Мемлекет қазақтар геномына қатысты ауқымды зерттеуді күрт тоқтатты

5309

Қазақ геніне қатысты құпия ғылыми мәліметтер тарап кетуі мүмкін деген қауіп бар, деп жазады Inbusiness.kz

Мемлекет қазақтар геномына қатысты ауқымды зерттеуді күрт тоқтатты

Бірқатар этнограф ғалымдар: "Әлемдегі ең қаны таза ұлт – қазақ" деп мәлімдеме жасап жүр. Дегенмен, "ең таза қан" кімнен, қай қазақтан алынып, зерттелгенін және мұның нені білдіретінін айтпайды.

Қазақстандық және ресейлік ғалымдар қазақтардың басым бөлігіне тән Y-хромосомды G1 гаплогруппасына егжей-тегжейлі зерттеу жүргізген екен. Авторлар өз тұжырымдарын "1000 геном" (1000 Genomes Project) жобасымен салыстырған. Зерттеу қорытындылары ағылшын тілді PLОS ONE журналында жарияланды. Халықаралық ғалымдар тобы Y-хромосомасын толық секвенирлеу негізінде осы гаплогруппаның "филогенетикалық ағашын" қалпына келтірді. Нәтижесінде, бұл ағашта әртүрлі өңірлерге тән 5 бұтақ бөлініп шыққан. Бұл тектен тарайтын адамдар қазір Қазақстанды, Батыс Үндістанды, Моңғолияны, Түркия мен Арменияны және Башқұртстанды мекен ететіні белгілі болды.

Сондай-ақ қазақтарда G1 гаплогруппасы негізінен арғын руына тән екені: осы ру өкілдерінің 90%-ы соған жататыны мәлім болды. Армяндарда бұл тек "амшен" руынан табылған. Ал башқұрттарда осы гаплогруппаның барлық өкілдері "қаңлы" руынан болып шықты.

Ғалымдар тобына басшылық еткен ресейлік генетик ғалым, биология ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым академиясының Геномдық география зертханасының басшысы Олег Балановский бір қызық жайтқа назар аудартты.

"Гаплогруппасы ұқсас болғанымен, бұлардың бәрі бір тектен тарады деген сөз емес. Мысалы, армян мен башқұрт топтары ортақ бір ата-бабадан тарайтыны байқалады. Сонымен бірге, қазақ тобы – басқаларға мүлдем тәуелсіз желіден тараған. Бұл тармақ әсіресе, Қазақстандағы ең ірі ру – арғындарға тән, солардың генеалогиясымен дәлме-дәл келеді. Бізді таңғалдырғаны сол, қазақтардың Y-хромосомын секвенизациялауға негізделген филогенетикалық ағаш қазақтардың өздерінің генеалогиялық шежіресімен нақты сәйкес келді", – дейді Олег Павлович.

Ол өз тұжырымын нақтылап: "Қазақтардың ішінде G1 гаплогруппасы басым ең үлкен ру – арғындар аңыз бойынша Арғын деген жалғыз бабадан тараған. Бірақ Арғын есімді адамның қайда және қашан өмір сүргені туралы тарихи деректер жоқ. Дегенмен, бірқатар дерек бойынша Арғынның шөбересі, яғни "Ақжол би" аталған Дайырқожаның бәйбішесінен туған баласы Қарақожа – өмірде болған тарихи тұлға. Әртүрлі дерек көздеріне сәйкес, ол Алтын орданың ханы Тоқтамыштың Әмір Темірге 1405 жылы жіберген бас елшісі болған. Арғындардың көбі өздерін Қарақожа бабаның тұқымы санайды. Арғындардың шағын бір бөлігі Дайырқожаның тоқалынан туған Сүйіндіктен тарайтынын айтады, бұлар – Тоқал-арғын деген атаумен белгілі. Ғылыми зерттеу осы шежірені растайды. Қарақожадан тарайтын арғындар, яғни 1-ші қазақтан 6-шы қазақ тармағына дейінгі адамдар біртұтас субкластерді, ал 7, 8, 9-шы қазақтар – бөлек субкластерді түзеді. Ол адамдар Сүйіндіктің шөбересі Ерменнен тараған", – дейді.

Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, Ақжолдан Қарақожаға берілу кезінде Y-хромосома сол күйде сақталған.

"Ал Ақжолдан Сүйіндікке және ары қарай Ерменге берілу кезінде екі мутация жүрген: 23081087 (C−>T) жағдайында цитозин тиминге ауысқан, 23526483 (A−>G,) жағдайында аденин гуанинге өзгерген. Осылайша, ғалымдар дәлелдеп отырғандай, тарихи дерек көздер мен аңыздардан белгілі қазақтың бір бабасы шын мәнінде, арғын қазақтардың қазіргі еркектерінің биологиялық ата-бабасы болып табылады", – делінген зерттеуде.

Ғалымдардың бұл тобы қазіргі қазақтардың қалыптасуын 1355 жылдан бастап отыр.

Қазақстандық ғалымдар шетелдік әріптестерімен бірлесіп, қазақ ұлтының түп-төркінін ары қарай тереңірек зерттемек болған. Бұл үшін халықаралық тәжірибе мен жобаға сәйкес, қазақ этносының 1000 адамының толық геномын секвенирлеу қолға алынбақ болды.

Бұл жоба тіпті "Қазақстан Республикасында дербестендірілген және превентивті медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасына" енгізіліп, соның аясында қаржыландыру жоспарланды. Алайда Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия 2021 жылғы 17 мамырдағы отырысында бұл зерттеуді тоқтату туралы шешім қабылдапты.Неге?

Денсаулық сақтау министрлігі ғылыми-техникалық бағдарламадан 2.1-ші кіші міндетті және 4-міндетті алып тастау ұйғарылғанын мәлімдеді.

"Себебі қазақтардың геномы бойынша ғылыми деректердің тарап кету қаупі бар. Бұл Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне нұсқан келтіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Осы мақсатта қазақ этносының 1000 өкілінің толық геномына секвенирлеу жүргізу және қазақтың референстік геномын анықтау бойынша 2.1-ші кіші міндеттеме қысқартылды. Бұған қоса, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік қаупіне байланысты биомедициналық деректердің интеллектуалдық талдауының кешенді жүйесін әзірлеу бойынша 4-міндет қысқартылды", – деп қысқаша түсініктеме берді денсаулық сақтау ведомствосы.

Жалпы, аталған бағдарлама былтыр басталуға тиіс еді. Тиісінше, 5 миллиард 143,8 млн теңге бөлінген. Бұған пандемия кедергі келтірді.

"Республикалық бюджеттің шеңберінде бағдарлама бойынша 2021 жылғы шығыстардың жалпы сомасы 4 млрд 061 млн теңге, 2022 жылға – 981 млн 761 мың теңге көзделген. 2023 жылға арналған шығыстар (болжамды қажеттілік 946 млн 281,7 мың теңге) келесі жылы 2022–2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде жоспарланады. Бағдарлама бойынша шығыстарды 2021 жылы ұлғайту – бағдарламаны орындаушының бюджеттен тыс қаражаты шеңберінде (473 млн 261 мың теңге сомасында) және 2022–2024 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде (2022 жылға шамамен қосымша қажеттілік 1 млрд 447,8 млн теңге және 2023 жылға – 946 млн 281,7 мың теңге) жоспарланады", – делінген "2020–2022 жылдарға арналған конкурстық рәсімдерден тыс бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру туралы" ел Үкіметінің 2020 жылғы 5 тамыздағы қаулысына өзгерістер енгізетін жаңа қаулы жобасында.

Жалпы, қазақ генетикасын терең зерттеу бағытынан айырылған "ҚР дербестендірілген және превентивті медицинаны енгізудің ұлттық бағдарламасы" генетикалық факторларды ескере отырып, эпидемиологиялық, экономикалық, нормативтік құралдарды және дербестендірілген терапияны қолдануды қарастырады.

Бағдарлама, ДСМ мәліметінше, "профилактика және дербестендірілген терапия жөніндегі бағдарламаларды, антиденелердің таралушылығын, вирус пен адамның аурудың сезімталдығына, ауырлығы мен ағымына және терапияның тиімділігіне әсер ететін генетикалық ерекшеліктерін ескере отырып, COVID-19-бен күрес жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуге және енгізуге, ағзалар мен жүйелердің жоғалған функцияларын қалпына келтіру және алмастыру терапиясы үшін дербестендірілген жасушалық трансплантатты клиникалық тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді".

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу