтамасыз етілу, яғни "ауқаттылық" деңгейі бойынша сұраққа жауап берген респонденттердің 52,1%-ы өздерін "орташа деңгейлі ауқаттыға" жатқызыпты. Қазақстандықтардың 2,6%-ы өз жағдайларының шынымен ауыр екенін ашып айтқан. Сондай-ақ сұралғандардың тек 0,3% өздерін қамтамасыз етілудің жоғары деңгейіне жатқызып, өзінің "бай" екенін хабарлаған.

Бұл ретте табыс деңгейі бойынша азаматтардың 35,2%-ы өзіне қажеттінің барлығын сатып ала алатындарын айтқан. Тағы 31,4%-ы тапқан табысы тек тамаққа және киімге жететінін, ал теледидар, тоңазытқыш және тағы басқа ұзақ пайдаланатын тұрмыстық тауарларды сатып алуға мүмкіндіктері жоқ екендігін жеткізген. 3,8%-ы  қаражаттың тамаққа да жетпейтініне өкініш білдірген.

Ұлттық экономика министрлігінің зерттеушілері Қазақстан халқынан дағдарысқа орай неден бас тартуға тура келгенін де сұраған. Анықтағандары шынында төбе шашты тік тұрғызады: бұл жерде бірінші орынға той-томалақ, қажетсіз ойын-сауық, шектен тыс салтанат бұйымдары шығуға тиіс еді, алайда сұралғандар дәрігерге қаралуды азайтқандарын мәлімдепті.

"Үй шаруашылықтарында кездесетін мұқтаждықтардың түрлері (вопросы по испытываемым видам лишений) туралы сұрақтарға респонденттердің 36%-ы "ақылы дәрігердің қабылдауына төлем жасай алмайтындарын", 31,9%-ы "өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерге қаражаты бола бермейтінін" көрсетті", – дейді ведомство.

Дегенмен, Қазақстан халқы оптимизмін сақтап, келешекке сеніммен қарайтын көрінеді. "Өзінің перспективадағы болашағы" туралы сұраққа азаматтардың 40,2%-ы оң көзқарасын білдірді. 37,7%-ы болашақта жақсаратынын болжайды. Респонденттердің тек 0,3% "тұрмыстары нашарлай түседі" деп ойлайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу