– Салтанат Берденқызы, сіз жасанды ұрықтандыруға барып, артық эмбриондарын тастап кеткен жұптарға үндеу жасадыңыз. Тіпті, тастанды ұрықтар тастанды баламен пара-пар дедіңіз. Бүгінде бұл мәселе шешімін тапты ма?
– Биыл ЭКО-ға 7 мың квота берілді. Олар еліміздегі 19 клиникаға бөлінді, оның ішінде біздің 4 клиникамыз бар... Мен бұл мәселеге емделушілердің жауапкершілікпен қарағанын қалаймын. Сәби сүйгісі келетін жұптар клиникаға келеді, оларға тиісті медициналық көмекті көрсетеміз... Кейін эмбрион салып бергеннен кейін әйелдерде 2-3, кейде 5-6 эмбрион қалуы мүмкін. Эмбрион – аталық және аналық ұрықтың қосындысы. Ол – болашақ бала, оны біз ата-анасының рұқсатынсыз тастай алмаймыз. Сондықтан біз ұрықты криоконсервация әдісі арқылы қатырып сақтап қоямыз. Көп жағдайда науқастардың ұрықты қатыруға да, оның ай сайын сақтау ақысын төлеуге де қаражаты жетпей жатады. Қызмет ақысын кейін төлейміз дейді. Сөйтіп эмбриондарды қатырып қалдырып кететіндер бар. Оларды сақтау үшін Жапониядан арнайы қымбат реактивтер, құрал-жабдықтар алынады. Осыдан соң басқа проблемалар туындайды: лабораторияға артық шаршыметрлер керек, қымбат арнайы ыдыстар сатып алу, штат санын көбейту және тағы басқа. Мысалы, ұрықты сақтау үшін қаншама литр сұйық азот керек, ол үнемі ауаға ұшып кетеді, оның 1 литрі – 2 мың теңге. Ал бізге көп азот керек... Көбінесе эмбриондарды тегін қатырамыз. Сөйтіп шығынға батамыз. Ата-аналар эмбриондарын іздемесе, балалар дүниеге келмесе, оларды қатырғаннан не пайда? Сондықтан осы мәселені көтердім.
Сондай-ақ біз жоғарыда аталған мәселені ескеріп, соңғы уақытта клиникаға келген жұптармен келісімшарт жасайтын болдық. Онда "күйеуміз екеуміз 6 ай эмбриондарды қатыруға ақша төлейміз. 6 айдан соң біз хабарсыз кетсек, эмбрионды утилизацияға жіберуге құқығыңыз бар" деп жазылады. Осылайша, бұл мәселенің алдын алуға тырысып жатырмыз, ал бұрын жиналған эмбриондарды әлі сақтап отырмыз. Осыған қарамастан ұрықтардың иесін іздеп әлекпіз. Мамандарды дайындап телефонмен хабарласып жатырмыз. Біреулердің телефон нөмірі ауысып кеткен, енді бірі ашуланып "басымызды ауыртпаңдар" деп ұрсады, ажырасып кеткендері, баласын дүниеге әкеліп "енді ұрықтың керегі жоқ" дейтіндер бар.
– Кешіріңіз, сонда эмбриондарды қатыру жасанды ұрықтандыру қызметіне толық кірмей ме? Оның құны 886 мың теңге ғой?
– Мемлекеттің квота арқылы ЭКО-ға бөлетін қаржысын орта есеппен 900 мың теңге деп алайық. Оның 50-60% дәрі-дәрмекке, яғни фармфирмаларға кетеді. Оны халық түсінбейді. Дәрігерлер артық ақшаны қалтасына басып жатқан шығар деп ойлайтын шығар. Жоқ. Біз жұптардан ұрықты көбірек алу үшін гормондық дәрілерді шетелден сатып аламыз. Олар Германия, Швейцария,Нидерланды, Франция, АҚШ-та өндіріледі. Бұл дәрілер Қазақстанда өте қымбат, ал Ресейде,
Біріккен Араб Әмірліктерінде де 2 есе арзан, тіпті Түркияда да баға төмен. Қалған 300-400 мың теңгедей ЭКО жасауға жұмсалады. Эмбриондарды қатырып сақтауға мемлекет бөлген қаржы жетпейді. Көптеген емделуші криоконсервация десе төбе шашы тік тұрады. Олар оның үстіне "біз неге айына 2-3 мың теңге (ұрықты сақтау бағасы) төлеуіміз керек, ЭКО тегін ғой" дейді. Сондықтан біз Денсаулық сақтау министрлігіне жасанды ұрықтандыру қызметінің құнын 900 мың теңгеден 1 млн 300 мың теңгеге көтеру керек деген ұсыныс жасадық, яғни квотаға криоконсервация әдісінің бағасын қостық. Алайда бұл тастанды эмбриондар проблемасын толық шешпейді.
– Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай шешуге болады?
– Халықтың медициналық сауатын көтеру керек. Біз квотаның орташа құнын 1 млн 300 мың теңгеге көтеру керегін айттық. Өйткені емделушілер ұрықтарды қатыруға көбінесе ақша төлей алмайды немесе төлегісі келмейді. Бұл міндетті мемлекет өз мойнына алса орынды болады. Бірақ адамдар мұны да түсінбеуі мүмкін. Сондықтан олардың медициналық сауаттылығын арттыру қажет. Мысалы, бізге ЭКО жасатуға келгендер арасында "алдағы жылы тағы квота алып, келе саламыз" дейтіндер бар. Дәрігерлер оларға "эмбрионыңызды қатырып қойдық. 1-2 айдан кейін оны қайта салдырта аласыз" деп кеңес береді. Бірақ кейбір емделушілер "Жоқ, оны салдыртпаймын. Маған жаңа эмбрион керек" деп жауап береді. Демек оның ЭКО-дан түсінігі аз. Егер олар бұрын қатырылған эмбрионды пайдаланса, гормондық дәрілерді салмайды, наркоз қабылдамайды, денсаулығына да артық салмақ түспейді, әрі мемлекет қаржысы да үнемделеді. Осыны ескере келе, дәрігерлер балалы болғысы келетін жұптармен түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр.
– Салтанат Берденқызы, сіз биыл "Аңсаған сәби" бағдарламасы аясында ЭКО-ға 7 мың квота берілді дедіңіз. Арасында кейбір емделушілер квотаны орынсыз пайдалануы мүмкін екенін айттыңыз. Сіздің ойыңызша, мемлекет қаржысы орынсыз пайдаланып жатқан жоқ па?
– "Аңсаған сәби" бағдарламасы атына сай болуы керек. Мысалы, өткенде 42 жастағы әйел квота алып, клиникаға келді. Дәрігерлер тиісті медициналық сараптама жүргізіп, әйелдің жүкті болу нәтижелілігі төмен болатынын анықтады. Олар әйелге "Сізде жүкті болу нәтижесі төмен, егер ұрық шықпаса, донорлық ұрықпен ғана нәтиже болуы мүмкін" деді. Әйел одан бас тартқан. Ол "Мемлекеттің ақшасы ғой, болса болды, болмаса керегі жоқ. Менің 2 балам бар" деген. Осылайша, науқас ЭКО-дан өткен, ұрық шықпаған, нәтиже болмаған. Ол квотаны не үшін алды, оған квота неге берілді? Түсініксіз. Мұндай жағдайда квота
бір перзентке зар болып жүрген, ұрығы жеткілікті әйелге берілгені жақсы еді. Мемлекет қаржысын орынсыз пайдалану осындайда туындайды. Мысалы, Израильде бір отбасыда 2 бала туғанша тегін ЭКО жасалады, ал Қазақстанда
3-4, кейде 5-6 баласы бар әйелдер квота алғысы келеді. Баласы жоқ жұптар қаншама, оларға квота жетпей жатыр.
– Сіз бұл проблемаларды Денсаулық сақтау министрлігіне айттыңыз ба?
– Иә, біріншіден, менің ойымша, квота бір перзентке зар болып жүргендерге және екінші баласын дүниеге әкеле алмай жүрген отбасыларға берілуі керек. Мемлекет берген қаражат шектеулі. Егер біз жоғарыда айтылған адамдарға квота берсек, бағдарламаның нәтижесі төмен болады. Мысалы, 25-35 жастағы некедегі жұптар бар, 7-15 жыл бедеулігі бар, бір баласы жоқ. Олардан донорлық ұрықсыз-ақ оң нәтиже алуға болады. Екіншіден, жергілікті комиссия ЭКО-ға квота алатындарды іріктеген кезде жоғарыдағы жағдайларды ескеруі керек. Өйткені мемлекеттен ақша бөлінген кезде ол тиімді пайдалануы шарт. Әйтпесе, мемлекет қаржысы босқа жұмсалуы мүмкін. Үшіншіден, квотамен келген емделушінің артық эмбриондары болса, оны толық салдырмайынша, протокол толық аяқталмады деп есептелуі керек, яғни алдағы жылы оған квота берілмеуі қажет. Себебі, бір науқасқа квота қайта-қайта орынсыз берілсе, бір балаға зар болып жүргендер көмексіз қалуы мүмкін. Осы мәселеге министрліктің назар аударуын сұраймыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Дәурен Ерболат